Accessibility links

Жетібайдан табылған бөшкелер тұрғындарды тіксінтті


Жетібай ауылы маңынан табылған белгісіз бөшкелер. Маңғыстау облысы, 12 қазан 2014 жыл.
Жетібай ауылы маңынан табылған белгісіз бөшкелер. Маңғыстау облысы, 12 қазан 2014 жыл.

Маңғыстаудағы Жетібай ауылы маңына белгісіз бөшкелерді кім көмгені тексеріліп жатыр. Жақында облыста радиоактивті зат салынған контейнер жоғалып табылған соң ауыл маңына тасталған күдікті ыдыстар тұрғындарды алаңдатты.

Қарақия ауданындағы Жетібай ауылының шетіндегі карьерлерден табылған белгісіз бөшкелер уақытша сақтауға қоймаға жөнелтілді деп хабарлады Азаттыққа облыстық төтенше жағдайлар департаменті қазанның 15-і күні.

«Ыдыстар радиацияға тексерілді, мөлшері қалыпты. Қазір тексеру жүргізіліп» жатыр делінген төтенше жағдайлар қызметінің хабарламасында.

Бірақ ақпаратта табылған заттардың кімдікі екендігі жайлы ештеңе айтылмаған.

КҮДІКТІ ЫДЫСТАР

Маңғыстау облысының орталығы Ақтаудан 80 шақырымдай жердегі Жетібай ауылында 10 мыңнан аса адам тұрады. Аймақтағы ірі өндіріс ошағының бірі «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы игеріп жатқан кеніш пен оған еншілес «Жетібаймұнайгаз» өндірістік кәсіпорыны басқармасы осы ауыл аумағында орналасқан.

Жетібай ауылы маңындағы карьерде жартылай көмулі жатқан белгісіз бөшкелер. Маңғыстау облысы, 12 қазан 2014 жыл.
Жетібай ауылы маңындағы карьерде жартылай көмулі жатқан белгісіз бөшкелер. Маңғыстау облысы, 12 қазан 2014 жыл.

Ауыл тұрғындары өткен аптада ауыл шетіндегі тас өндіретін карьерлердің бірінен белгісіз бөшкелердің табылғанын айтып, Азатттық тілшісіне хабарласты. Тілші қазанның 11-і күні Жетібайға барғанда көргені - қабыршақ тастар қазылып алынғаннан кейін босаған шұңқырларды толтырған топырақ бетінде екі темір бөшке жатыр екен, топырақ астынан тағы біреуінің шеті қылтияды. Сырт пішіні газ баллонына келіңкірейтін ыдыстардың қасында он шақты резеңке бөшкелердің жондары топырақ астынан жарқырайды. Ауыл адамдары бұл заттарды мұнда кімнің қашан әкелгенінен хабарсыз.

«Бұған дейін осы жерде болмаған бөшкелер қайдан келген? Бұлар қауіпті болуы мүмкін ғой. Бәлкім, ішінде жарылатын немесе радиациялық зат бар шығар? Онсыз да мұнай қалдықтары бар ауамен тыныстап жүрген біз енді осыны уайымдап отырмыз» дейді ауыл тұрғындары.

Жақында Маңғыстау облысы аумағында жоғалып, кейін Қызылорда аймағынан табылған радиоактивті зат - цезий салынған контейнер туралы хабардан соң Жетібай тұрғындары ауыл іргесінде жатқан белгісіз бөшкелерге ерекше күдікпен қарайды.

Азаттық тілшісі бөшкелердің сыртын айналдыра қарап шыққанымен, тотыққан темірден еш жазу байқамады. Тіпті анықтайтындай ілік табылған жоқ. Ауыл тұрғындары ол бөшкелер «Маңғыстаумұнайгаз» өндірісіне пайдаланылған ыдыстар болуы мүмкін деген долбар айтты

ВИДЕО: Жетібай ауылы маңынан табылған белгісіз ыдыстар

Жетібайдағы белгісіз баллондар
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:36 0:00
Жүктеп алу

​Белгісіз бөшкелерді сурет пен бейнетаспаға түсіріп алған Азаттық тілшісі олардың жайын құзырлы орындардан сұрап көрді.

Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығы міндетін атқарушы Орынбасар Тоқжанов: «Ол менің құзырыма жатпайды, экологияның мәселесі» деді телефон арқылы берген жауабында.

Ал экология департаментінің басшысы Ермек Умаров ресми хат жолдауды сұрады.

– Біз қазір сіздің сұрағыңызға ресми жауап бере алмаймыз. Суретті тіркеп, сауал жолдаңыз, - деді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің өндірістік бөлімі қызметкерлері суреттегі бөшкенің газ баллоны емес екенін айтты.

ПОЛИГОНДАР ҚОРШАҒАН АУЫЛ

Төрт-бес километрлің маңында мұнай қалдықтарын өңдеуге арналған полигондар орналасқан Жетібай ауылы тұрғындарының экологиялық жағдайға байланысты шағым айтуы бірінші рет емес. Биыл маусым айында жетібайлықтар ауыл шетіндегі мұнай қалдықтары төгілетін бес полигонның зардабын тартып келе жатқандарына наразылық білдіріп жиналған болатын.

Ол жерге Қарақия ауданы территориясындағы Жетібай кенішін игеріп жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты компаниялар өндіріс қалдықтарын төгеді. Аудан территориясында мұнай өндіру барысында қойылған 5 мың ұңғыма бар.

Азаттық тілшісіне мұнай қалдықтары төгілген жерді көрсеткен Жетібай тұрғыны Нұрболат Себепов жел ауылға қарай соққан кезде ауаға тараған иістен тыныс алу мүмкін болмай қалатынын айтады.

– Бізде рак дертіне шалдыққандар, ұйқысынан оянбай қалатындар, өзіне қол салатындар жиілеп барады. Жас келіншектер омырауынан ауырып, кестіруге мәжбүр. Құдды бір тәжірибе жасайтын тышқан секілдіміз, - дейді ол.

Әкімдік алдында тұрған Жетібай ауылының тұрғындары. Маңғыстау облысы. 12 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Әкімдік алдында тұрған Жетібай ауылының тұрғындары. Маңғыстау облысы. 12 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Жетібайлықтар шағым айтқан полигондардың бірі «Уралэнергострой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Компания директорының көмекшісі Әсет Әжіғожинов жақында жаңа құрал-жабдықты іске қосқалы отырғандарын айтып, «соның көмегімен жиналған қалдықтарды шамамен екі-үш айда өңдеп бітіруге болады» деді.

– Айналамызда басқа полигондар да бар. Бірақ тұрғындар нақ біздің полигонды айтып шағымданғандықтан есепшотымызды қазір жауып тастаған. Біз зиянды зат мөлшерін үнемі өлшеп отырамыз, егер денсаулыққа қауіпті болса мен мұнда жұмыс істемес едім, - дейді ол.

Әсет Әжіғожинов полигонда қазір шамамен 10 мың тонна мұнай қалдығы жатқанын айтты. Топырағы мұнайдан тазартылған соң 5-санатты өнім ретінде құрылысқа пайдаланылады. Бірақ Жетібай тұрғыны Нұрболат Себепов компания өкілінің сөзіне күмән келтіреді.

– Мұны тазалағанымен тағы әкеліп төгеді. Темір жол көпіріне жақын тағы бір полигон бар. Оны тазалап қойдық деп билікке жалған ақпар айтқанымен қалдықтар сол қалпы жатыр, - деді тұрғын.

XS
SM
MD
LG