Accessibility links

Маңғыстау әкімшілігі итбалықтардың өліміне қатысты өз болжамын айтты


Итбалық пен оның күшігінің өлексесі. Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2011 жыл

Итбалық пен оның күшігінің өлексесі. Маңғыстау облысы, 3 мамыр 2011 жыл

Осыдан бірнеше күн бұрын Азаттық радиосы Маңғыстау облысының тұрғынына сілтеме жасап Каспий теңізінің жағасында итбалықтардың өлі денелері жатқанын хабарлаған еді. Мамырдың 12-і осы ақпаратқа қатысты облыстық әкімшіліктен ресми жауап жетті.


Маңғыстау облысының басшылығы Каспий жағасында оншақты итбалықтың өлуіне – браконьерлер де себепші болуы мүмкін дейді. Алайда, нақты қорытындыны мамандар жасайды. Әзірше белгілі болған жайт теңіздің жағалауындағы суға жасалған сараптаманың нәтижесі. Сараптама бойынша суда ешқандай зиянды заттар табылмаған.

"ТАЗА СУДА" ТҰНШЫҒЫП ӨЛГЕН ИТБАЛЫҚТАР

Азаттыққа Маңыстау облысының әкімшілігінен келген жауапта, жағдайды анықтау үшін арнайы комиисия құрылғандығы айтылған.

Комиссия Баутин кентінің аумағында орналасқан «Баутин шығанағы» жерінің жағалау аймағын тексеріп, өлген 7 итбалықты анықтаған. Мамандар итбалықтар 3-4 ай бұрын өлген деген болжам айтып отыр.

- Итбалықтардың өлексесі табылған жердің теңіз суы мен топырағынан сынама алып, ол одан әрі зерттеу үшін экология департаментінің лабораториясына жіберілді. Бүгін енді қорытындысын алып отырмыз, су таза, суда зиян ешнәрсе жоқ, - дейді Азаттыққа мамырдың 12-сі күні Маңғыстау облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар басқарма бастығының міндетін атқарушысы Серік Еңсегенов.

Маманның пікірінше, Каспий теңізіндегі аралдарды тексеру барысында итбалықтар мен бекіре тектес балықтар түсіп қалған торлар жиі табылады. Сондықтан итбалықтардың белгілі бір бөлігінің өліміне теңізге ау салатын браконьерлер де себепші болады екен.

- Әдетте көбіне көктемде және аздап жаз бен күзде, сүт еметін кездерінде, итбалықтардың әлсіз немесе қалжыраған төлдерінің бір бөлігі шығынға ұшырайды. Біраз жылдар бойғы деректер бойынша, бұл кезеңде (30 қаңтар – 10 наурыз) туған төлдің жалпы өлімі 10-15%-дан 30%-ға дейін жетеді. Итбалық төлдерінің басым бөлігі сең арасында жарақат алып, я қалжырап, әйтпесе қанатты жыртқыштардың шабуылынан өледі,- дейді басқарма бастығы Серік Еңсегенов.

ҚАРСЫ ПІКІР

«Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, эколог маман Махамбет Хәкімов, итбалықтардың өліміне аймақтағы кен орындары мен экологиялық ахуалдың тікелей қатысы бар екендігін айтады.

- Итбалықтар өлімі алғаш рет 2000-шы жылы тіркелген. Дәл осы уақытта алғашқы мұнай ұңғымасы сынақтан өткізіліп, бұрғыланған еді. Бұл сынақ болған соң ұңғыма ашық болды. Сынақ кезінде тәулігіне 600 тонна және шамамен 200 мың куб күкіртті сутек газы қоршаған ортаға тарады. Бұл әрине алдымен итбалықтарға әсер етті. Себебі итбалықтар балықтар сияқты судың астында емес, бетіне жиі шығады. Оларға ауа қажет, - дейді маман.

Ол соңғы он жылдан бері жағдай қиындап бара жатқандығын алға тартады.

- Қазір Қарашағанда 50-ге тарта ұңғыма бар. Олардың әрқайсысын алдымен сынақтан өткізеді, кейін ғана бұрғылайды. Ал бұл шаруа ешқашан таза болмайды. Міндетті түрде қалдықтар қоршаған ортаға төгіледі. Итбалықтар сол үшін өліп жатыр. Алайда, әкімдіктің ресми жауабында итбалықтар вирустық аурулардан өлді деп жазылады. Мұнайшылар да итбалықтар өлімін теңіздегі кен орнының қызметінен көргісі келмейді, - дейді Махамбет Хәкімов.

ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ

Ендігі бір маман, микробиология және вирусология институтының жетекші ғылыми қызметкері Айдын Қадырманов, Каспийдегі итбалықтардың популяциясы 120 мың екендігін атап өтті. Оның пікірінше, түрлі себептермен, табиғи жағдайда оның оншақтысы өлуі - қалыпты жайт көрінеді.

- Бұл дәстүр болып кеткен жылдағы айқай. Жеті тіпті 10 итбалықтың өлімі – жаппай қырылды деген сөз емес. Егер оншақты немесе жүздеген болса, онда жаппай қырылып жатыр деуге болады. Ал 120 мың итбалықтың оншақтысының өлуі қалыпты жағдай. Сондықтан соншалықты шу көтеретін ешнәрсе жоқ, - деді мамырдың 12-сі күні Азаттыққа түсініктеме берген Айдын Қадырманов.

Маңғыстау облысы әкімдігінің Азаттыққа жіберген мәліметіне сәйкес бұған дейін осы аймақта итбалықтар жаппай қырылған үш оқиға болған. 2000 жылғы сәуір айында Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы Каспий жағалуы мен аралдарда 10 мыңға тарта итбалық өлсе, 2007 жылы «Қаламқас» кенішінің маңында мыңға тарта хайуан қырылып қалған. Ал 2009 жылғы мамырда Форт-Шевченко қаласы мен «Арман» кенішінің тұсынан 355 итбалықтың өлексесі табылған.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG