Accessibility links

Тұтқынды азаптағаны жайлы шағымды тағы тексермек


Сот жазасын өтеп жатқандар отырған колония қоршауы мен оны күзетіп тұрған қызметкер. (Көрнекі сурет)

Сот жазасын өтеп жатқандар отырған колония қоршауы мен оны күзетіп тұрған қызметкер. (Көрнекі сурет)

​Жамбыл облысындағы ЖД-158/2 колониясының қызметкері қамаудағы адамды ұрып-соғып, зорлауға тырысты деген тұтқын туыстарының шағымынан соң қызметтік тексеру басталды. Бұған дейін осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеу доғарылған еді.

Тұтқын Марат Құлжановтың әйелі мен қарындасы түрмеде отырған туыстарын қорлады деп Жамбыл облысындағы ЖД-158/2 түрмесінің қызметкерін жазалауды талап етіп отыр.

Әйелдер Ақтөбе облысынан Астанаға келіп, қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (ҚАЖК) шағым берген. Олар Марат Құлжановтың түрмеден шығуына бір жыл қалғандықтан, оны тұрғылықты жері бойынша басқа түрмеге ауыстыруды сұраған. Мекеменің баспасөз қызметі Азаттыққа бұл мәселенің қаралып жатқанын хабарлады. Биыл көктемде тұтқынның әйелі Іңкәр Жолболдиева ЖД-158/2 колониясы қызметкерінің үстінен полицияға шағымданған еді.

«БӨГДЕНІҢ ӘРЕКЕТІ»

Іңкәр Жолдыбаева Азаттыққа биыл сәуірдің 24-і күні жасалған сот-медициналық сараптама қорытындысының көшірмесін ұсынды. Ондағы мемлекеттік мөрге қарағанда құжатты «Әділет министрлігінің сот медицинасы орталығы» (ӘМСМО) республикалық коммуналдық кәсіпорны куәландырған.

Тұтқын Марат Құлжановтың әпкесі Анар Құлжанова (сол жақта) және әйелі Іңкәр Жолболдиева қызымен. Астана, 10 шілде 2015 жыл.

Тұтқын Марат Құлжановтың әпкесі Анар Құлжанова (сол жақта) және әйелі Іңкәр Жолболдиева қызымен. Астана, 10 шілде 2015 жыл.

Құжатта сот колонияда жазасын өтеп жатқан адамның түрмеде басынан кешкені жайлы сөзі жазылған. Онда тұтқын Марат Құлжанов режимдік бөлім қызметкері А.Аққожаевтың өзін қорлап, жан түршігерлік әрекеттер жасап, 11-колонияның карантиндік ғимаратында қалай ұрып-соққанын сипаттаған.

Құлжановтың айтуынша, оны басынан резіңке баумен, табанынан резіңке шоқпармен, арқасынан – резіңке қамшымен ұрып, басындағы шашын және шабындағы түкті оттықпен күйдірген.

Іңкәр Жолдыбаеваның сөзінше, осы жағдайдан соң күйеуімен ұзақ мерзімді кездесуге рұқсат алған ол жұбайының денесінің көгеріп қалғанын және басында қанды ісік барын көрген. Сот-медициналық сараптама қорытындысында да тұтқын Марат Құлжановтың денесінде «төс сүйегі тұсындағы қанталаған жерлердің бәрі куәлік жасалардан 4-6 тәулік бұрын доғал заттармен ұрғаннан болуы мүмкін» деп жазылған. Тұтқын денсаулығына «жеңіл» дәрежелі зиян келген деп сипаттаған сот-медицина сарапшылары, сонымен бірге ол зиян «бөгде адамның әрекетінің» салдары екенін жоққа шығармаған.

Сәуір айында тұтқынның өзі мен әйелінің өтініші негізінде бұл іс бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сотқа дейінгі тексеру бірыңғай реестріне «Қазақстан қылмыстық кодексі 362-бабының 2-бөлігі» бойынша (лауазымды тұлғаның билігін немесе өкілеттігін асыра пайдалануы) тіркелген.

Іңкәр Жолдыбаеваның айтуынша, оған маусым айында жергілікті полиция қызметкері сотқа дейінгі тергеу ісі доғарылғанын телефон арқылы хабарлаған. Әйелдің қолында қаулының өзі жоқ.

Жамбыл облыстық прокуратурасы да сотқа дейінгі тексерудің доғарылғанын растады, бірақ нақты ақпарат алу үшін Тараз қалалық прокуратурасына сілтеді. Ондағылар бұл іс жайында телефонмен ақпарат беруден бас тартты.

Жамбыл облысындағы ЖД-158/2 колониясының кадрлар бөлімі Аққожаев деген қызметкердің түрмеде жұмыс істейтінін растады. Бірақ онымен сөйлесу мүмкін болмады: ол жұмыс істейтін режимдік бөлімге қанша рет қоңырау шалғанымызбен, телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

ҚАЙТА ТЕРГЕУ

Қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті Азаттықтың ресми сауалына «сотқа дейінгі тексеру аясында Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы «тұтқынға қатыгездік таныту, оны жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу және ЖД-158/2 мекемесі қызметкеріне қатысты жанжал» бойынша тексеру жүргізілгені туралы жауап қайтарды.

«Тексеру кезінде мекеме қызметкерінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрам болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу доғарылды» делінген ҚАЖК-нің Азаттыққа жауабында.

Колония қызметкерінің іс-әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрам болмағандықтан, сотқа дейінгі тергеу доғарылды.

Тұтқын Марат Құлжановтың туыстары шілденің 8-і күні қайта өтініш жазған соң, қылмыстық-атқару жүйесінің жеке қауіпсіздікті басқару комитеті «ЖД-158/2 мекемесінің қызметкері А.Аққожаевқа қатысты қызметтік тексеру» тағайындаған.

Оның нәтижесі бойынша ҚАЖК тиісті шараларды қолдануға уәде беріп отыр. Тұтқын Марат Құлжанов қазір Ақмола облысының Гранитный елді мекеніндегі ЕЦ-166/25 колониясында отыр, ЖД-158/2 колониясында болған жағдайдан соң оны сол жаққа ауыстырған.

Орысшадан аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG