Accessibility links

Жетібайдағы жаңа үй тұрғындары нәжіс исіне шағымданды


Жетібай кентінде мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үй тұрғындары. Маңғыстау облысы, 17 тамыз 2015 жыл.

Жетібай кентінде мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үй тұрғындары. Маңғыстау облысы, 17 тамыз 2015 жыл.

Маңғыстау облысы Жетібай кентінде мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйдің тұрғындары «жертөлеге жиналған нәжіс исіне шыдау мүмкін емес екенін» айтады. Аудан әкімдігі «үй күтіміне тұрғындар жауапты» дейді.

Маңғыстау облысы Жетібай кентінде екі подъезді, төрт қабатты үй «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында бюджет қызметкерлері, мүгедектер мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға арнап 2012 жылы желтоқсанда салынған. Мұнда жүз шақты адам тұрады.

Үйдің пайдалануға берілгеніне үш жылға жетер-жетпес уақыт болғанымен, тұрғындар «кәріз жүйесі тартылмауы кесірінен баспана қызығын көре алмай отырғандарын» айтады. Олардың сөзіне қарағанда, «шағымдарын тыңдаудан аудан билігі де, коммуналдық сала қызметі де бойын аулақ салады».

ТҰРҒЫНДАР ШАҒЫМЫ

Үй тұрғындарының шағымын тыңдап, жағдайды көзбен көруге Жетібай кентіне Азаттық тілшісі барған еді. Үйге жақындай бере нәжіс исінің қолқа қабатыны бірден білінді. Жертөлеге жиналған нәжіс пен айналадағы қоқыс кесірінен үй төңірегі шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа мен масаның мекеніне айналған. Қас қарайса да пәтерлеріне кірмей, тілшіні қарауылдаған тұрғындар жан-жақтан жамырай шулап қоя берді.

62 жастағы екінші топ мүгедегі Мәмилам Қойлыбаеваның пәтері бірінші қабатта орналасқан. Ол тұрмысын «пәтерде емес дәретханада тұрамын» деп сипаттады.

– Кәріз суы жиналатын құдықты дер кезінде тазартпайды. Соның кесірінен нәжіс жертөлеге жиналып, оның исіне төзу мүмкін емес жағдайға жетті, -дейді ол.

Оның сөзінше, «дәретхана бөлмесіне жиналған нәжісті тұрғындардың өздері жинап жүргенін ауыл әкімі келіп көріп кеткен».

Көпбалалы ана Айнагүл Қалжанова. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы, 17 тамыз 2015 жыл.

Көпбалалы ана Айнагүл Қалжанова. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы, 17 тамыз 2015 жыл.

Жеті баланың анасы Айнагүл Қалжанова осы үйдегі екі бөлмелі пәтерде тұрады. Ол «нәжіске жиналған масаға ұқсас жәндіктің адам талайтынын, тіпті балалардың үсті-бастары жара болып кеткенін» айтты. Оның сөзін қоштаған Гүлфара Шәкірова кәріз қалдығын тазарту жұмысы атқарылмайтынын айтып:

– Шағымдарымызды қағазға түсіріп, мамырдың 4-і күні Қарақия ауданы әкімдігіне апарып тапсырдық. Жауап жоқ. Тек бір рет келіп тазалап кетті. Біз жарық, судың ақысын төлеп отырмыз. Сол секілді кәрізді тұрақты тазалап отырса, оның да құнын коммуналдық төлеммен бірге төлеп отырар едік, - деді.

«ТҰРҒЫНДАР ӨЗДЕРІ ЖАУАПТЫ БОЛУЫ ТИІС»

Маңғыстау облысы Қарақия ауданы әкімнің орынбасары Қыдырберді Бековтың сөзінше, «бұл - шешілетін мәселе». Оның айтуынша, «бұрын мұндай мәселелермен коммуналдық мекемелер айналысса, кейін ол қызмет бәсекелестік ортаға берілген».

– Тұрғындар үйді алған кезде келісім-шартқа отырған. Онда үйді күтіп ұстау туралы міндеттемелері жазылған. Соған сәйкес, олар өздері ақша жинап, соған жекеменшік мекемелермен келісім-шарт жасасуы тиіс, - дейді шенеунік.

Ол Азаттық тілшісіне «өзі барып бұл міндетті тұрғындарға түсіндіріп беретінін» айтты.

– Жетібайда канализация (кәріз) жүйесі жоқ. Мектеп, балабақшалар үшін тәулігіне 101 текше метр канализация суын тазартатын қондырғы орнату жоспарланып отыр. Әзірге ол жоспардың жобалық-сметалық құжатын жасауға ғана қаржы бөлінді, - дейді Қыдырберді Беков.

Жетібай кентіндегі «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйдің жертөлесі. 17 тамыз 2015 жыл.

Жетібай кентіндегі «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйдің жертөлесі. 17 тамыз 2015 жыл.

Әкім орынбасары кәріз жүйесін салудың қашан басталатыны туралы ақпарат бермеді. Шенеунік жаңа баспананың Жетібай кентіндегі соңғы бес жылда «Қол жетімді баспана» бағдарламасы бойынша салынған алғашқы үй екенін айтты. Бұл үй аудан әкімдігінің тұрғын үй құрылыс бөлімі қарамағында тұр.

12 мыңнан астам тұрғыны бар Жетібай кентінен облыс орталығы Ақтау қаласына дейін 80 шақырым. Ауылдағы негізгі жұмыс беруші мекеме – «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қарасты «Жетібай мұнай және газ өндіру басқармасы». Ауылдың үстімен Бозашы мұнай құбырын Ақтаумен байланыстыратын «Ақтау – Жетібай – Өзен» мұнай құбыры өтеді.

Жетібайдағы кәрізі істемейтін жаңа үй жайлы видео:

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG