Accessibility links

«Президентке адалдығын дәлелдеуге келген» Сейсембаев шартты жазаға кесілді


Марғұлан Сейсембаев, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Марғұлан Сейсембаев, «Альянс Банк» АҚ директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы. Алматы, 11 қараша 2010 жыл.

Шілденің 8-і Алматының Медеу аудандық соты «Альянс банк» акционерлік қоғамының бұрынғы басшысы Марғұлан Сейсембаевты шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.

Марғұлан Сейсембаевтың адвокаты Паллада Тепсаева жарты жылға созылып келген сот процестерін «әділ өтті» деп бағалайды. Оның айтуынша, экс-банкирге әуелі Қазақстан қылмыстық кодексінің 182-бабы 3-бөлімінің «б» тармағы («алдау арқылы немесе сеніміне кіру арқылы мүліктік зиян тигізу») бойынша айып тағылған екен.

Сотта бұл айыбы дәлелденбеген банкир қылмыстық кодекстің 220-бабының 1-бөлімі, яғни «банк қаражатын заңсыз пайдаланғаны» үшін сотталып отыр.

Адвокат Паллада Тепсаева бұл сот үкімінің кейінірек әкімшілік істер қатарына ауысатынына үміттенетенін айтты.

– Бұл экономикалық баптар ғой. Жақын күндері гуманизация процесіне орай олар әкімшілік істер қатарына жатады деп ойлаймын, – деді Паллада Тепсаева шілденің 8-і күні Азаттық тілшісіне.

2009 жылы «Альянс банкі» акционерлік қоғамының бірнеше қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған кезде шетелде демалыста жүрген Марғұлан Сейсембаев өзіне қатысты істің әділ жүретініне «сенімді еместігін» алға тартып, елге оралуға асықпай шетелде қалған болатын.

Сол жылы жазда Азаттық радиосына берген сұхбатында өзінің елден «қашып жүрмегеніне» сендіруге тырысқан экс-банкир сонымен бірге «Альянс банк» ісінде өзінің «кінәсі жоғын» мәлімдеген еді. Сол кезде кейбір бақылаушылар шетелде «ұзақ жүріп қалған» Сейсембаевтың билікпен келісімге келуге тырысып жатқаны туралы болжам-жорамалдар жасаған болатын.

Халықаралық іздеу жарияланған Марғұлан Сейсембаев өткен жылдың қараша айында Қазақстанға оралды. Келген бойда ақпарат құралдарын жинаған Сейсембаев өзінің «президентке адал екенін дәлелдеуге келгенін» айтып, қуғында жүрген өзге саяси эмигранттарды өзінен үлгі алуға шақырған еді.

44 жастағы Марғұлан Сейсембаев Жезқазған облысында малшы отбасында дүниеге келген. Алматыдағы қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдаған.

Бизнес саласында түрлі сатыдан өткен Марғұлан Сейсембаев 2002 жылы туған ағасы Асқар Галин екеуі «Альянс банкін» ашты.

2006-2007 жылдары Марғұлан Сейсембаев осы банктің директорлар кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. 2009 жылдың наурыз айында мемлекет «әлемдік қаржылық дағдарыспен күресін» алға тартып, банктің бақылау пакетін «Самұрық-Қазына» қорының меншігіне берген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG