Accessibility links

Маңғыстау мұнайшылары қысқартуға наразы


«Емир Ойл» компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Сартов. (Сурет жеке мұрағаттан алынды.)

«Емир Ойл» компаниясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Сартов. (Сурет жеке мұрағаттан алынды.)

Маңғыстаудағы «Емир Ойл» компаниясының мұнайшылары қызметкерлер мен жұмыс уақытын қысқартуға алаңдап отыр. «Қазақстан мұнайгаз салалық кәсіподағы» ұйымы әлеуметтік наразылықтың күшейіп бара жатқаны туралы компания басшылығына ескерту хат жолдады. Компания бұл жайға қатысты түсініктеме бермейді.

Маңғыстаудағы 100 пайыз пакет акциясына қытайлық инвесторлар иелік ететін «Емир Ойл» компаниясының кейбір мұнайшылары мен жұмысшылары жұмыстан «алдап шығарылғандарын» айтады. Мекемеде жұмыс істеп жүрген мұнайшылар экономикалық жағдайға байланысты жалақыны индексациялау болмайтыны және 2016 жыл бойы жұмыс уақытының екі сағатқа қысқаратыны туралы хабарлама алып жатыр. Мұнай-газ компанияларындағы кәсіподақтардың басын біріктірген салалық кәсіподақ та жұмысшылардың шағымын қуаттап, басшылықтан жағдайды реттеуді сұрап отыр.

ЕКІ КОМПАНИЯ АРАСЫНДА ҚАЛУ

59 жастағы Жарас Жоламанов кеңсесі Ақтау қаласының кіре берісіндегі «Шығыс» шағынауданында орналасқан «Емир Ойл» компаниясында 2011 жылдан бері жұмыс істеген. Ол «Емир Ойлдың» өндірген мұнайын қаланың іргесіндегі Дәулет ауылындағы мұнай базасына тасымалдаумен айналысқан. Жоламановтың айтуынша, мекемедегі қысқарту 2015 жылғы ақпанда басталған. Компания мұнай таситын алты көлігін «Карпет корпорейшнге» сатып, 14 жүргізушісіне сол компанияға жұмысқа орналасуды ұсынған.

Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіндегі кәсіподақтар өкілдерінің Қазақстан президенті мен премьер-министріне үндеуі. Тамыз, 2015 жыл.

Маңғыстау облысындағы мұнай өндірісіндегі кәсіподақтар өкілдерінің Қазақстан президенті мен премьер-министріне үндеуі. Тамыз, 2015 жыл.

– «Алып жүрген жалақыларың өзгермейді, ол жерде жатын орын, тамақ беріледі. Өз еріктеріңмен арыз жазбасаңдар, бір ай босқа сенделіп жұмыс іздейсіңдер. Ал өз еріктеріңмен жұмыстан шықсаңдар, 200 мың теңге бір айдың өтемақысын бірден береміз» деп уәде берді, - дейді Жарас Жоламанов.

Жоламанов «Емир Ойл» басшылығының ұсынысымен жұмыстан кеткендер мен еңбек шарты бұзылғандардың арасында 6-7 балалы отбасының жалғыз асыраушылары, зейнеткер жасына тақаған мұнайшылардың да бар екенін айтады. Оның сөзінше, жұмыссыз қаламыз ба деп қорыққандықтан мұнайшылар мен жұмысшылар бұл уәдеге сеніп, «Емир Ойлдан» өз еркімен жұмыстан кеткен.

– Бізге жаңа жұмыс орнында жағдай жасалатыны туралы әңгімеге «Карпет корпорейшн» басшылары да қатысты. Сөйтсек, «Емир Ойл» осылайша бірсыпыра жұмысшылардан оңай құтылыпты, - дейді ол.

Жоламановтың сөзінше, «Емир Ойлдан» кетіп, оның жалғыз мердігері «Карпет корпорейшнге» жұмысқа орналасқан жұмысшылар мұнай тасымалдаған көліктерде түнеп, жуынатын жерсіз, ыстық тамақсыз қысты өткізген. Кейін «Карпет корпорейшн» компаниясымен жалақыға қатысты дау туып, мұнайшылардың көбі жұмыстан шығып кетуге мәжбүр болған. Олардың кейбіріне әлі күнге дейін жалақылары төленбеген.

«Емир Ойл» компаниясының жұмыстан қысқарған мұнайшыларының уәжін мекеменің кәсіподақ ұйымы төрағасы Берік Сартов та қуаттайды.

– Тағы 30 адам қысқартуға ілігіп тұр. Қолымызға жалақыға индексация жасалмайтыны, келесі жыл бойы вахтамен жұмыс істейтіндердің жұмыс уақыты тоғыз сағат, ал кеңседегілердікі алты жарым сағатқа дейін қысқаратыны туралы хабарлама алдық. Оның себебі «экономикалық жағдайларға байланысты» деп көрсетілген, - дейді Берік Сартов.

«Емир Ойл» компаниясының 159 мүшесі бар кәсіподағы – Маңғыстаудағы белсенді кәсіподақ ұйымдарының бірі. «Емир Ойл» жұмысшылары Маңғыстаудағы өзге мұнай кәсіпорындары кәсіподақтарымен бірлесе отырып еңбек кодексінің жаңа жобасына қатысты наразылықтарын батыл білдіріп, Қазақстан үкіметіне, заң шығарушы органдарға хат жазып келеді.

«ӘДЕЙІ БЕРМЕЙ ОТЫРҒАМЫЗ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Ақтаудағы «Емир Ойл» компаниясының кеңсесіне хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген Айдынсұлу есімді хатшы қыз «бастықтың да, орынбасарларының да, кәсіподақ ісімен айналысушы өкілдің де іссапарда екендерін» айтты.

«Карпет корпорейшн» компаниясының директоры Жанатхан Оразғалиев «жұмыс орнында жоқ» болып шықты. Азаттық тілшісімен сөйлескен мекеменің бухгалтері Жәмила Мұратқызы жұмысшылардың жалақыға қатысты шағымдарын растады.

Маңғыстаулық мұнайшылардың облыс әкімімен кездесуі. Қаламқас, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Маңғыстаулық мұнайшылардың облыс әкімімен кездесуі. Қаламқас, 10 қаңтар 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

– Әдейі бермей отырғамыз жоқ, - деді ол. - Қазір жер-жердің бәрінде дағдарыс болып жатыр. Бізге берешек компаниялар бар, солар төлесе, біз олардың жалақысын бірден жауып тастаймыз.

Жәмила Мұратқызының сөзінше, ақшаның кешігуіне «Емир Ойлдың» «Карпет корпорейшнге» қаражатты кеш аударуы да себеп болған.

– Жаздан бері «Емир Ойл» ақшаны кешіктіріп төлеп жүр. Ал басқа біз қызмет көрсететін кейбір мұнай компаниялары әлі төлемей отыр. Қандай компаниялар екенін мен айта алмаймын, - деді ол.

Бухгалтердің сөзінше, жұмысшылармен еңбек шарты емес «қызмет көрсету туралы келісім» жасалған.

КӘСІПОДАҚ ХАТЫ

Жұмысшылардың ұжымдық шағымына «Қазақстан мұнайгаз салалық кәсіподағы» араласып, қазанның 28-і күні «Емир Ойл» компаниясының директоры міндетін атқарушы Ли Чунгтың атына ескерту хат жолдаған.

Хатта Маңғыстау облыстық әкімдігімен меморандумның барлығына қарамастан «Емір Ойл» компаниясы 2015 жылдың басынан бері 90 жұмысшымен еңбек келісім-шартын бұзып, оларға ешқандай өтемақы төлемегені айтылған. Қалған 280 адамның қысқартылған жұмыс уақытына көшірілгені, ал вахталық ауысыммен жұмыс істейтіндердің бұрынғы 12 сағаттық жұмыс күнінің орнына 9 сағатқа көшірілгені көрсетілген.

Маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне биыл 7 қыркүйекте барған кездегі суреттері.

Маңғыстаулық мұнайшылардың парламент мәжілісіне биыл 7 қыркүйекте барған кездегі суреттері.

Кәсіподақ: «Жұмысшылардың табысының азаюына соқтырған мұндай әрекеттердің кесірінен кез келген уақытта мекемеде жаппай еңбек наразылығы тууы мүмкін. Бізге белгілі мәліметтер бойынша ұжымда әлеуметтік наразылық артып барады. Жұмысшылар аяқ асты құны өсіп кеткен валютамен мұнай сатып отырған мекеменің жалақыны индексациялаудың орнына басқа кәсіпорындармен салыстырғанда неге төмендетіп жатқанын түсінбейді» деп жазады.

«Емир Ойл» компаниясы Ақтаудан 40-50 шақырым қашық тұрған Ақсаз, Долинный, Кариман, Емір, Борлы, Айдай тәрізді кеніштерді игерумен айналысады. Онда биылғы қысқартудан соң 280 адам жұмыс істейді. Оның жартысы – 10/20 вахталық ауысыммен жұмыс істейтіндер. Мұнайшылар мен жұмысшылар 2013-2014 жылғы наразылықтарының нәтижесінде компаниядан ұйықтайтын және жуынатын бөлмелері бар вахталық қалашық салдыруға қол жеткізген.

Қарамағында 60 адам еңбек ететін «Карпет Корпорейшн» компаниясы – «Емір Ойлдың» мұнай тасымалымен айналысатын жалғыз мердігері. Оның жұмысшылары 15/15 вахталық ауысыммен жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG