Accessibility links

Шетпеде теміржолшылар наразылық білдірді


Маңғыстау облысындағы Шетпе ауылында «Маңғыстау жол дистанциясы» мекемесінің ондаған жұмысшысы бұрынғы жұмыс орындарында қалдыруды, еңбек жағдайын жақсартуды талап етті.

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Шетпе ауылындағы филиалы – «Маңғыстау жол дистанциясына» қарасты ПЧ-13 мекемесінің он шақты жұмысшысы қыркүйектің 10-ы күні теміржол бойындағы кеңселеріне жиналып наразылық танытты.

«ЖОҒАРЫ ЖАҚ НЕГЕ ҮНІМІЗДІ ЕСТІМЕЙДІ?»

Қаңтар айынан бері жалақылары өспегенін айтқан наразы жұмысшылардың бірі – теміржол саласында 20 жылдан астам уақыт оператор болып еңбек етіп келе жатқан Рүстем Күшікбаев.

Шетпелік теміржолшы Рүстем Күшікбаев. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

Шетпелік теміржолшы Рүстем Күшікбаев. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

– Былтыр желтоқсанда да жұмыс жағдайына, жалақы аздығына қатысты наразылық білдірген едік. Бірақ жағдай жоқ. Биыл 50 градус ыстықта далада жүрдік. Ал жалақы 70-80 мың теңгеден көтерілмейді. Ауылдағы базардың бағасы біздің жалақымызға қарамайды, – дейді Рүстем Күшікбаев.

Рүстем Күшікбаевтың сөзін жұмысшы Мақсат Есетов те қоштайды. Оның сөзінше, «жалақы және жұмыс жағдайын қозғағандар жеккөрінішті болған».

– Тамыздың 26-сы күні «Неге жұмысқа талап бәрімізге бірдей қойылмайды, неге бастықтың маңындағы кей адамдарға ерекше жағдай жасалады?» деген мәселені көтеріп барған едім. Бастығымыз кабинеттен шығарып жіберді, – дейді Мақсат Есетов.

Теміржолшылар еңбек департаментіне, прокуратураға, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы президенті Асқар Мәминге қаңтар айынан бері арызданғандарымен нәтиже шықпағанын айтады. Олар еңбекақыны көбейтуді, тоқсандық сыйақы, «он үшінші» жалақы, тәуелсіздік күні не теміржолшылар күні тәрізді мерекелерде сыйақылар төлеуді талап еткен еді.

– Жұмысымыз жеңіл емес. Күніне алты шақырым жерге қоларбаны итеріп жүріп ультрадыбыспен жұмыс істейміз. Неге үнімізді жоғары жақ естімейді? Бұған қоса жұмысқа қажетті заттарды сұрасаң, «сатып ал» дейді. Киім сұрап жүргеніміз жоқ, бізге ақшамызды көтергені керек, – дейді жұмысшылар.

Шетпедегі наразы теміржолшылардың бірі Мақсат Есетов. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

Шетпедегі наразы теміржолшылардың бірі Мақсат Есетов. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

Наразы жұмысшылар басшылықтың компанияны қайта құрып, өздерін «Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» атты жаңа мекемеге ауыстыру жоспарына да сенбейді. «Басшылық талабымызды орындамай құтылу үшін жаңа құрылғалы жатқан мекемеге ауыстырамыз деп қысқартып жібереді деген күдігіміз бар» дейді олар.

– Бізге түсініксізі – неге тек мекеме атауын өзгерту үшін қысқарту қажет. Дәл осындай жағдай көрші Атырау облыстарында да болып, ондағы теміржолшылар қысқарып кетті. Ал біз жұмысымызды жоғалтсақ, Шетпеде басқа жұмыс көзі жоқ, – дейді 100-ге тарта адам еңбек ететін мекеме жұмысшылары Азаттық тілшісіне.

Жұмысшылардың бұл күдігіне Маңғыстау облыстық теміржол кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айнаш Сүйеуова да қосылады. Оның айтуынша, мекеме атауын өзгерту үшін қысқарту міндетті емес, келісім-шартты өзгерту жетіп жатыр.

– Бұл жиі талап қоятын кей жұмысшылардан арылудың жолы болуы мүмкін, – дейді ол.

«ЖАҢА МЕКЕМЕДЕ ЖАЛАҚЫЛАРЫ ӨЗГЕРМЕЙДІ»

Наразы жұмысшылармен кездесуге жаңадан құрылған мекеменің – «Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының бастығы Жарылқап Дүйсенбай келген еді. Бірақ жұмысшылар оның мекемені басқаратын өкілеті барына күмән айтып, «Қазақстан темір жолы» президенті Асқар Мәмин қол қойған сенімхатты көрсетуді талап етті.

«Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының бастығы Жарылқап Дүйсенбай. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

«Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының бастығы Жарылқап Дүйсенбай. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

– Сенімхатты қолыма қыркүйектің 3-і күні алдым, содан соң бірден шот ашу тәрізді филиалды тіркеудің жұмыстарын жүргіздім. Бұрынғы «Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының орнына «Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалын құрып, оның директоры етіп мені тағайындау туралы ұлттық компания бұйрығы 2014 жылдың 4 тамызында шыққан, – деді Жарылқап Дүйсенбай.

Ол әлдебір қағаздарды көрсеткенімен, оны жұмысшылардың қолына танысу үшін беруден бас тартты. «Басты мақсаты – жұмысшыларды жаңа мекемеге жұмысқа қабылдау» екенін айтқан Жарылқап Дүйсенбай:

– Мен бұл кісілерге жаңа мекемеде жалақысы өзгермейтінін айтып отырмын. Тек бұрынғы бригадирлер енді жол жөндеуші монтер болады. Жұмысшылар жаңа мекемеге ауысамыз десе – ауысады, ауысқысы келмесе – өздері біледі, – деп түсіндірді Азаттық тілшісіне.

«Ірілендірілген Маңғыстау жол дистанциясы» филиалының бастығы Жарылқап Дүйсенбай «Қазақстан темір жолы» басшылығына жалақыға қатысты талап қоя алмайтынын мәлімдеді.

Шетпедегі теміржолшылар наразылығы. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

Шетпедегі теміржолшылар наразылығы. Маңғыстау облысы, 10 қыркүйек 2014 жыл.

Шетпелік теміржолшылар бұған дейін де (2013 жылы 25 желтоқсанда) наразылық танытқан еді. Жұмысшылар ол кезде де «еңбек жағдайлары нашар, жалақылары мардымсыз, арнайы жұмыс киімдері сапасыз болғандықтан денсаулықтары жиі сыр бере бастағанын» айтқан.

Шетпелік теміржолшыларға республикалық БАҚ назары бірінші рет 2011 жылы желтоқсанда ауған. Станция жұмысшылары сол кезде Жаңаөзенде болған мұнайшылар ереуілін қолдап темір жолды жауып тастап, полицияның оларды күшпен таратуы кезінде бір адам оққа ұшқан. 2013 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясының Маңғыстау облысындағы мекемелерінде ұжымдық шарт қабылдағаны туралы хабарланған. Сол жылы «ӨзенМұнайГаз» компаниясына қарасты мекемелердің кәсіподақтары да 2013 жылғы желтоқсанда басшылықпен еңбек жағдайы мен әлеуметтік жеңілдіктер нақтылап жазылған ұжымдық шарт жасасқанын мәлімдеген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG