Accessibility links

Референдум өткізуге қарсы болған журналиске сот үкімі шықты


«Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияров. Алматы, 14 желтоқсан 2009 жыл.

«Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияров. Алматы, 14 желтоқсан 2009 жыл.

Орал қалалық әкімшілік соты президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсылық білдіргендердің бірі, «Уральская неделя» газетінің журналисі Лұқпан Ахмедияровқа қатысты үкім шығарды.


Сот бүгін Лұқпан Ахмедияровқа қатысты «бес тәулікке қамалсын» деген үкім кесті. Бұл туралы Азаттық радиосына сот процесіне қатысып шыққан блогер Дмитрий Щелоков хабарлады. Блогердің айтуынша, прокурор 10 тәулікке қамауды талап етіпті. Лұқпан Ахмедияров бұл жазаға қоса 100 АҚШ долларына жуық айыппұл төлеуі керек.

Естеріңізге сала кетейік, қаңтардың 6-сы күні Оралда бір топ адам (араларында «Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияров, «Надежда» газетінің тілшісі Санат Орыналиев бар) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізуге қарсылық білдіріп, алаңға шыққан еді. Оларды полиция ұстап әкеткен.

Жұма, қаңтардың 7-сі күні Орал қалалық әкімшілік соты ұсталған алты адамның үстінен әкімшілік сот бастаған еді. Жауапқа тартылған алты адамның төртеуіне, атап айтқанда, Талғат Омаровқа, Тұрар Төлегеновке, Анаргүл Әбеноваға және Мақсат Айсауытовқа қоғамдық тәртіпті бұзды деген айыппен 10-нан 15 айлық есептік көрсеткішке (100-150 АҚШ доллары) дейін айыппұл салған.

Санат Орыналиев полицияға қарсылық көрсетті деген айып бойынша бес тәулікке қамалып, 10 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтін болған.

Ал президент Назарбаевтың өкілетін ұзарту туралы референдум өткізу бастамасын көтерген топтың 4 миллионнан астам адамның қолын жинағанын топ жетекшісі Ерлан Сыдықов қаңтардың 10-ы күнгі баспасөз мәслихатында хабарлады.

Қаңтардың 10-ы күні ҚазТАГ агенттігіне берген сұқбатында Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев: «Президент сайлауға дайын. Бірақ егер парламент ветоны еңсеретін болса, президент референдум өткізуге де әзір. Ол әзірге сайлауға қатысам деген ниетте. Маған бұл туралы өзі айтты», – деп мәлімдеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG