Accessibility links

Азиадада туған ой


7-ші қысқы Азия ойындарының эмблемасы.
7-ші қысқы Азия ойындарының эмблемасы.

Дегенмен, жақсысын асырып, жаманын жасырып тұратын да, «дос жылатып» шындықты бетке басатын да кездері болады ғой...

Мені дұрыс түсінетіндеріңізге сенімдімін...

Кезінде алаш арыстарымыз ұлттық мемлекетіміздің іргесін қалаған...

Керек болса, екі деңгейінде де – макро және микро, яғни өркениеттік (цивилизациялық) һәм ұлыстық (ұлттық) деңгейлерінде: Тұрар мен Мұстафалар – Түркістан атты жалпытүрік федерация типтес мемлекеттер бірлестігін, Әлекеңдер – Қазақ республикасының...

Қазақ республикамыздың астанасы (ресми түрде!) Орынборда болды, Түркістанның ресми астанасы Ташкенде орналасты.

Екеуін де қазақ бастаған, қазақ басқарған... Ол кезде Орынбор да, Ташкент те (Бөкей Орда, Астрахан, қазіргі Қарақалпақстан да, тағы тағылар) біздің ажырамас құрамдас бөлігіміз, шекарамыздың ішінде болған...

Тарихшылар біледі, Ресейден бұрын коммунизм идеясы ресми түрде билікке жеткен жері – осы Түркістан... Ия-ия, Ресейдегі төңкерісшілер бізден кейін билікке жеткен...

Түркістан Ресейден кем болмаған, құрамына бүгінгі бес ортаазиялық мемлекеттермен бірге қазіргі Шынжан, Шығыс Түркістан кірген. Жалпы тағы тарихтан белгілі, ежелден келе жатқан тек қана бір Ұлы Түркістан бар еді... Олар сол ұлы дәстүрді жалғастырған... Тек біздер бөлшектенгеннен кейін олар «Шығыс» болып қалды және де тек қана осы мерзімнен бастап олар (бірнеше мыңжылдық тарихында алғашқы рет!) Қытайға бағынышты болып қалды... Ия-ия, ғасырлар бойы өмірінде ханцуларға мүлде бағынбаған тәуелсіз мемлекет болған... Кейін Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық соғысын да қазақтар – Оспан батыр бабамыз басқарған...

Және де Түркістан (үлкен, Ұлы Түркістан, бір Түркістанды айтып отырмын) әрқашан Түркиямен тығыз туысқандық байланыста, қарым-қатынаста болған... Бізді ойлап, біз үшін Ататүрк Ленинмен де пікірлес, ниеттес болған...

Әзірбайжан мен Ресейдегі оннан астам түріктектес бауыр елдер де бізбен тығыз байланыста болып, тіпті Түркістанға қосылу мәселесін ашық түрде күн тәртіптеріне кіргізіп, мықтап қолдарына алған еді...

Тек ойлап көріңіздерші, сол жоғарыда айтып кеткен кең Түркістанға бүгінгі Әзірбайжан, Татарстан, Башқұртстан, Шувашстан, Тува, Алтай, Хакас, Якут-Сақа республикалары, Сібір татарлары, Қырым татарлары, Кавказдағы қарашай мен балқар, құмық пен ноғайлар – бәрі-бәрі бізге қосылған жағдайда біздер бүгін қандай хәлде болар едік...

Бұны Ресей білмеді емес, білді. Өте жақсы білді.

«Тар жол, тайғақ кешуде» Сәкен 1918 жылы таратылған жарнама үгіттен бір үзінді келтіреді:

«Барлық Руссия мұсылмандары!

Еділ өлкесіндегі және Қырымдағы татарлар!

Сібір мен Түркістандағы қазақ-қырғыз, сарттар!

Кавказ алабындағы түрік татарлары!

Зұлым патша тарапынан жасалып, онан тайған Керенский тарапынан қолданылған Стамбулды тартып алу турасындағы жасырын жасалған қағаздарды біз жыртып жоқ қылдық. Соны жариялаймыз.

Руссия республикасы және оның үкіметі болған Халық комиссарлар советі шеттен жер алуға қарсы. Басы Стамбул – мұсылмандардікі... Түркияны бөлу қақындағы қағаздардың да жыртылғанын жария етеміз.

Мемлекетке өздеріңіз ие болыңыздар.

Ұлт істерін қарайтын халық комиссары Джугашвили Сталин.

Халық комиссарларының кеңес төрағасы В.Ульянов-Ленин».

Осыдан-ақ көп нәрсе көрініп тұр. Басында алдап, кейін жаулап алу саясаты.

Сондықтан Ресей басшылары, ең бірінші, түрік дүниесін өзіне қаратқысы келді. Сондықтан «Түркістан әскери аумағы» құрылды, сондықтан қазақ жаппай қырылды, сондықтан жеріміз едәуір тарылды.

Осының салдарынан – бүгінгі дүбара хәліміз, мәңгүрттенген кейпіміз.

Қазақстанда өтіп жатқан Азиаданы бір шолып өтсеңіз – жетеді, ұлттық «Хабар» телеарнамызды бір ашсаңыз – айдан анық... Әсіресе, екі – орыс пен қазақ – спорт комментаторының бір-бірімен жарысып, бір-бірінің сөздерін бөліп, бір ойынды, бір әрекетті екеуінің өзара жарыса-таласа әңгімелегендерін тыңдағанда өзің де әрең жынданып кетуге таяу тұрып, жағаңды ұстайсың.

Қазағы жоқтың қасы, тіпті сырт елдерден жалданған бөгделерге толы құрама командаларды көргенде не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.

Қазағымның сиқы осы болса, бізді қазақ атасын, қазақстандық атасын – не айырмасы бар... Тіпті, қасиетті қазақ сөзіне тиіспей, мүлде бөлек басқа бір лақаппен атасын! Қазағым жоқ болса, атымен жойылса, оның не айырмасы бар?

Бұл жолмен, осы бағытпен кете берсек, нақ біздің болашағымыз жоғарыдағы суреттегідей болары анық... Қазақты тек киген шапаннан танитын заман жақындаған сияқты, ағайын...
XS
SM
MD
LG