Accessibility links

Малайзиядағы қазақ студенттері


Малайзияда оқып жүрген қазақ студенттері. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

Малайзияда оқып жүрген қазақ студенттері. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

Малайзияда Қазақстаннан барған 1500-дей жас оқып жүр. Азаттық тілшісімен сөйлескен студенттер ол елде оқудың ерекшеліктері жайлы әңгімеледі.

Алматылық 23 жастағы Рамазан Бақтиярұлының Малайзия ұлттық университетінде құрылыс инженері мамандығы бойынша оқып жүргеніне бес жылдан асқан.

- Туысқан әпкем Малайзияда жұмыс істейді. Ол арнайы университет тауып, мені осы елде оқуға шақырды. Оқу және тамақ, тұратын жерге жылына 6000 доллардай кетеді. Жатақханаға 100 доллар төлеп тұрамыз. Малайзияда негізгі оқу ағылшын тілінде өтеді. Қазақстанда ағылшын тілінің грамматикасын жақсы білдім. Ал Малайзияда сөйлеуімді дамыттым, – дейді ол.

Рамазанның айтуынша, Малайзияда бакалавр гранты тек жергілікті студенттерге беріледі, шетелдіктер ақылы түрде оқиды. Шетелдіктер магистратура мен докторантура гранттарына да құжат тапсыра алады. Студент Малайзия университеттерінде тәжірибеге көп көңіл бөлетінін, ел астанасы Куала-Лумпурдағы кез келген жоғары оқу орнында арнайы зертхана бар екенін айтады.

- Құрылыс мамандығына арналған арнайы зертханада кірпіш жасау және оның құрамын зерттейміз. Құрылыс материалдарын жасауды да осы зертханада үйрендік. Қазақстан университеттерінде мұндай зертханалар жоқ, - дейді ол.

МАЛАЙЗИЯҒА ОҚУҒА БАРУ АМАЛДАРЫ

Куала-Лумпурдегі мультимедиа университетінде докторантурада (PhD) грантта оқып жатқан 24 жастағы Мағжан Қайранбай Малайзияға өзгеше жолмен барған.

Малайзияда оқып жүрген Мағжан Қайранбай. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

Малайзияда оқып жүрген Мағжан Қайранбай. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

- Екі жыл Қазақстанда ақпараттық технология саласында жұмыс істеп жүріп, әлемдегі 200 университеттің сайтына кіріп, сол университетте жұмыс істейтін 500-ден астам доктор-профессорға өз тақырыбымды түсіндіріп, докторантурада оқығым келетінін айтып хат жазып жібердім. Олардың 50-60-ы жауап берді. 20-ға жуығы менімен жұмыс істеуге дайын болды, бірақ қаражат жағынан қиындық бар екенін айтты. Тек осы Малайзиядағы мультимедиа университетіндегі бір профессор арнайы грантқа құжат тапсыруға болатынын айтты. Құжат тапсырып, үш интервьюден өтіп, оқуға түстім, – дейді.

Мағжан Малайзияда бес жылдай компьютерлеу саласы бойынша зерттеу жұмысын жүргізіп, диссертация жазбақ.

24 жастағы Алмас Қожахметов алты жыл бұрын Малайзиядағы Тeнага ұлттық университетіне Алматыдағы туристік компаниялардың бірі арқылы түскен.

- Келе сала ағылшын тілін оқыдым. Қазір соңғы оқу жылы болғандықтан, дипломдық жұмыс жазып жүрмін. Тақырыбым компьютерлік бағдарламаларға байланысты. Бакалаврды бітірген соң магистратураға тапсырып, оқуымды жалғастырсам деймін. Ол болмаса, Малайзияда мамандығым бойынша бірнеше жыл тәжірибе жинап, кейін елге қайтамын, – дейді оқуына жылына 4500 доллар төлейтін студент.

Бағдаулет Тұрдалиев. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

Бағдаулет Тұрдалиев. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

Ал Бағдаулет Тұрдалиев мектеп бітірген соң Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетіне түскен. Кейін 1-курсты Қазақстанда аяқтап, досының шақыруымен Малайзиядағы Сеги университетіне ауысқан. Бизнес және менеджмент мамандығында оқып жатқан ол «Малайзияда үйренгенім көп, себебі бұл елдің университеттері тәжірибеге көп көңіл бөледі» дейді.

Малайзияда ақпараттық технология бойынша оқып жүрген 22 жастағы Нұрсұлтан Әлімжанұлы Малайзияға екі ел үкіметі арасындағы жасалған бағдарламамен келген.

Нұрсұлтан Әлімжанұлы. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

Нұрсұлтан Әлімжанұлы. Куала-Лумпур, 28 ақпан 2016 жыл.

- Қазақстан мен Малайзия білім министрліктерінің арасында жасалған арнайы бағдарламасы бойынша оқуымның екі жылын елдегі IT университетінде бітірдім. Қалған екі курсты осы Малайзияда оқимын. Енді жарты жыл оқуым қалды. Негізінен компьютерлік бағдарламалар мен интернет сайттарын жасауды меңгеріп жүрмін, – дейді ол.

Малайзиядағы Қазақстан студенттері қауымдастығының президенті Дінмұхамед Сенбаевтың сөзінше, теңгенің құнсыздануы Малайзияда оқып жүрген студенттерге де әсер еткен.

- Біздің есебіміз бойынша бұл елде 1500 студент бар. Бірақ елдегі дағдарыстан кейін біразы Қазақстанға қайта жатыр. Көбіне оқу ақысын төлеу жағынан қиын тиді. Себебі девальвацияға дейін бір ринггит (Малайзия валютасы - ред.) 45 теңге болса, қазір шамамен 90 теңге, – дейді бес жылдан бері Малайзиядағы Сеги университетінде оқып жүрген жас жігіт.

Оның айтуынша, Малайзиядағы Қазақстан азаматтары бакалавр, магистратура, докторантурамен қатар ағылшын тілі дайындық курстарында, арнайы екі ел үкіметі келісімі бойынша академиялық мобильділік бағдарламалар бойынша оқып жатыр.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG