Accessibility links

Мұнайшылар еңбек кодексінің жаңа жобасына наразы


«Oil Construction Company» ЖШС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов. Маңғыстау облысы, Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл.

«Oil Construction Company» ЖШС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов. Маңғыстау облысы, Қаламқас кеніші, 10 қаңтар 2015 жыл.

Маңғыстаудағы мұнай өндірісіндегі 16 кәсіпорынның кәсіподақтары Еңбек кодексінің жаңа жобасы қабылдануына қарсы. Олар наразылық митингін өткізуге өтініш те берген. Шеруге рұқсат етпеген облыс билігінің өз уәжі бар.

Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіне қатысты кәсіпорындардың 16 кәсіподағы өкілдерінің әуелгі наразы болып отырғаны – жаңа Еңбек кодексінің жобасын жасауға өздерінің қатыспағаны. «Oil Construction Company» ЖШС жұмысшылары кәсіподағы ұйымы төрағасы Әмин Елеусінов:

- Біз бұл туралы Қазақстан кәсіподақтары федерациясы сайтынан кездейсоқ көріп қалдық. Кейін тамыздың аяғына дейін талқыланатынын, қыркүйекте заң болып күшіне енуі тиіс екенін білдік. Жаңа жобаның ішінде келіспейтін мәселе көп. Онда жұмысшының жалақысына қатысты өзгерістердің барлығы жұмыс берушінің пайдасына шешілген,- дейді.

«Емір ойл» ЖШС кәсіподағы төрағасы Берік Сартов «жаңа жобаның аймақтағы өндіріс ошақтары жұмысшылары арасында үлкен қобалжу тудырып отырғанын» айтты. Осы себепті олар «Еңбек кодексінің жаңа редакциясын қабылдамауды, бұрынғы кодексті өзгеріссіз қалдыруды талап етіп» Қазақстан Республикасы президенті мен премьер-министріне хат жолдаған.

Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіндегі кәсіподақтар өкілдерінің үндеуі.

Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіндегі кәсіподақтар өкілдерінің үндеуі.

Шілденің 31-і күні жазылған, 16 кәсіподақ өкілі қол қойған хатта мұнайшылар «Еңбек кодексінің жаңа жобасымен келіспейтіндерін, жобада жұмысшы құқықтары бұзылғанын» баяндаған. Мұнайшылар «Егер денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған жоба осы күйі қабылданса, жұмысшылардың мемлекет кепілдік берген [әлеуметтік] жағдайлары нашарлайды. Олардың қорғаушысы ретінде біз де аймақта тұрақсыздыққа апаратын әрекеттерге баруға мәжбүр боламыз» деген. Олар хат соңында «Қазақстан кәсіподақтары федерациясы (ҚКФ) үндеуін толық қолдайтындарын» білдірген.

Ол үндеуде (23 шілде жазылған – ред.) ҚКФ «Жаңа жобада жұмысшының жұмыс беруші еркіне тәуелді болып қалғанын; жұмыс берушіге келісімшартты өз қалауымен ұзартуға, қайта жасауға, сынақ мерзіміндегі жұмысшыны жұмыстан шығаруға құқық берілгенін; жас мамандар, мүгедектер құқығы қамтылмағанын; жұмыс берушінің «экономикалық себептер» деген бұлыңғыр уәжбен жұмысшыны жұмыстан босату құқығы бекітілгенін; жұмыс уақытынан тыс еңбектің ақысы қысқарғанын; жұмыс берушінің жалақы көлемін өзі тағайындай алатынын, жұмыс берушіге ұжымдық шарттағы жалақы индексациясын өзгертуге құқық берілгенін; кәсіподақтардың еңбек заңының бұзылмауын қадағалау құзыры қаралмағанын» айтып, мұндай жобаға қарсы екенін мәлімдеген еді.

Маңғыстау облысындағы 16 кәсіподақ өкілдері Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен премьер-министрі Кәрім Мәсімов атына жолдаған хаттарының діттеген жеріне жеткен-жетпегенін білу үшін өткен аптада Астанаға арнайы барып та қайтқан.

Солардың бірі, «Oil Construction Company» ЖШС жұмысшылары кәсіподағы ұйымы төрағасы Әмин Елеусіновтің айтуынша, жұмысшылар делегациясын президент аппаратының мемлекеттік құқық бөлімі меңгерушісі Әлия Ракишева мен премьер-министр кеңсесінің бас инспекторы Тілеубек Толқынбаев қабылдап, «тамыздың 15-і күні жауап берілетінін» айтқан. Әминов «бұл хаттың Маңғыстаудағы 16 өндірістің кәсіподақ ұйымына мүше 32 мың жұмысшы атынан жолданғанын ескерттік» дейді.

Қаламқас мұнай кенішіндегі жиналыста отырған жұмысшылар. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл.

Қаламқас мұнай кенішіндегі жиналыста отырған жұмысшылар. Маңғыстау облысы, 10 қаңтар 2015 жыл.

Азаттық тілшісі еңбек кодексінің жаңа жобасына жұмысшылар ұйымдарынан ұсыныстар жинап жатқан Қазақстан кәсіподақтары федерациясы төрағасы Әбілғазы Құсайыновтан «еңбек кодексін талқылауға маңғыстаулық мұнайшылардың не себепті қатыстырылмағанын» сұрауға тырысқан еді. Алайда ҚКФ басшылығынан қандай да бір уәж, түсінік алу мүмкін болмады. Ал федерацияның ресми сайтында жаңа жобаны талқылаудың аяқталуға жақын қалғаны жазылған.

МИТИНГІГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛМЕДІ

Еңбек кодексінің жаңа жобасын парламентке қабылдатпау мақсатында Маңғыстау мұнайшылары кәсіподақтары өкілдері тек президент пен премьерге хат жазумен шектелмейтіндерін айтады. Олар тамыздың 14-і күні Ақтау қаласында Еңбек кодексінің жаңа редакциясына наразылық білдіріп, митинг өткізуге Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы әкімдіктеріне өтініш берген.

Ол өтінішке де облыстағы 16 мұнай өндірісі кәсіпорнының кәсіподақ ұйымдары басшылары қол қойған. Алайда жергілікті билік бейбіт жиындарға арнайы белгіленген орындарды беру қала прокуроры ұсынысымен уақытша тоқтатылғанын хабарлаған.

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы Берік Ізғалиевтің Азаттық тілшісіне мәлімдеуінше, мұнайшылар сұраған Маңғыстау облысы филармониясы алаңы қасында балалардың өнер колледжі болуы себепті, ал Захаров атындағы саябақ табиғат қорғау аймағы болуы себепті мұнайшыларға берілмеген.

- Қала прокуроры осындай наразылық ұсынып, қыркүйектің 1-іне дейін арнайы жерлерді беруді тоқтатып отыр, - дейді шенеунік.

Ал мұндай жауапқа жергілікті мұнайшылар наразы.

- Біз көтеріліске шықпақшы емеспіз, еңбек кодексінің жаңа жобасына келіспейтінімізді ғана білдіргіміз келеді, - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген мұнайшылардың бірі.

Маусымның 10-ы күні Қазақстан кәсіподақтары федерациясының 24-съезінде сөйлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова еңбек кодексінің жаңа жобасы қабылданатынын мәлімдеген еді. Еңбек кодексінің жаңа редакциясы ҚКФ-ға шілденің 10-ы күні түскен. Жаңа жобаның парламент талқылауына қыркүйек айында енгізілетіні де хабарланған. Қазіргі еңбек кодексі 2007 жылдан бері қолданылып келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG