Accessibility links

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлері дивиденд көлеміне наразы


«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлерінің жиыны. Ақтау, 26 қазан 2014 жыл.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлерінің жиыны. Ақтау, 26 қазан 2014 жыл.

«Маңғыстаумұнайгаздың» 600-ден астам акционері компаниядан дивиденд көлемін көбейтуді талап етеді. Ал мұнай компаниясы артықшылығы бар акция иелерінің «құқығы бұзылған жоқ» дейді.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының (АҚ) артықшылығы бар акция иелері атынан бес адам қазанның 28-і күні Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімдігіне барды. Дивиденд көлемін ұлғайтуды талап еткен ол азаматтар - Маңғыстау өңіріндегі мұнай кеніштерін алғаш ашып, игерген, қазір жастары 80-нің ар жақ, бер жағындағы адамдар. Әкімдік өкілдері оларға сотқа жүгінуге кеңес еткен.

«АКЦИОНЕР РЕТІНДЕ ҚҰҚЫҒЫМЫЗ БҰЗЫЛДЫ»

Зейнеткер мұнайшылар әрқайсысының қолында 100-200 аралығында акция бар екенін, бір акциядан бар болғаны 174 теңге пайда көретіндерін айтады. Бірнеше жылдан бері дивиденд көлемін көбейтуді талап еткен олар құқықтарын қорғау мақсатында 2011 жылы 620 зейнеткер-акционердің басын біріктірген «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігін құрған. Бірлестік жетекшісі, 40 жылдай мұнайшы болған Бүркіт Жарылғасов талаптары орындалмай жатқанына наразы.
- Бәріміз де мұнай саласында ұзақ жыл еңбек еттік. Арамызда 1961 жылы Маңғыстаудың Жетібай кенішіндегі тұңғыш ұңғыманы ашқандар да бар. Өкінішке қарай, олардың біразы дүниеден өтті, көзі тірісі - ауру-сырқау. Ал біздің ен байлықтан алып отырғанымыз – артықшылығы бар бір акциямызға 174 теңгеден ғана береді. Бұл биылғы оразадағы пітір садақадан да аз. Мысалы, менің 100 акциям бар, - дейді.
Бұрынғы мұнайшы Базарбай Кұлымбетов. Ақтау, 25 қазан 2014 жыл.
Бұрынғы мұнайшы Базарбай Кұлымбетов. Ақтау, 25 қазан 2014 жыл.

Акция иелерінің сөзіне қарағанда, «1996 жылдан бері жылына екі рет төленетін дивиденд құны бір мәрте - 2007 жылы ғана бір акцияға 2000 теңгеден, ал қалған жылдары 200 теңгеге жетпейтін мөлшерде төленіп келген».

Бұрынғы мұнайшы Базарбай Құлымбетов 160 акциясы бар екенін, оның бір реттік дивиденді биыл 27 мың 840 теңге (152 доллар) болғанын айтады.

Ал бұрғылау шебері, 80 жастағы Жолдас Тоқжановтың сөзінше, кейбір зейнеткерлер күнкөріс қамы үшін акцияларын сатып жатыр.

- Менің ойымша, артықшылығы бар акцияларға төмен дивиденд төлеу арқылы бізді сатуға мәжбүрлеп, акционерлер қатарынан шеттеткісі келеді, - дейді ол.

Акционерлердің "Шаңырақ" бірлестігі кеңсесінде зейнеткер мұнайшылар арыз жазып отыр. Ақтау, 25 қазан 2014 жыл.
Акционерлердің "Шаңырақ" бірлестігі кеңсесінде зейнеткер мұнайшылар арыз жазып отыр. Ақтау, 25 қазан 2014 жыл.

Ардагер мұнайшы Теңелбай Лесбай «Маңғыстаумұнайгаз» басқармасы артықшылығы бар акциялардың дивидендтерін төлеу тәртібі туралы шешімдер қабылдаған кезде «Акционерлік қоғам» туралы заңды бұзды, артықшылығы бар акция иелерінің төрттен үшінің дауысы ескерілуі тиіс, бізден оны сұрамады, акционер ретінде құқығымыз бұзылды» дейді.

- 2005 жылға дейін бір акцияның дивидендін 100-150 теңге көлемінде төлеп келді (қазір 174 теңге – ред.). Бірақ сол кезде де, қазір де «Маңғыстаумұнайгаз» өндірілген мұнайдан мол пайда тауып, Қазақстанды асырап отыр. Біз 2005 жылы 25 миллиард теңге таза пайда түсіп, оның жарғылық капиталды ұлғайтуға, акция құнын өсіруге жұмсалатынын естідік. Бірақ таза пайда қайда және қалай жұмсалғаны туралы хаттаманы бізге акционер ретінде көрсеткен жоқ. Акциялардың құны да өспеді. Біз соның себебін білгіміз келеді, - дейді қарт мұнайшы.

ВИДЕО: «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлері. Ақтау, 26 қазан 2014 жыл.

«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлері
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00
Жүктеп алу

«АКЦИОНЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛҒАН ЖОҚ»

Акционерлер өздерімен кездескен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиева талаптарын қолдайтынын айтады.

- Әкім орынбасары «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы басшылығымен сөйлесеміз. Бірақ сіздер сотқа беріңіздер. Соттың шығарған шешімі ғана бұл мәселеге нүкте қоя алады» деді, - дейді бұрынғы мұнайшы Теңелбай Лесбай.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз хатшысы Ғазиз Сермағамбетов Азаттық тілшісінің артықшылығы бар акциялардың дивиденді туралы сауалына: «Артықшылықты акционерлердің құқығы бұзылған жоқ. Кепілді көлемнен (100 теңгеден) жоғары дивиденд төленіп келеді. Акционерлік қоғам жарғысында дивиденд көлемі артықшылығы бар акцияның номиналдық құнының 10 пайызы деп белгіленген. Ол «Акционерлік қоғамдар» туралы заңға сәйкес бекітілген» деп жазбаша жауап берді.

"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кеңсесі. Ақтау, 6 мамыр 2012 жыл.
"Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының кеңсесі. Ақтау, 6 мамыр 2012 жыл.

Оның айтуынша, ардагер мұнайшылардың «Шаңырақ» ұйымы арызы бойынша компанияны құзырлы органдар тексеріп, ешқандай заң бұзушылық таппаған».

Дивиденд дауы шыққанына бірнеше жыл болған. Артықшылығы бар акцияларды ардагер мұнайшылар «аймақтағы мұнай кеніштерін ашқан әрі игерген еңбектері үшін» 1996 жылы алған. Бас кеңсесі Ақтауда орналасқан «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы бұл азаматтардың әрқайсысының еңбек өтілдерін есептей отырып, 100 бен 200-дің арасында акция берген.

Бұл мәселе 2005 жылы премьер-министр болған Даниал Ахметовке де жетіп (ол жылы бір акция дивиденті 100 теңге болған – ред.), ол «дивидент құнын өсіру мәселесіне үкіметтің араласа алмайтынын, «Маңғыстаумұнайгаздың» жекеменшік компания екенін, дивидент көлемін жарғысына байланысты өзі анықтайтынын» айтып жауап берген.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ - Қазақстандағы ірі мұнай өндіруші компанияның бірі. Компанияның 15 мұнай кеніші бар. «Маңғыстаумұнайгаз» «ҚазМұнайГаз» (50%) және CNPC E&D (Қытай, 50%) құрамындағы Mangistau Investments B.V компанияларына тиесілі.

Компанияны 2012 жылдың 15 қарашасынан бастап Сунь Синъюнь басқарып келеді.

XS
SM
MD
LG