Accessibility links

Мұнай жұмысшылары қысқартуға наразы


 Есенжан Жоросов - ЮВСГ бригада шебері ұжымдық арызды айтып тұр. Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл.
Есенжан Жоросов - ЮВСГ бригада шебері ұжымдық арызды айтып тұр. Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл.

Бозащы кенішінде жұмыс істеп жатқан ресейлік ЮВСГ компаниясының жұмысшылары прокуратураға қысқарту туралы шағымданды. Компания шағымды теріске шығарды.

Ақпанның 12-сі күні түстен кейін ЮВСГ («Юго-восточная сервисная группа») компаниясының 70-ке жуық жұмысшысы Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық кәсіподағы кеңсесіне жиналды. Олармен кездесуге алдымен облыстық кәсіподақ басшысы Қалбай Ахатов, кейінірек «Нұр Отан» партиясының өкілі Жарас Демеев пен қала прокурорының көмекшісі Оразбек Китжаков және ЮВСГ бас директоры Андрей Тищенко келді.

ТАЛАП

Есенжан Жоросов мұнай саласында 1990 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол – ЮВСГ компаниясында бригада шебері. Жуырда қысқарғаны туралы хабарлама алғанымен, ақпанның 11-і күні компания басшылығы бұл шешімдерін қайтып алғанын мәлімдеген.

- Біз мекеменің бұндай шешімін баспасөз арқылы естідік. Бірақ онымен келіспейміз. Себебі олар бізге 50 пайыз жалақы төлеу арқылы екі ай мерзімге демалысқа шығуды ұсынады. Ал мұның соңы мүлдем жұмыстан шығарылуға немесе басқа әріптестердей бірнеше айлап «демалыста» жатып қалуға ұласуы мүмкін, - деп қауіптенеді ол.

Бейсенбі күнгі жиында Есенжан Жоросов ЮВСГ компаниясының жұмыстан қысқартылған және 50 пайыз жалақымен уақытша жұмыстан шеттетілген 80-ге жуық жұмысшысы атынан сөз алды. Ол «Нұр Отан» мен прокуратура өкіліне ұжымдық арыз тапсырды. Наразы жұмысшылар арызда бірнеше талап қойған.

ЮВСГ директоры Андрей Тищенко (сол жақта) мен орынбасары Александр Дажин. Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл.
ЮВСГ директоры Андрей Тищенко (сол жақта) мен орынбасары Александр Дажин. Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл.

Арызда: «1.Екі айға кері шақырылған жұмыстан қысқартылған 33 адамға қатысты шешіммен келіспейміз. Себебі екі айдан соң оларды мүлде қысқартып жіберуі мүмкін. 2.Жұмыстан қысқарту кезінде жұмысшының әлеуметтік жағдайы, еңбек өтілі ескерілсін және ол ұжымдық шартқа енгізілсін. 3.Солтүстік Бозащы кенішіндегі жұмысты тиімді ұйымдастырып желтоқсаннан бері 50 пайыз жалақымен демалысқа жіберілгендерді қазіргі жұмыс істеп жатқандармен алмастырып отыру механизмі қарастырылсын. Бұл олардыңнесиесін өтей алуға, отбасылық жағдайын шешуге мүмкіндік береді» деп жазылған.

Есенжан Жоросовтың сөзінше, қысқартуға ұшыраған №5 және №24 бригада жұмысшылары былтыр наразылық білдіріп, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, жалақы көтеруді талап еткен соң қысқартуға ұшыраған.

Ресейлік "Юговосточная сервисная группа" компаниясының қазақстандық жұмысшылары наразылық жиынында отыр. Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл
Ресейлік "Юговосточная сервисная группа" компаниясының қазақстандық жұмысшылары наразылық жиынында отыр. Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл

- Сіз жалақыны көтерген жоқсыз, бірақ талап қойғандарды алдымен Қаламқас кенішіне ауыстырып, кейін қысқарттыңыз. Мәселен, мен де бес жыл бойы сізге жұмысшылар талабын жеткізіп келе жатқан белсендінің бірімін. Бұған қоса сіздің Ақтөбеден алдырып отырған жұмысшыларыңыз Бозащыдағы техниканы білмейді. Себебі Бозащы кеніші Маңғыстаудағы жұмысы өте қиын кеніштің бірі, - деді ол компания басшысына қарап.

КОМПАНИЯ БАСШЫСЫНЫҢ УӘЖІ

ЮВСГ компаниясының директоры Андрей Тищенко жұмыс орындарының қысқаруы мұнай бағасы арзандаған соң жұмыс көлемі азайып кеткен соң туды деп түсіндірді. Оның сөзінше, компаниядағы 24 бригаданың тең жартысының жұмысы тоқтап тұр. Бірақ соған қарамастан оларға 4 ай бойы 50 пайыз жалақы төленіп келеді.

Жиынға қатысқан «Нұр Отан» партиясының өкілі Жарас Демеев жиынның «жай ғана ашық әңгіме» екенін, «ешқандай еңбек немес басқадай наразылық емес» екенін қайталап айтумен болды. ЮВСГ директоры Андрей Тищенко Азаттық тілшісіне бұл кездесуде айтылған мәселелерді талқылаған соң нәтижесін айтуға уәде берді. Ал Ақтау қаласы прокурорының көмекшісі Оразбек Китжаков жұмысшылар арызын қабылдап алғанын, оның ары қарай қаралуын басшылығы шешетінін айтты.

Нұр Отан партисының өкілі Жарас Демеев (сол жақтан бірінші). Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл.
Нұр Отан партисының өкілі Жарас Демеев (сол жақтан бірінші). Ақтау, 12 ақпан 2015 жыл.

«Юго-восточная сервисная группа» компаниясы – ресейлік «Нефтьсервисхолдинг» компаниясының құрамындағы мекеме. Ол 2007 жылы құрылған. Серіктестік Қазақстанның мұнай-газ өндіру компанияларына қызмет көрсетумен шұғылданады. ЮВСГ Маңғыстауда Бозащы кенішін игеріп жатқан «Бозащы оперейтинг», Қарақұдықмұнай компанияларының ұңғымаларын күрделі жөндеуден өткізеді. Компанияда 1000-ға тарта жұмысшы бар.

XS
SM
MD
LG