Accessibility links

Марғұлан Сейсембаев «жауап беруді» доғармақ


Топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» жобасының таныстырылымында отырған адамдар. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» жобасының таныстырылымында отырған адамдар. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаев прокуратурадағы жауап алудан соң өзінің «Жауап беремін» жобасын доғаратынын мәлімдеді. Жаңа азаматтық бастама авторы бұған дейін үкімет пен билік органдарын сынаудан бас тартқан еді.

Қазақстандық өнім сапасына арналған «Жауап беремін» атты жаңа қоғамдық бастама көтерген топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаев әлеуметтік желі арқылы өзін қазанның 3-і, сенбі күні «ескі істер бойынша» прокуратураға шақырып жауап алғанын хабарлады. Ол мұны қазақстандық өндірушілердің өнімі сапалы болуы үшін күресетін «бұқаралық және танымал» қозғалыс құруға тырысқаны үшін жоғарыдан жасалған қысым ретінде қабылдайтынын айтқан.

Тың бастамасы негізінен әлеуметтік желіде қолдауға ие болған Марғұлан Сейсембаев прокуратураға шақыру алардан бір күн бұрын үкіметті жария түрде сынаудан бас тартатынын мәлімдеген еді.

Бір қызығы, банкир әрі топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаев «Жауап беремін» жобасын іске қосатыны туралы тамыз айының соңында ғана жариялап, оны өзі әлеуметтік желілер арқылы жарнамалаған болатын. Бұл жаңалыққа назар аударған журналистердің әрқайсысымен дерлік жеке хат алмасып, өзінен сұхбат алуға ынта білдіргендерге өз бастамасына қолдау білдіру туралы шарт қойған еді. Кейінірек Алматыда Сейсембаев өткізген жобаның таныстырылымына санаулы ғана журналистер келген.

Кейбір бақылаушылар Марғұлан Сейсембаевтың билікпен қатынасында бұралаң тұстар барын еске салып, тіпті мұндай бейсаяси азаматтық қозғалыс құрудың өзін саяси элита билікке төнген қатер деп қабылдайтындықтан, топ-менеджердің «Жауап беремін» бастамасына қатысты «әу бастан іске аспайтыны белгілі» деген болжам жасаған еді.​

«ҮКІМЕТТІ ЕНДІ АШЫҚ СЫНАМАЙМЫН»

Алматыда тұратын топ-бизнесмен жұма күні Азаттық тілшісімен әңгімеде мазасын қашырып, тынышын алған жағдайға қатысты әзірше комментарий бере алмайтынын айтты.

«Жауап беремін» қоғамдық бастамасының авторы, бизнесмен Марғұлан Сейсембаев семинар өткізіп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

«Жауап беремін» қоғамдық бастамасының авторы, бизнесмен Марғұлан Сейсембаев семинар өткізіп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

– Әуелі бұл проблеманың мән-жайын толық түсініп алуым керек, сондықтан әзірше комментарий бере алмаймын, - деді бұдан ертеректе «банк капиталын жымқырды» деген айыппен екі жылға шартты жазамен сотталған топ-бизнесмен.

Facebook желісіндегі парақшасында Сейсембаев «кейбір үкімет мүшелеріне соңғы кездегі белсенділігім мен сынаған сөздерім ұнамағандықтан, қолдан іс құрастырып, мені отырғызып қоюы мүмкін» деп жазған.

Марғұлан Сейсембаев Facebook желісінде бұл жайттарды дабыра етіп, дүрбелең тудырғысы келмейтінін, бірақ Астанада «Жауап беремін» қозғалысының мақсат-міндеттерін толық түсінбеген шығар деп ойлайтынын жазған еді. Ол өзінің «Жауап беремін» жобасын ол бейбіт әрі «әлдебір саяси мақсаттарды» көздемейтін қозғалыс деп атаған.

Сейсембаев «Жауап беремін» жобасының мақсат-міндеттерін түсіндіру үшін оның белсенділік танытуына наразы және ол басқаратын «қозғалысқа» риза емес адамдармен кездесуге тырысып көретінін айтқан. Сонымен бірге, Сейсембаев тергеу ісіне көмектесетіні туралы жазған.

«Енді үкімет пен билік органдарын ашық сынағанды доғарамын. Бірақ олармен өзгерістерді сындарлы сипатта талқылауды жалғастыра беремін» деп жазған еді бұған дейін «Жауап беремін» бастамасының авторы.

ЖАҚСЫ ЖОБА МА, ӘЛДЕ «ӨЛІ ТУҒАН СӘБИ» МЕ?

Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» жобасын бір ай бұрын жылы қабылдаған қазақ саяси эмиграциясының белсендісі Бақытжан Кетебаев бұл - «тамаша жоба» деген пікірін өзгерткен жоқ. Бақытжан Кетебаев «Жауап беремін» жобасы авторын қылмыстық қудалаудың негізгі себебін «биліктің өзін-өзі сақтау әдетімен», яғни саясатпен байланыстырады.

Топ-бизнесмен әрі банкир Марғұлан Сейсембаев эмиграциядан оралған соң баспсөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Топ-бизнесмен әрі банкир Марғұлан Сейсембаев эмиграциядан оралған соң баспсөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

– Бұл жағдай 25 жыл бойы жөндеу көрмей, бұрыштарын өрмекшінің торы басқан сүреңсіз үйді елестетеді. Кенет әлдебіреу белсеніп шығып, үйдің бір бұрышын жуып-шайып, ақ түске бояп қойды делік. Әлгі бұрыштан кейін енді үйдің қалған тұстарындағы кір-қоңы бірден көзге түсетін болды. Жақсы, әлгі әппақ, тап-таза бұрыш Марғұлан Сейсембаевтың үлесі болсын. Ал үйдің қалған бөліктерінің қораш күйіне кім жауапты? Бұл – Ақордаға өте жайсыз тиетін сұрақ. Енді үйдің қалған бөлігін жөндеп шығу керек немесе әлгі мұнтаздай ақ бұрышты қайтадан бұрынғыдай лас күйге түсіру керек. Билік осы екеуінен қай нұсқаны таңдағанын өзіңіз де көріп отырсыз, - дейді Бақытжан Кетебаев.

ITSupport Group компаниясының бас директоры Алексей Белимов Азаттыққа оның бизнесі де «Жауап беремін» жобасы принципі негізінде құрылғандықтан, Марғұлан Сейсембаевты қолдайтынын айтады.

– Қолға алған ісіме өзімнің ең құнды дүнием – беделіммен жауап беремін. Марғұлан Сейсембаевтың «Жауап беремін» жобасының негізі де беделді кепілге қоюға құрылған. Екеумізге ортақ жайт осы, ал айырмамыз – мен өз принципімді жар салып, жұртқа жарияламаймын, жұмысымды тыныш тындырамын. Меніңше, ол ашық боламын деп артық көзге түсіп қалды, - дейді Алексей Белимов.

Марғұлан Сейсембаевтің жобасын кәсіпкер Бейбіт Әпсенбетов те «тамаша» бастама деп есептейді. Ол «жоба іске қосылмай жатып, күйрей бастады» деген пікірмен келіспейді. Оның пікірінше, бұл жоба Марғұлан Сейсембаевтың өзі бас тартса ғана күйрейді.

Журналистер Ұлттық баспасөз клубы ауласынан шығып бара жатқан топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың көлігін фото және видеоға түсіріп тұр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Журналистер Ұлттық баспасөз клубы ауласынан шығып бара жатқан топ-бизнесмен Марғұлан Сейсембаевтың көлігін фото және видеоға түсіріп тұр. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Экономист Әлішер Орынбеков «тіпті оған ақы-пұлсыз көмектесуге әзірміз деп жатқандар көп болса да, бұл – тіпті Сейсембаев сияқты тамыр-танысы көп адамның да шамасы жетпейтін тым артық амбициялы жоба» деп санайды. Орынбековтің пікірінше, Марғұлан Сейсембаевтың жанында ерікті көмекшілердің үлкен командасы болған күннің өзінде, Қазақстанның ресми экономикалық статистикасы мен нақты жағдайдың арасындағы алшақтық айтарлықтай болғандықтан, бұл жобаны іске асыру қиынға соғар еді.

Кезінде Марғұлан Сейсембаев Қазақстанда қылмыстық қудалауға ұшырап, шетелге кеткен болатын. Сосын кейін елге оралып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа адал екені туралы мәлімдеме жасаған. Бұдан соң қаржылық қылмысқа қатысты айыпталып, сот үкімімен шартты жазаға кесілген Сейсембаев кінәсі жоқ екенін мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG