Accessibility links

Тұщықұдық ауылындағы «лай судың» дауы


Маңғыстаудағы Тұщықұдық ауылы тұрғындары суды қанша тұндырса да нілі кетпейтінін айтады. Денсаулықтарына зиян келіп жатқанына шағымданған олар су құбырымен бұрын мұнай тасыған деп күдіктенеді. Әкімдік судың «сарғайғанын» мойындағанымен, «барынша тазалап беріп отырғандарын» мәлімдеді.

Азаттық тілшісі Маңғыстау облысы Тұщықұдық ауылындағы «лай судың» дауын Ершат Кемелханов есімді жергілікті азаматтың Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасынан біліп, ауылға барғанда ондай проблеманың бар екенін тұрғындар да растады.

Олар «құбырмен келетін су лай, мұнай араласып, майланып тұратындықтан, ауыл сыртындағы ескі Қарақұдықтың тұзды суын ішуге мәжбүр екендерін» айтты. Тұрғындардың кейбірі лай су ішкендіктен, «денсаулықтары нашарлағанына» шағымданды.

Маңғыстау ауданындағы Тұщықұдық ауылы ауыз суды Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы бірнеше елді мекенді сумен қамтамасыз ететін «Астрахань- Маңғышлақ» құбыры арқылы Еділ (Волга – ред.) өзенінен алады. Құбыр «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау компаниясына қарайды.

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Ақтаудан 180 километр жерде орналасқан Тұщықұдық ауылында екі мыңнан астам адам тұрады. Тұрғындардың көбі сол маңдағы Қаламқас, Қаражанбас мұнай кеніштерінде вахталық ауысыммен еңбек етеді.

Тұщықұдық ауылы тұрғыны Жұпар Қоспаева есік алдындағы су сақтайтын құдығынан шелекпен су алып, «тұндыруға тырысқанымызбен тұнбайды, мұны малға берсек те ішпейді» деп Азаттық тілшісіне көрсетті. Мамандығы медбике, төрт баласы бар 35 жастағы әйел «сапасыз су ішіп келе жатқандарына 10 жылдан асқанын» айтады.

Балаларымда ішек құрты ауруы бар. Өзімнің бүйрегім ауырады. Денсаулық үшін суды дүкеннен сатып ішуге мәжбүрміз.

- Су құйған шелектің түбі үнемі майланып, сары май болып қалады. Залалсыздандырады деген соң суға күміс (бұйым) салып қойып жүрмін. Балаларымда ішек құрты ауруы бар. Өзімнің бүйрегім ауырады. Денсаулық үшін суды дүкеннен сатып ішуге мәжбүрміз,- дейді ол. Жұпар Қоспаеваның айтуынша, арнайы сүзгі қондырғысына «өте қымбат болғандықтан, жұрттың қолы жетпей отыр».

Зейнеткерлер Тілеген Кенжебаев пен Асқар Жұмағалиев - Тұщықұдықтың байырғы тұрғындары. Олар су құбырымен бұрын мұнай айдаған деп күдіктенеді.

- Шелектегі су бетіне сорпанікіндей май қалқып тұратыны рас. Мұнай тасымалданған құбырды пайдаланғандарын жасыру керек емес, сол суды ішіп отырмыз, - деп шорт кесті ашуланыңқырап сөйлеген Тілеген Кенжебаев.

80 жастағы зейнеткердің сөзінше, бұрын ауыл суды Қызылқұм тұщы су кен орнынан алып отырған. Оны «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы иелігіне өткізгенде «қоғамдық тыңдау өткізбеген, ел пікірін ескермеген».

- Құқығымыз бұзылды деп есептеймін. Жер - біздікі, су - біздікі. Бірақ халықпен ешкім ақылдаспады. Қызылқұмдағы тұщы су көзінен халықты ажыратып, Еділ бойынан тартылған сапасыз суды берді, - дейді ол.

Азаттық тілшісі «Еділден келетін судан гөрі тазалау» деген Қарақұдыққа барды. Құдық ауылдан 18 километр жерде, сондықтан суды көлікпен тасиды. Тұрғындар бір кездегі тұщы су қазір тұзданып кеткенін айтады. Су таситын көлік жүргізушісі Қарасай Табысовты осы құдық басынан кездестірдік.

- Күніне оннан астам рет су тасимын. Халық тыным бермейді. Су қондырғысы тазалап беріп отыр деген су лай әрі майлы болғандықтан, осы суды ішіп отыр бәрі, - деді ол көлігінің цистернасын суға толтырып тұрып.

ӘКІМДЕР УӘЖІ

Алайда аудан басшылары құбырмен бұрын мұнай тасыған деген жорамалмен келіспейді. Маңғыстау ауданы әкімі міндетін атқарушы Талғат Қыланов «су жаңа пластик құбырмен жеткізіледі» дейді. Ол «жағдайды естіп, арнайы барып суды ішіп көргенін» айтты.

- Зертхана апарып сынама алдық, қорытындысын күтіп отырмыз. Мәселені Facebook-ке жазған адамның үйіне бардым. Ол суды өздерінің [су сақтайтын] котлованынан алған, бір үйдің қоймасынан шыққан суға жауап бере алмаймыз, - дейді шенеунік.

Оның айтуынша, «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылға су пластик құбырлармен тартылған.

- Ал басқа жағына жауап бере алмаймын. Еділ суын Бейнеу, Жаңаөзен, бәрі ішіп отыр, - дейді Талғат Қыланов.

Суда май бар деп айта алмаймын, 2000 километр жерден келеді, жеткенше тоттанып, сарғаюы мүмкін. Барынша тазалап беріп отырмыз.

Тұщықұдық ауылы әкімі Азамат Қойсарин су мәселесін әлеуметтік желіде көтерген Ершат Кемелханов «ел арасына лаң салып жүр» деп санайды. Оның сөзінше, санитарлық-эпидемиологиялық станция суды ай сайын тексереді.

- Суда май бар деп айта алмаймын, 2000 километр жерден келеді, жеткенше тоттанып, сарғаюы мүмкін. Барынша тазалап беріп отырмыз,- деді әкім.

«Дария» су тазалау қондырғысы шебері Асқар Сарғожаев қондырғы сүзгілері апта сайын тазартылатынын айтты. Бұл коммуналдық кәсіпорын 2006 жылы құрылып, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында ауылда 500 текше метрлік екі резервуар орнатылған. біріне «Астрахань- Маңғышлақ» құбырынан тартылған Еділ суы, екіншісіне содан тазартылған су жиналады.

Маңғыстау өңіріндегі су қоры негізінен тұзды болып келеді. Өңірде СССР тұсында құбырлар тартылып, тұзды су тазартылып беріле бастаған. Қазір өңірдегі кейбір елді мекендерді сумен қамтамасыз етіп отырған «Астрахань-Маңғышлақ» құбырының ұзындығы - 2175 километр. Ол арқылы Атырау мен Маңғыстау өңіріндегі мұнай өндірісі мен елді мекендерге су жеткізіледі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG