Accessibility links

«Маңғыстаудың оқығандары елге келмейді» деп өкпелеп отыр Кекілбаевтың ауылы


Тәуелсіз заңгер Жиынбек Рәбілұлы. Алматы, 19 тамыз 2011 жыл.

Тәуелсіз заңгер Жиынбек Рәбілұлы. Алматы, 19 тамыз 2011 жыл.

Маңғыстауда ереуілдеп жатқан мұнайшыларға барып, кәсіби көмек көрсетіп қайтқан тәуелсіз заңгер Жиынбек Рәбілұлы жұмысшылардың заңды білмейтінін, жұмыс берушінің заңды бұзатынын айтады.


Жиынбек Рәбілұлының сұқбаты


«САЯСАТҚА САЛМАЙ, ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒЫН АЙТТЫМ»

– Жиынбек Рәбілұлы сіздің Маңғыстаудағы мұнайшылардың дауына араласып, құқық қорғаушы болып баруыңызға не түрткі болды?

– Құқық қорғаушы болғандықтан қазақ тілді халық көбіне мені біледі. Шаңырақ оқиғасына байланысты көп араластым. Қызылағаштағы оқиғадан кейін тұрғындарға барып құқықтық көмек көрсеттім. Құдайға шүкір, Шаңырақтағылардың көбі қазір жер алды, тиісті құжаттарын алды. Қызылағаш та қазір тынышталды. Маңғыстауға барып қайтуға Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбай мырзалардан ұсыныс болды. Қарсылық білдіргем жоқ. Өзімнің де көкейімде тұрған нәрсе еді.

– Қандай нәтижеге жеттіңіздер?

– Жаңаөзенге маусым айының ортасында бардым. Жаңаөзенде 500-дей ереуілші халықтың ішіне бардым. Олар түрлі сұрақтар қойды. «Ақшамызды көбейтсе, 1,8 коэффициентті қосса, 1,7 коэффициенті алынып жатыр ма, жоқ па, білмейміз» деген сияқты сұрақтар болды. «Жұмыс тоқтап тұр. Бірақ, біздің несиеміз бар, қарызымыз бар. Оны не істейміз?» деген сұрақтар төңірегінде болды.

Мен «бұл жерде екі түрлі жауап беруге болады» дедім. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, мен заңгер болғасын турасын айтуға тиістімін. Ал екінші бір жағы бар, бұл – саясат. Саясатқа келген кезде шындықты бүгіңкіреп, саяси мәселелерді көбірек айту керек болады. «Өзімнің мінезімде саясатқа салмай, құқықтық жағын айтқым келеді» деп едім, «бізге де сіздің заңгерлік көмегіңіз керек еді. Заңды білмей жатырмыз. Біздің мына тұрған тұрысымызды заңсыз деп айтты. Митингімізді заңсыз деп айтты» деді.

Сосын мен олардан тиісті құжаттарды сұрадым. Оның ішінде еңбек келісім шарттары, ұжымдық келісім шарттары бар.Солардың бәрін қарап, талаптарын қолыма алдым. Максим деген кәсіподақ төрағасы бар, Естай
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.

Қарашаев, Наташа Қажығалиева деген сол жерде жатқан азаматтар құжаттарын берді. Бір екі күндей құжаттарды қарап шықтым да, құқықтық қорытынды жасадым.

Одан байқағаным – бұлар ереуілге шығуын шыққан. Бірақ ереуілді реттейтін еңбек кодексінің 11 бабы бар талаптар жасалмаған. Соттың «ереуіл заңсыз» деп шешім шығарып отырған себебі – сол.

Ереуіл жасау үшін, біріншіден – сол ұжымның жұмысшыларының жиналысы өтеді. Ол жиналысқа жартысынан көбі келуі керек. Немесе конференция өтеді де, делегат болып келеді. Сол жерде талаптар талқыланып, дауысқа салынады. Көпшілік дауыспен қолданады. Жиналыста қолданғаннан кейін ол талап болады. Сосын жұмыс берушіге барады.

Жұмыс беруші 7 күннің ішінде жауап беруі керек. Жеті күннің ішінде жауап бермесе, ол өзінің бітімгерлік коммисияға беретін адамдарын шығарады да, бітімгерлік комиссияның отырысы басталады. Ол бітімгерлік коммисиясында бітпесе, еңбек арбитражы деген бар. Ол көбінде республикалық, қоғамдық бірлестіктер мен қайраткерлердің қатысуымен болатын нәрсе. Бес адамнан кем болмауы керек. Төрағаны өздері сайлап алады.

Бітімгерлік комиссиядан кейін – еңбек арбитражы. Арбитражда шешілмеген жағдайда, қайтадан жұмысшылардың жиналысы өтеді. Оған жартысының көбі жиналып, үштен екісімен қолдануы керек. Сондай, ереуілді қолдаған кезде ғана, ереуіл басталады, жұмыс тоқтатылады.
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшылар және олардың отбасылары. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.

Осындай кезде 11 бап орындалады да, ереуіл заңды болады. Ереуіл заңды болған жағдайда «лакаут» деген нәрсе бар. Бұл кезде ешкім ешкімді жұмыстан қудалап шығара алмайды.

Бірақ газ бен мұнай саласы аса қауіпті сала болып есептелінгендіктен, ол жақта ереуіл болуға тыйым салынған. Бұл туралы үкіметтің қаулысы бар. Себебі үшінші бір адамның өміріне қауіп төндіретін орын болғандықтан, ереуіл болмайды. Бірақ конститутциядағы құқықты алып тастамайды. Тек жоғарыда айтылған 11 талапты орындағанда ғана болады. Ал оған дейін шама келсе, бітімгерлік комиссиясында, немесе сотта шешуі керек еді. Осыны айттым.

«ТАЛАПТЫ ЗАҢДЫ ҚОЙСА, ОРЫНДАЙМЫЗ ҒОЙ»

– Ал компания басшыларымен жолықтыңыз ба?

– Мен «Азат» партиясының Маңғыстаудағы филиалының кеңсесінде таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін адамдарды қабылдап отырдым. Адам көп келді. Жан-жақтан түрлі сұрақтар қойды. Сосын «мен сіздерге жауап бермес бұрын жұмыс берушілермен кезігейін» деп, «Қазмұнайгаздың» басшыларымен – Қайыржан Елеусінов деген азамат бар, Асқар Сұмағұлов деген Астанадан келген директорлар кеңесінің төрағасы бар екен, сол кісілермен – жолықтым. Сосын «Өзенмұнайгаздың» кәсіподағынан Сүйеубай Әділ деген кісімен жолықтым. Ерсайдың жұмыс берушілерінің бірі Адам Әділет деген жігітпен жолықтым.

Олармен сөйлесе келе түсінгенім – «талапты заңды қойса, орындаймыз ғой» дейді. «Бірақ еңбекақылары жаман емес» дегенді айтты. Енді ол кісілер солай айтып отыр. Бірақ мен айттым: «Қаражанбастықтар 1,8 коэффициентін сұрап отыр». «Өзендіктер былтыр алып алған. Бұл коэффициентті еңбекақымызда төленіп отыр былтыр мұны сотта дәлелдегенбіз» дейді. Сосын мен айттым: «Былтыр маусым айының 22-сінде Өзеннен 230 адам бұйрықпен жұмыстан шығып кеткен болатын. Қаражанбастан 156 адам шығып тұрған. Жарайды, жұмысшылар
Мұнайшыларды қолдау акциясы, Жаңаөзен қаласы әкімшілігі маңы. Жаңаөзен қаласы, 8 шілде 2011 жыл.

