Accessibility links

Ереуілшілер заңгерінің соты басталды


Заңгер Наталья Соколова. Сурет Ольга Ярославскаядан алынды.
Заңгер Наталья Соколова. Сурет Ольга Ярославскаядан алынды.

Ақтауда маңғыстаулық мұнайшылардың құқығын қорғаушы тәуелсіз заңгер Наталья Соколованың соты басталды. Ал «Өзенмұнайгаз» компаниясы мұнайшыларды жұмысқа шығуға үндеген парақшалар таратып жатыр.


Шілденің 28-і күні сағат 15-те басталған тәуелсіз заңгер Наталья Соколоваға қатысты сот ісі кешкі сағат 20-ға дейін созылды. Оған «Қаражанбас» компаниясы құрамындағы мекемелер басшыларымен қатар кеніш мұнайшылары өкілдері де қатысты.

ЗАҢГЕРДІҢ ІСІ ЖАБЫҚ ТҮРДЕ ҚАРАЛДЫ

- Менің ұққаным - сот процесіне қатысушы әкімдік, прокуратура, компания мекемелері өкілдерінің бәрі мұнайшылардың ереуілі себебін Соколоваға артқысы келеді. Оған «халықты өз жеке бас мүддесі үшін пайдаланды» деген кінә артып отыр, - деп мәлімдеді «Қаражанбас» кеніші мұнайшыларының белсендісі Қуаныш Сисенбаев Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, сотқа «Қаражанбас» компаниясы басшысы Юань Му да қатысқан.

- Юань Му мырза өзінің аудармашысымен келді. Өзіне қойылған сауалдарға жауап берген ол істі қазақ басшыларға аудара салды. «Мен
Наталья Соколованың сот отырысы. Ақтау қаласы, 28 шілде 2011 жыл

қағазда не жазылғанын білмедім, тек қол қой деген соң қойдым» деді, - дейді Қуаныш Сисенбаев.

Мұнайшылардың айтуынша, оның бұл сөзі процеске қатысушы компания жұмысшыларының наразылығын тудырған. «Бұл жерде адам тағдыры тұрған жоқ па? Қалай ол көзін жұмып қол қояды?» дейді сотқа қатысушы жұмысшылардың бірі.

- Сот отырысы ертең жалғасады. «Қаражанбас» кеніші мұнайшыларының куәгерлігін тыңдауға өтініш жасадық, - дейді Қуаныш Сисенбаев.

Оның айтуынша, сот отырысына қатысуға рұқсат алған неміс тілінде шығатын Deutsch газетінің тілшісін кейін залдан шығарып жіберген.

Ал «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхтар Үмбетовтің Азаттық тілшісіне хабарлауынша, сотқа Соколованың жақын туыстарының бірде-бірі қатыстырылмаған.

- Оның адвокаты да билік ұсынған «көлденең адвокат» болып отыр. Сондықтан Соколованы шын мәнінде қорғай алатынына күмәндімін, -
дейді Мұхтар Үмбетов.

Маусымның 1-інде босатылуы тиіс Наталья Соколоваға алдымен «заңсыз митинг ұйымдастырды» деген айып тағылған еді. Кейін «Қаражанбасмұнай» компаниясының басшысы Юань Мудың арызы негізінде Наталья Соколоваға қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес «әлеуметтік жанжал тудырды» деген басқа бір айып тағылған. Ал маусымның 10-ында қалалық сот Соколованы екі айға қамау туралы шешім шығарған.

Тәуелсіз кәсіподақ белсендісі Мұхтар Үмбетов енді осы жолғы Соколова сотының нәтижесі Маңғыстау облысындағы мұнайшылар наразылығының ары қарай қалай өрістейтінін көрсетеді деп отыр.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» МҰНАЙШЫЛАРДЫ ЖҰМЫСТАН ШЫҒАРА БАСТАДЫ

Шілденің 27-сі күні ресми баспасөз мәлімдемесін таратқан «Қазмұнайгаз» барлау өндіру» акционерлік қоғамы екі күннің ішінде 30 жұмысшымен еңбек келісімінің бұзылғанын жария етті.

«Заңсыз наразылық акциясы басталғалы бері өндірістік филиалда барлығы 373 адам жұмыстан шығарылды. Өз кезегінде «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының кадр бөлімі босаған жұмыс орындарына аймақ тұрғындарынан келіп түскен 3400-ге жуық түйіндемені қарау үстінде. Қазіргі таңда жұмыстан шығарылғандарды алмастыратын 30 маманды жұмысқа қабылдау рәсімдері аяқталғалы отыр» деп жазылған баспасөз хабарламасында.

«Еңбек тәртібін бұзғандарды» жұмыстан шығарып, олардың орнына жаңа мамандарды алу жұмыстары Қаражанбасмұнай бірлескен кәсіпорнында да жүріп жатыр.

Бұл хабарламада наразылық акциясына қатысушылардың қатары аздап сиреп, шілденің 27-і күнгі жағдай бойынша 748 адам ғана жұмысқа шықпағаны айтылады.

«ӨЗЕНМҰНАЙГАЗДЫҢ» ҮНДЕУІ

Ал жаңаөзендік мұнайшылар алған беттерінен қайтпайтындықтарын айтып отыр.

- Жаңаөзен жасыл желекке бай емес. Әр жерде бір шолтиған теректердің түбінде жиналып тұрмыз, - деді ереуілшілердің бірі.

Олар «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы басшылығының цех бастықтары арқылы үндеу парақшаларын таратып, мұнайшыларды жұмысқа шығуға үгіттеп жүргенін жеткізді. Аты-жөнін айтпауды өтінген мұнайшы үндеу мәтінінің мазмұнын Азаттық тілшісіне оқып берді.

«Еңбек ақысын даулаған заңсыз ереуілдеушілерге ілескендер алаңда топталып тұр. Күннің аптап ыстығында кешке дейін қақталып тұру оңай емес, әрине. Оларды арыға шаптырып, жұмысқа шығармай тұрған желден нәзік, құлаққа жағымды өсектер таратып жүрген біреулер бар. Бір-екі күн
Еуропа парламенті өкілдері Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

ішінде Еуропа парламентінен біреулер келіп талаптарын орындамақшы екен немесе Астанадан біреулер келіп талаптарын орындауға көмектеспекші екен деген жалған сыбыстар таратады. Осыдан «ереуіл рухы» көтеріледі.

Құрметті мұнайшылар!

Артыңызда аузын ашып, күніне үш мезгіл тамақ сұрап отырған, жоғары оқу орынында оқып жатқан балаңыз, жарларың мен қарияларыңыз бар. Одан қалса, банктерде кредиттеріңіз бен жұмыс берушіден алған несиеңіз бар екенін ұмытпаңыз. Біздікі - тек түсіндіру. Шешім қабылдайтын - өзіңізсіз. Ойлан, мұнайшы! Жұмысыңа орал!» деп жазылған үндеуде.

КОМИТЕТ

Шілденің 28-і күні Қазақстан социалистік қозғалысы ақпарат таратып, елдің батысындағы ереуілдеткен мұнайшылар отбасына қолдау көрсететін қоғамдық комитет құрылғанын жария етті.

Комитеттің мақсаты - мұнайшылар отбасына арнап қаржы, азық-түлік, киім-кешек жинау.

«Алдағы уақытта Қазақстанның өзге өңірлерінде де комитет пункттері ашылады. Ал Маңғыстауда ереуілшілер әйелдері банкте есепшоттарын ашады. Олардың балаларына арналған жаңа оқу жылы үшін мектеп жабдықтары, бұзылмайтын азық-түліктер жиналады» деп хабарлайды комитет.
XS
SM
MD
LG