Accessibility links

Эстондар туралы әзіл байқауы жарияланды


Эстония президенті Тоомас Хендрик Илвес (оң жақта) халықтық музыка фестивалінде. (Көрнекі сурет)

Эстония президенті Тоомас Хендрик Илвес (оң жақта) халықтық музыка фестивалінде. (Көрнекі сурет)

Таллинде шығатын басылым эстондар туралы ең күлкілі әзілге байқауға жариялады. Мұндағы мақсаттары – ұлттың өзі туралы әзіл-қалжыңды қаншалық көтере алатынын байқау, сөз бостандығындағы әзілдің шет-шегін анықтау.

Соңғы кездері Еуропада болған жантүршіктірерлік оқиғалар дін және саясат тақырыбына пікір білдіру еркіндігінің шегі туралы пікірталасқа түрткі болған. Осы пікірталастың жалғасы ретінде эстониялық газет эстондар туралы ең ұтымды әзілдерге халықаралық байқау жариялады.

Eesti Ekspress апталық басылымы өзінің Facebook-тегі парақшасында «Қолыңнан келсе, бізді әжуа қыл» деп ұран тастап, Эстония мен эстондар туралы ең ұтқыр карикатура мен анекдотқа байқау жариялады. Жеңімпаздар Эстонияны аралап қайтуға тегін жолдама алады.

Газеттің бас редакторы Эллар Танклер Азаттық радиосына берген сұхбатында бұл байқаудың неден басталғанын түсіндірді. Биылғы қаңтарда француздың Charlie Hebdo сатиралық басылымына терроршылар шабуыл жасап, 12 адамды өлтіріп кеткені белгілі. Қаза тапқандардың бесеуі – саяси тақырыптарға әзіл суреттер салатын карикатурашылар. Сол қайғылы оқиғадан бері газет журналистері баспасөз бостандығының шет-шегі туралы көп пікір таластыратын болыпты.

«САУАТТЫ ӘЗІЛ» ҚАНДАЙ ӘЗІЛ?

– Біз тек басқаларды әжуалауға келгенде ғана сөз бостандығы туралы айтамыз. Өзімізді келемеж қылып жатқанда, мұны байсалды қабылдап, тіпті жұртпен бірге күлуге шамамыз жете ме? Біз де өзіміз туралы әзілге төзімділігімізді сынап көргіміз келді, - дейді Танклер.

Эстон басылымы Facebook-тегі парақшасында жазған хабарландыруында «Өзгені ашуландыратын әзіл айтуға бола ма? «Саяси тұрғыдан сауатты, әлеуметтік тұрғыдан жалпыға ортақ әзіл қандай болуы керек? Бұл байқау юмордың рөлі мен шет-шегі туралы пікірталасты өрбіту мақсатында жарияланып отыр» деп ой тастайды.

Газеттің бұл бастамасына финдар мен эстондар жаппай наразылық білдірген. Бұл іске тіпті Эстония президенті Тоомас Хендрик Илвестің өзі араласқан

Эстониядағы алғашқы тәуелсіз басылым Eesti Ekspress газетінің редакциясы «байқаудың түпкі мақсаты – барлығымыздың толеранттылығымызды арттыру» дейді.

Журналистердің мұндай бастама көтеруіне көршілес Финляндияда шығатын Helsinkin Sanomat атты күнделікті газеттің биылғы наурызда жасаған тосын ұсынысы да түрткі болған. Финн газеті оқырмандарынан эстондарға қатысты өздері білетін теңеулер мен атауларды жіберуді сұрайды. Ал ол атаулардың көбі эстондарды келемеждейтін сөздер болып шыққан.

Газеттің бұл бастамасына финдар мен эстондар жаппай наразылық білдірген. Бұл іске тіпті Эстония президенті Тоомас Хендрик Илвестің өзі араласқан.

Артынша Helsinkin Sanomat газеті халықтан кешірім сұрап, жариялаған байқауды жауып тастады.

Осы оқиғаның өзі «юмордың шегі қандай және ол шекті кім белгілейді?» деген заңды сұрақ тудырды дейді Танклер.

«БАЙҚАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫП ЖҮРІП ӨЗІМІЗ РЕНЖІП ҚАЛМАСАҚ»

- Эстон халқының көпшілігі «біз туралы өзгелер не ойлайды?» деп қатты қобалжиды. Мұның бір себебі – біздің шағын мемлекет болғанымыздан шығар, - дейді Танклер.

- Біздің халық Эстонияға қатысты ең зілсіз, астарсыз қалжыңдардың өзін көтере алмайтын болып шықса, онда бұл бізді құлазытатыны анық, - дейді газет редакторы.

Көршілердің көбі эстондарды «қалжың түсінбейтін ұлт» деп санайды

Байқауға қатысты материалдар мамырдың 29-ына дейін қабылданады, ең үздік дегендері маусымның 3-інде газеттің интернеттегі сайтында жарияланады.

Оқырмандар өздеріне ең ұнаған әзіл мен карикатураға дауыс бергеннен соң, 12 маусымда екі жеңімпаз анықталады.

- Байқауды ұйымдастырып жүріп, ондағы әзіл-қалжыңға өзіміз ренжіп қалмасақ жарар еді. Себебі, көршілердің көбі эстондарды «қалжың түсінбейтін ұлт» деп санайды, - дейді Танклер.

Егер Балтық бойындағы эстон халқы туралы, Эстония мемлекеті туралы қызықты анекдот, күлкілі карикатураңыз болса, мамырдың 29-ына дейін Eesti Ekspress басылымының электронды поштасына жөнелтуіңізге болады.

(Пит Баумгартнердің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.)

XS
SM
MD
LG