тарапынан олқылық кеткен екен. Ал сіздер тарапынан кеткен олқылық – жұмысшыларға еңбекақының қайдан құралғанын түсіндірмегенсіздер, түсіндіре алмағансыздар. 136 мың теңге жалақы алып отырған адам бұл ақша қайдан келіп отырғанын білмейді. Ішінде жеті, сегіз коэффициенттің түрі бар – түзету коэффициенті, салалық, аудандық коэффициенттер дейді, разряд аралық коэффициенттер дейді. Осының барлығын жұмысшы түсінбей отыр. Сондықтан ол «мені жеп жатыр» деп ойлайды. Сіздердің кінәларыңыз сол – жұмыстан шығарған адамдарыңызды қайта жұмысқа алыңыздар» дедім. «Түсіндіріңіздер, ереуілге шықпайтындай қосымша келісімшартқа отырыңыздар. Егер сіздер жұмыстан шығарып жіберсеңіздер, бір адамның артында бес, жеті жанұяда адам бар. Олар қайда барады?» дедім.

Сосын «Дат» деген газетке мақала жазуға тура келді. «Мұнайым, неге болдың уайым» деген мақала. Сол мақалада айтып кеткен жерім былай еді: Ойланып қарасаңыз, Маңғыстау облысына Алла тағала жерасты байлығын еншілікке берген сияқты. Себебі жердің бетінде басқа тіршілік көзі қиын. Оңтүстік Қазақстан сияқты көкеніс, жеміс еге алмайды, Солтүстік Қазақстан сияқты астық егіп өсіре алмайды, Шығыс Қазақстандағы сияқты 30 зауыты жоқ. Орталық Қазақстандағы сияқты сауда-саттықпен айналыса алмайды.

Сонда оларда не қалады? Мал шаруашылығы және мұнай. Мал шаруашылығымен айналысуға болады. Ол жерде түйе жақсы өседі, жылқы өседі. Бірақ жем-шөбі бар. Сол қиындық тудырады. Сондықтан жұмыстың тіреліп тұрғаны тек қана мұнай екен. Жұмыс берушілер соны ойланса деп едім. «Ең бірінші жергілікті халықтың жағдайын
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалы комитеті» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

жақсартсаңыздар. Халықты қанағаттандырсаңыздар, бюджетке түссе, қалғанын өздеріңіз алсаңыздар, бөліссек, сол кезде халық разы болар еді» деп айтқан едім. Оған бірақ құлақ асқан адам жоқ сияқты. Ал жұмыс берушілердің үшеуі бірдей «ешкімді жұмысқа алмаймыз» деп кесіп айтты. Онда бұл жараның аузын таңып қойғанмен бірдей болып тұр. Ар жағы емделмеген. «Бұл асқынады, сыздауыққа ұқсап түбі жарылады» деп айтып кеттік.

Қазір соған көзіміз жетіп тұр. Жұмыстан шығып жатқан адам саны көп. Қазір Жаңаөзеннен 500-дей адам шығып кетті дейді. 200-ден астам адам Қаражанбастан шығарып жіберді дейді. Ал Ерсайдан италиялықтар кетіп, тіпті жұмыс тоқтап тұр, онда Корея азаматтары келгелі жатыр дегенді естіп жатырмыз. Ол жергілікті жердің азаматтарының жағдайын нашарлатады.

ЖҰМЫС БЕРУШІНІҢ ҰҚК МЕН ПРОКУРАТУРАҒА «ӨТІНІШІ»

«Ойл Сервис Компани» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Сол мекеменің азаматтары маған «ұжымдық келісімшартымызды жасап беріңіз» деп сұрады. Жобасын қарап, талқыға салдық. Ұсыныстар қаралды. Тамыздың екісі күні комисия отырысы басталды. Ал еңбек кодексінің 282-бабының бесінші тармағында айтылған: бірінші отырыстан бастап, бір ай ішінде ұжымдық келісімшартқа отыру керек. Соған байланысты біз талап қойдық. Алайда жұмыс берушілер «жоқ, бұл асығыс» деді. Бұл – заң, асығыс болса да – заңды орындауға барлығымыз міндеттіміз.

Менің байқағаным, жұмыс беруші ұжымдық келісімшартқа отырмауға тырысады. Себебі оған отырса, қосымша өзінің ақшасынан айырылады. Оған жұмысшылардың бюллетеніне, балабақшасына, оқуына төлеуі керек. Жұмыс берушілер көбінде осыдан қашқақтайды. Бірақ бір қуантатын жағдай – «Ойл Сервис Компани» ЖШС-нің үстінен қарайтын «Ақтау мұнайгаз» мекемесінің бас директоры Абай Құрбанов пен «Ойл Сервис Компани» ЖШС-нің басшысының еңбегін атқарып жүрген Ағой Раушанов пен кәсіподақ төрағасы Серік Нұрлыбаев деген кісілермен сөйлесе келе, олардың түсініктері мол, тәжірибелі азаматтар екенін көрдім. Дау-дамайсыз осы келісімшарт шешілетін сияқты.

Екіншіден, жұмыстан шығып жатқандар жұмыс берушілерге қажет емес, өзі ойлағандай ойламайтын немесе басшылыққа қарсы келе беретін азаматтарды осы ереуілді пайдаланып жұмыстан шығарып алды. Тек қана
Жаңаөзен қаласындағы әкімдік ғимараты жанындағы "Тәуелсіздік" алаңына жиналған мұнайшыларды қадағалап тұрған полиция қызметкерлері. Жаңаөзен қаласы, 10 шілде 2011 жыл.

құлдық қылып, бас иіп жүре беретін адамдарды ғана қалдырып, бас көтеретін адамдарды жұмыстан алып тастаған тәрізді болды. Себебі маған келіп жатқан жігіттердің бәрі – көкіректері ояу, сезімдері сергек, жанып тұрған жігіттер. Сондай азаматтар жұмыстан шығып кеткен сияқты. Енді арғы жағы қалай болады...

Мың адам жұмыстан кетті, мың адамың әрқайсысының артында 5 адамнан тұр десек, 5 мың адам болады. Бұл болашақта армия ғой. Бұл – наразылық тудыратын болашақтағы армия. Сондықтан «біз жұмыстан шығардық, құтылдық, шаруа шешілді» деуге болмайды. Бұл уақытша ғана дүние сияқты, болашақта бұл асқынып кетуі мүмкін. Менің Маңғыстаудан келгеніме бір жұма ғана уақыт болды. Жаңаөзенде халық әлі тұр, Қаражанбас кеңсесінің алдында ереуілшілер әлі жүр. Қазір Жаңаөзенде тұрған адам саны 2 мыңның үстінде. Бұрын 4 мыңдай болған. Ол ата-аналары, келіндері, бала-шағалары – барлығы шығып кетті ғой. Олар әлі сол жерде қонып жатыр.

Мен Қарашаев Естай деген азаматты жұмыстан шығарып жіберу туралы істі сотқа беріп, қорғаушы болдым. Бірінші экономикалық соттан жеңілген екен. Олар сотқа беріп, соттың шешімімен жұмыстан шығарылмақ ниетте екен. Сонымен аппеляциялық сотқа арыз беріп, тоғызыншы тамызда сотқа қатыстым. Жиырма төрт жылдық заңдық тәжірибемде осындай дәрежеде өткен бірінші сот.

Біріншіден, аппеляциялық арыз-талап бір айдан артық уақыт ішінде қаралмауға тиіс. Олар қырық күн дегенде қарады. Бірінші заң бұзушылық.

Екінші, бастала салып мен сенімхат негізінде қорғаушы болдым. Екінші тарапқа менің көкейімде сұрақтар болды. Сол сұрақты қоюға мен сотқа өтініш тастадым. Сот сұрақ қойдырмады. «Неге?» десем, «сіз ол сұрақты бірінші сотта қоюыңыз керек еді» дейді. Егер бірінші сотта барлық сұрақты қоятын болсақ, онда екінші соттың қажеті не? Екіншіден, бұл заң бойынша менің құқығым, себебі сұрақ кеше ғана туындап тұр. Жұмыстан бірінші тамыз күні ғана шығарыпты. Екі ай өткесін «жұмыстан себепсіз қалды» деп шығарып тұр. Бұл тағы да, еңбек кодексінің 73-бабына қайшы. Себебі жұмыстан кешіккен күннен бастап бір айдың ішінде шара қолдануы керек еді.

Ал үшінші қателік – «Қарашаев Естай деген азамат 27-28 мамырда жұмыста болмаған» дейді. Ол күні ол кәсіподақ жиналысында болған. Оған дәлел бар. Оған жұмыста болмады деп акт қойып тастаған екен. Ал алтысы мен жиырма біріне дейінгі аралықта ол өзінің ауырғанына байланысты, жұмысқа жарамсыз деп саналып, бюллетень алған. Жұмыс беруші бюллетеньді төлеген. Яғни жұмыстан себепсіз қалу салдары жоқ. Яғни еңбек қатынасы жалғасты деген сөз.

Ал төртінші қателік – алқа соты үш сот төрешісінен тұруы керек. Біздің ісімізді жалғыз сот төрешісі қарады. Бұл білмеушілік пе, әлде заңды белден басу ма? Немесе ешкімді елемей, «өзім би, өзім қожа» деген сыңай ма –
Қаражанбас мұнайшылары отбасымен бірге Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімшілігі алдына жиналып тұр. Ақтау қаласы 2 маусым 2011 жыл.

мен осыны байқадым. Жоғары сотқа арыз беруіне болады, мүмкін сонда әділдікке жетіп қалар. Ереуілдеп жатқан – екі мыңдай адам, солардың ішінен 500-дейін шығарып отыр. Неге барлығын бірдей жұмыстан шығармайды? Заң бәріне бірдей емес пе? Мен «сіздер оларды қалай таңдадыңыз» десем, біз «ұлттық қауіпсіздік комитетіне және прокуратураға «бізге аудио, және бейне түсірілімдер түсіріп беріңдер» деп арыз тастадық. Соның ішінен саралап. мынау белсенді деген азаматтарды жұмыстан шығарып отырмыз» деп өздері мойындап отыр. Бұл да – заң бұзушылық. Жұмыссыз қалған адам не істейді? «Аш адам – ұрысқақ» дейді.

«ӨЗІМІЗДЕ ДЕ АЗАМАТТАР БАР ЕДІ...»

– Өзіңізді Маңғыстауға былтыр барғанда да, биыл да бірнеше рет полиция тексерген екен. Сол туралы айтып беріңізші.

– Былтыры Өзен оқиғасына «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов мырзаның өтінішімен барғанмын. Әуежайдан түсе сала такси жалдадым. Бірақ таксиді Өзенге деп жалдаған жоқпын, Жетібайға деп жалдаған едім. Себебі жібермейтінін білдім. Жетібайға деп жалдағанның өзінде соңымыздан екі машина ерді. Содан қаладан 17 километрдей алшақтағанда МАИ тоқтатты. Айдалада көлігіміздің тежеуішін тексеріп, «қайда бара жатырсыздар?» деп сұрақ қойды. Сосын бір асханаға кіріп, ол жерден басқа таксиге отырып Өзенге жеттік.

Осы жолы тағы да құжаттарымызды тексеріп, аты-жөнімізді жазып алды. Қалада тұрып жатқан соңғы 26 күннің ішінде 4 үй ауыстырдық. «Қонақ үйге бармаңыздар» деп жігіттер алдын-ала ескерткен. Олар «бұл жақ қауіпті» дейді.

– Жаңаөзеннен басқа тағы қандай жерлерге бардыңыз?

– Шетпе деген ауылға да біз табан тіредік. 300 километр жерде Оңды деген ауылда болдық. Әбіш Кекілбаевтың ауылы екен. Сол жерде ақсақалдармен кезіктік. Түнгі сағат екіге дейін әңгімелестік. Сонда ақсақалдардың айтқаны: «Алматыдан келіп жатыр екенсің, рахмет! Өзімізде де азаматтар бар еді. Олардың біреуі келмеді. Тіпті көңіл аударған жоқ. Өнер саласында жүрген азаматтарымыз бар еді, олар да бас сұққан жоқ. Үлкен лауазымды азаматтарымыз да келген жоқ. Соған қарағанда, біздің Маңғыстаудың оқығандары елге келмейді, оқымағандары елге маза бермейді» деп, өкпелерін айтты.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG