Accessibility links

Қырғызстандық арзан көлікке сұраныс артты


Алматы көшесіндегі автокөліктер. 12 қыркүйек 2010 жыл.

Алматы көшесіндегі автокөліктер. 12 қыркүйек 2010 жыл.

Кеден Одағының шетелдік көліктерге салатын баж салығынан қашқан қазақстандықтар Қырғызстаннан сенімхат арқылы көлік айдап әкелуді жөн көре бастады.

Қазақстан Кеден Одағына мүше болған соң сырттан кіретін көліктердің баж салығы қымбаттап, қазақстандық автокөлік сатып алушылардың бір бөлігі көршілес Қырғызстанға лап қойғаны белгілі. Сондай қазақстандықтардың бірі, Алматы облысы Талғар ауданы Нұра аулының тұрғыны Данияр осыдан екі ай бұрын ескі Volkswagen Passat автокөлігін сатып, Қырғызстаннан 2003 жылы өндірілген Honda Оdyssey алыпты. Жаңадан алған көлігі Қазақстанда шамамен 11-12 мың АҚШ доллары тұрады. Ал Қырғызстанда мұндай көліктер екі есе арзанға тиеді.

Бірақ мұндай жолмен ақша үнемдесе де, Данияр Қазақстанда қырғыз нөмірлі көлікпен жүрудің машақаты көбейіп бара жатқанын айтады.

«ҚЫЗЫЛ НӨМІРДЕН» ҚАШУ

– Бізде жол полициясы қырғыз нөмірлі көлікті көрсе, әкелерін көргендей қуанып, алдыңнан жүгіріп шығып тоқтатады. Екі айдың ішінде мезі болып кеттім. Содан кейін осы жолы ініме осында істеп жүрген қырғыз азаматтары арқылы біреулермен келісіп, Қырғызстанның «сары нөмірін» алып бердім, - дейді ол.

Даниярдың «сары нөмір» деп отырғаны халықаралық компанияларға тиесілі көлікті тіркеу белгісі. Ал қырғызстандық жекеменшік көліктерде мемлекеттік қызыл түсті ту бедерленген нөмір орнатылады. Мұндай нөмірлер көк түсті жергілікті тіркеу белгілерінен өзгеше көрініп, бірден көзге түседі.

Даниярдың қырғыз нөмірлі көлігі. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл

Даниярдың қырғыз нөмірлі көлігі. Алматы, 9 қыркүйек 2013 жыл

Данияр Қырғызстан Кеден Одағына кірсе, бұл елдегі көлік бағасы екі есе арзандай түседі деп ойлайды. Ол әзірше қызрғызстандық көлікті қандай жолмен әкеліп жүргенін Азаттық тілшісіне баяндап берді.

– Көліктің бұрынғы иесінің атынан сенімхат аламыз. Ал ол көлікті «Қордай» бекетінен өткізіп береді. Кейін үш айда бір барып, кедендік декларацияны толтыртып отырамыз, – дейді Данияр.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚЫЗУ КӨЛІК САУДАСЫ

Қырғызстан ұлттық статистика агенттігінің мәліметіне сүйеніп Азаттықтың Қырғыз қызметі келтірген деректер бойынша жаңа жеңіл көліктердің орташа бағасы 2013 жылғы маусым айында мамыр айымен салыстырғанда 27,7 пайызға, яғни 5 мың долларға арзандаған. Мәселен, мамыр айында 18 мың долларға бағаланған көліктер бір айдан кейін 13 мыңға дейін арзандаған.

Бірақ қазақстандық сатып алушылардың көбеюі Қырғызстандағы көлік бағасының өсуіне ықпал еткенге ұқсайды.

– Менің көлігім сияқты машиналар осыдан екі ай бұрын 5 мың доллар болса, қазір 5500-5700 аралығында тұр, – дейді Данияр.

Азаттық радиосы Қырғыз қызметінің мәліметі бойынша, шетелдік көліктерді Қырғызстанда тіркетіп, сол арқылы сенімхатпен Қазақстанға кіргізетін жеке кәсіпкерлер көбейген. Бішкекте көлік сатумен айналысатын жергілікті кәсіпкер Азаттыққа “Қазақстанға аптасына 3 мың жеңіл көлік асырылады” деген мәлімет келтірген.

Қазақстан кеден брокерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков. Алматы, 25 қараша 2010 жыл.

Қазақстан кеден брокерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков. Алматы, 25 қараша 2010 жыл.

Бірақ Қазақстан кеден брокерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Геннадий Шестаков бұл мәліметті жоққа шығарады.

– Қырғызстаннан Қазақстанға жөнелтілетін көлік саны бұдан 10 есе аз болуы мүмкін. Қырғызстаннан алып келсе де, баж төлемдері, салықтар толық төленеді. Қазақстандық көлік тасушылардың автомобильдерді алдымен Қырғызстанға алып келіп, барлық кедендік салықтарды төлеп, одан кейін Қазақстанға өткізуі ақылға қонбайды. Қазір қазақстандықтар қырғыз көлігін жергілікті адамдардың атына рәсімдеп алып кетеді, кейін Кеден Одағына кіргеннен кейін алдап кетпесе, өз аттарына оңай аударып алуы мүмкін, – деді ол.

Азаттық тілшісі ресми деректерді білу мақсатымен Қазақстанның шекара қызметі мен кедендік бақылау агенттігіне хабарласқан еді. Бірақ аталған орган өкілдері Қазақстанға әкелінген Қырғызстан көліктеріне қатысты нақты статистикалық мәліметтің жоқтығын айтты.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG