Accessibility links

Маңғыстауда газ тапшылығы байқалады


Ақтауда газ бағасы екі есе өсіп, жанар-жағармай бекеттерінде кезек күту көбейді. Жергілікті тұрғындар «тапшылық қолдан жасалды» десе, әкімдік пен «ҚазГазӨңдеу» «ішкі сұраныстың өскенін» айтады.

Азаттық тілшісі Ақтаудағы «ҚазМұнайГаздың» жанар-жағармай сататын бекеттерінің біріне келгенде кезекте тұрғандар күткендеріне екі сағаттан асқанын айтты. Аты-жөнін жарияламауды өтінген жүргізушілердің бірі аймақта газ бағасы осымен екінші рет өсті деп шағымданып тұрды.

– «ҚазМұнайГаз бекеттерінің өзінде газ бағасы бір айдың ішінде 32-ден 35-ке, одан 37 теңгеге (соңғы күндері сұйытылған газдың бір литрі 60 теңгеге жетті – ред.) көтерілді. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиіп отыр. Мұнайдың басында отырғандар жеке кәсібінің жайын ойлайды. Халықты неге жылата береді? Қазір колонкаға жеткенде көресің, «лимит бітті, талон әкел» дейді, – деді кезектің соңында тұрған жігіт.

«ГАЗ ШЫҒАТЫН ЖЕРДЕ ГАЗ ҚЫМБАТТАУЫ – ҰЯТ»

– Жарайды менің халым көтерер газдың литрін 60 теңгеден алуға, ал басқа зейнеткерлер не істейді? Монополия қайда қарап отыр? Газ шығатын жерде газдың қымбаттауы ұят нәрсе, – деді аптап ыстықта сағаттап күткеніне ашуланған тағы бір жүргізуші.

Газ кезегінде тұрғандар. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл.

Газ кезегінде тұрғандар. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл.

Ал «Мирал» жеке меншік жанар-жағармай бекетінде кезек болмағанымен 60 теңгеден газ сатып алушылар аз. Бекеттегі газ құйып беруші жігіт қымбаттаған газдың өзі «бір күн бар, бір күн жоқ» болып отырғанын айтты.

– Литрі 60 теңге болғаны, әрине, қымбат, бірақ шаруамыздан қалмау үшін амалсыз аламыз, – дейді көлігінің багын газға толтырып жатқандардың бірі.

Азаттық тілшісі Ақтаудағы «ҚазМұнайГаздың» жанар-жағармай бекеттерін аралап бола бергенде уақыт кешкі сағат 17.00-ке таяған еді. Соңғы бірнеше күнде ауа райы күрт ысып, жағармай бекеті жанындағы табло 47 градус ыстықты көрсетеді. Бас айналатын шіліңгірде сарыла кезек күткендердің қатары күн еңкейсе де азайған жоқ.

«ҚОЛДАН ЖАСАЛҒАН ТАПШЫЛЫҚ»

Маңғыстаудағы бір аптаға жалғасқан бойына созылып жатқан газ тапшылығының себебін өзінше іздеген ел түрлі долбар жасап жүр. Көпшілік: «мұнай-газ саласында бизнесі барлардың девальвациядан кейін қалтасын толтыру үшін жасаған амалы» деп күдіктенеді.

Ел аузындағы бұл пікірді экономист Асқар Сырғабеков та қолдайды. Оның ойынша «Маңғыстаудағы газ тапшылығы – қолдан жасалып отыр».

Жанармай құю бекеті. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жанармай құю бекеті. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

– Маусымдық жұмыстар кезінде басқа жанар-жағармай ресурстарына сұраныс артады, сол кезді пайдаланып газдың бағасын да көтереді. Маңғыстауда егін шаруашылығы жоқ дегенмен тынымсыз жүріп жатқан жүк тасымалдары бар. Яғни бұл – маусымды пайдаланып ақша жасап қалудағы ойындар, – дейді экономист.

Асқар Сырғабековтің ойынша, бұл мәселенің тағы бір жағы бар. Еуразия экономикалық одағы құрылған соң Кеден Одағы елдеріне Ресейдің ықпалы артып келеді, ортақ валюта туралы ұсыныс та айтылып қалды.

– Мұндай мәселеге (ортақ валюта енгізуге – ред.) Ресей бірден келмейді. Алдымен экономикалық қысым тудырып алып, содан соң проблеманы шешу үшін қабылданған шешім ретінде көрсетуге керек, – дейді экономист.

Қазақстанның жанар-жағармай нарығында ресейлік арзан өнімдердің үлесі 40 пайызға жуық. Соңғы айда Алматы мен өзге де ірі қалаларда ресейлік мұнай компанияларының жанармай бекеттерінде АИ-92 және АИ-96 маркалы бензин қымбаттаған болатын. Бірақ Маңғыстау облысында көлік үшін жанармай ретінде жиі қолданылатын сұйытылған газдың бағасы бұған дейін өспей келген.

«ІШКІ СҰРАНЫС ӨСІП БАРАДЫ»

Облыстағы сұйытылған газ өндіретін ірі орталық - Жаңаөзендегі «ҚазГазӨңдеу» зауытының директоры Кәрім Нағыманов бағаның өсуіне «зауыт кінәлі емес» дейді.

– Ішкі тұтыну рыногы өсіп барады. Ай сайын орташа есеппен алғанда 13 мың тонна сұйытылған газ шығарсақ, оның 5 тоннасы экспортқа кететін. Зауыт үшін қымбат бағамен шетелге кетуі тиімді болса да, біз оны 3 мың тоннаға қысқарттық, – деді ол Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Зауыт директоры ішкі рынок сұранысының өсімі наурыз айынан бастап байқалғанын, ол туралы Астанаға мәлімдегенін айтады.

"ҚазМұнайГаздың" жанар-жағармай құю бекеті. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл.

"ҚазМұнайГаздың" жанар-жағармай құю бекеті. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл.

– Қазір бұйрық шығардық. «ҚазМұнайГаз» өнімдерін тасымалдайтын көліктер кезексіз жіберілетін болады. Арнайы график түзілді, – деді Кәрім Нағыманов.

Ал облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының бастығы Бақыт Ұлықбанов Азаттық тілшісіне тамыздың 20-ы күні Энергетика министрлігінде өткен сұйытылған газға квота бөлу туралы жиынға қатысқанын айтты.

– Қыркүйек айындағы аймаққа бөлінетін сұйытылған газдың көлемін 800 тоннаға ұлғайтуға қол жеткіздік. Қазір Жаңаөзенде газ бағасы тұрақты түрде 35 теңге, Ақтауда - 37 теңге. Ай сайынғы аймаққа бөлінетін 10 707 тонна газдың 2 500-і «ҚазМұнайГаз» арқылы сатылады, қалғаны жеке меншіктің үлесінде. Бірақ [жекеменшік жанар-жағармай сатушы кәсіпкерлерге] бағаны 60 теңгеден түсір деп шарт қоя алмаймыз. Біз тіпті облыс прокурорына да шағымдандық, прокуратура да президент қол қойған [кәсіпкерлерді тексеруге қатысты жарияланған] мораторийге сілтеп отыр, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Маңғыстау облысында 140 автогаз бекеті жұмыс істейді. Оның 125-i жеке кәсіпкерге тиесілі. Маңғыстау облыстық жол полициясы басқармасының ақпараты бойынша, облыста 189 мың автокөлік тіркелген. Оның 99 мыңы сұйытылған газбен жүреді. Облыста «ӨзенМұнайГаз», «Қаражанбас», «Маңғыстаумұнайгаз», «Аджип», «ҚазГазӨңдеу» зауыты тәрізді мұнай-газ секторындағы ірі мекемелер мен өндіріс орындары орналасқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG