Accessibility links

Экобелсенділік ірі кәсіпкерлердің соңғы таянышы ма?


Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Бизнесімді тартып алды деп шағынған қазақстандық екі топ-бизнесмен эколог және азаматтық белсенді болуға бет бұрды. Постсоветтік кезеңде мұндай әдіске жүгінген адамдар болған, бірақ ол әрекеттері табыспен аяқталмаған еді.

МАРҒҰЛАН СЕЙСЕМБАЕВ ІЛЕ ӨЗЕНІ ҚАМЫН ЖЕЙДІ

Қазір мемлекет иелігіне өткен «Альянс банктің» бұрынғы қожайыны Марғұлан Сейсембаев әлеуметтік желілерде «Байтақ дала» қоғамдық табиғи қорығын құру науқанын бастады. Қазір ұйымның жарғысы мен болашақ жоспарларына қатысты талқылау жүріп жатыр. Ал сәл ертеректе Сейсембаев әлеуметтік желілерде браконьерлер кесірінен Алматы облысындағы Іле өзеніндегі балық түрлерінің көбі құрып бара жатыр, ал браконьерлерді табиғатты қорғаумен айналысатын ведомстволардың өздері қорғаштайды деп жазған.

Биліктің қырына іліккен банкирдің бұдан өзге де азаматтық бастамалары бар. Былтыр тамызда ол қазақстандық өнімнің сапасын жақсартуды көздейтін «Жауап беремін» жобасының авторы болған. Бірақ сол жылғы қазанда прокуратурадағы тергеуден кейін бизнесмен «ескі істер бойынша отырғызып қоюы мүмкін» деген уәжбен әлгі азаматтық бастамасынан бас тартқан болатын.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев өзінің "Мен жауап беремін" жобасында сөйлеп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев өзінің "Мен жауап беремін" жобасында сөйлеп тұр. Алматы, 21 қыркүйек 2015 жыл.

Марғұлан Сейсембаевтың тағдыры қиын болған. Қойшының баласы 1990 жылдары карьерасы тез өрлеп, 2009 жылы банкротқа ұшырайды, қылмыстық қудалауға ілігіп, аз уақытқа эмиграцияға кеткен. Кейін қылығына өкінетінін ашық мәлімдеп, Қазақстанның қазіргі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа адал болуға уәде етіп елге оралған.

Азаттық тілшісі қоғамдық қорық құру бастамасы Марғұлан Сейсембаевтың беделін қайта қалпына келтіріп, елдің қоғамдық өміріне оралу әрекеті емес пе, егер олай болса, Қазақстанда «жасыл» қозғалыстың саяси келешегі қандай болады деген сұрақтарға жауап алуға тырысты. Бірақ бизнесмен «Астана менің экобелсенділігімнен үркеді» деп түсіндіріп, комментарий беруден әуелі бас тартты. Кейін Марғұлан Сейсембаев саясатпен айналысу жоспары жоқ екенін айтып, ал киіктердің жаппай қырылуы, қоршаған ортаны ластау проблемалары «үнемі назарымда жүрген нәрселер болатын» деді. Бұған қоса, оның айтуынша, Ресей мен Батыс елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда «жасыл» қозғалыстың саяси перспективасы жоқ.

БАРЛЫҚ МЕҢДІҒАЗИЕВ ЕМБОЛАТ ӨЗЕНІН ҚОРҒАЙДЫ

Мақаламыздың тағы бір кейіпкерінің алдыңғы кейіпкерден айырмашылығы – ол Қазақстанның қиыр түкпірінде тұрады, бірақ 2013 жылы оның есімі бүкіл елге танылған болатын. Батыс Қазақстан облысындағы аудан орталығында тұратын кәсіпкер Барлық Меңдіғазинов Алматыда өткізген баспасөз жиынында Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаевты «мұнай өндіруші компаниялардың мүдделерін қорғаштайды» деп коррупцияға қатыстыайыптаған болатын. Бизнесменнің сөзінше, туған жерінде мұнай қалдықтарын көметін қорым салуға жол бермегеннен кейін оның өзі және фирмасы облыстағы тексеруші мекемелер мен қылмыстық орта «авторитеттерінің» қысымына тап болған. Көп ұзамай Меңдіғазиевті салықтан жалтарды деген айыппен аз уақытқа қамауға алған, ал оның құрылыс компаниясы банкротқа ұшырауға шақ қалған.

Кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев баспасөз мәслихатында бизнестен кететінін айтып тұр. Ақсай қаласы, 29 желтоқсан 2015 жыл.

Кәсіпкер Барлық Меңдіғазиев баспасөз мәслихатында бизнестен кететінін айтып тұр. Ақсай қаласы, 29 желтоқсан 2015 жыл.

- Мұнай қалдықтарын көметін қорымның құрылысын тоқтатқыздым, бірақ бұл әрекетімнің құны тым қымбатқа түсті: қамауда отырып шықтым, Қазақстандағы бизнесімнен айырылдым. Шетелдік мұнай өндіруші компаниялардың жүгенсіздігіне қарсы шығамын деп жергілікті атқарушы билікпен қақтығысып қалдым. Үкіметтен ерекше мәртебе алып алған шетелдік компаниялар жергілікті шенеуніктерді параға сатып алады. Туысын бір жерге бастық етіп орналастырады, бірақ көбінесе үлестес фирмалар арқылы мердігерлік шарттар алады. Ноғаев кеткеннен кейін де ештеңе өзгерген жоқ, ол түгел шіріп кеткен жүйенің бір бұрандасы ғана болған, - дейді Барлық Меңдіғазиев Азаттыққа.

Бизнесменнің сөзінше, ол жанжал шыққаннан кейін өрбіген оқиғаларды саясиландыруға жол бермеуге тырысқан. Бірақ жергілікті билік оны оппозиционер санап, жұрт арасында деструктивті көңіл-күй туғызды деп айыптаған.

- Бөтен біреулер үйіме келіп, жұтатын ауамызды, ішетін суымызды ластап жатыр десең, сені экстремизмге қатысты айыптап шығады, - деп қынжылады кәсіпкер.

Барлық Меңдіғазиев салық заңын бұзғаны үшін 142 миллион теңге өтемақы төлеп әрі рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шыққан. Қазір бизнесмен туған жері Январцев округінің экологиясын, нақтылай айтқанда Емболат өзенін мұнай қалдықтарынан қорғауға бар күшін салып жүр. Меңдіғазиевтің бұл саладағы алғашқы талпыныстарына Азаттық тілшісі де куә болған еді.

ВИДЕО: Азаттық тілшісінің Батыс Қазақстан өңірінен жасаған репортажы

Саясаткерге айналу ойы мүлде жоқ екенін айтқан Барлық Меңдіғазиев азаматтық белсенділік таныту себебін кез келген саналы адамның кәдімгі реакциясы деп түсіндіреді. Оның пікірінше, Қазақстанда «жасылдар» партиясын құруға ешқандай жағдай жоқ. Бұл үшін дамыған демократиялық институттар, әкімдерді сайлау жүйесі, ал мәжіліс тым болмаса көппартиялы болуы тиіс.

Ресейлік журналист, жазушы әрі Дубайдағы IRS Publishing House баспасының шеф-редакторы Андрей Васильев Азаттыққа берген комментариінде «аузы күйген» бизнесмендердің экологиялық бастамаларына сенбейтінін айтады. Оның сөзінше, ет жемейтін вегетариан қасқыр болмайтыны сияқты бизнесменнің табиғатты қорғаушыға айналуы да – нонсенс. Ол қаржы, саясат саласынан аузы күйгендердің экологияға бет бұруы қарапайым құбылыс, бұл - мемлекеттік және коммерциялық құрылымдармен байланысын үзбеудің ғана емес, билікке онша жеккөрінішті болмаудың да амалы деп санайды.

- Ондай «жасылдардан» не күтесің? Олар қоғамның негізін өзгертуге де, әлдебір тұлғаларға да тиіспей, зияны жоқ құстардың қамын жейді. Бір жағынан, табиғатты қорғау мәселесі - кез келген азаматқа, тіпті санасы үгіт-насихатқа әбден уланған адам болса да жақын тақырып. Пенде болғасын қоректенетін азық-түлік пен жұтатын ауаның барынша таза әрі табиғи болғанын әркім қалайды. Яғни бұл салада «халықтың қорғаны» мәртебесіне ие болу өте оңай. Ал ондайлардың мұндай әрекеттерінен ешқандай нәтиже шықпайтыны - бөлек мәселе. Оларға мұның қажеті де жоқ. «Табиғатты қорғап жүрміз» деген аттың өзі жетіп жатыр, - дейді ресейлік журналист Андрей Васильев.

МЭЛС ЕЛЕУСІЗОВТІҢ БИЛІККЕ ҰМТЫЛЫСТАРЫ

Ел президенттігіне кандидат және парламент депутаттығына кандидат ретінде Қазақстанның саяси сахнасын талай «шабуылдаған» эколог Мэлс Елеусізовтің пікірінше, жергілікті «жасылдардың» Ресей мен алыс шетелдегі әріптестерінен айырмашылығы олар ештеңені шешпейді. Эколог немесежалған эколог қоршаған ортаны қорғаумен айналысу арқылы сәтті саяси карьера жасай алмайды. Елеусізов президенттік сайлауға бірнеше мәрте түскен, бірақ оның жеңілетіні алдын ала болжанған.

Мэлс Елеусізов Шымбұлақтағы тақырға айналған жердің суретін көрсетіп отыр. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

Мэлс Елеусізов Шымбұлақтағы тақырға айналған жердің суретін көрсетіп отыр. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

- Президенттік және парламент сайлауларына түскен кезде ол жаққа мені ешкім өткізбейтінін жақсы түсінгенмін. Мен үшін сайлауалды науқаны үгіт жүргізудің қосымша түрі ғана болды. Жұртпен шама-шарқым келгенше жұмыс істеп, олардың көзін ашуға тырысып жүрмін, біздің қоғамның экологиялық ой-санасы мүлде жетілмеген, - дейді эколог әрі Қазақстандағы азаматтық қозғалыс ардагері Мэлс Елеусізов.

«Жасылдар» деген саяси термин 1970-жылдардың аяғында ФРГ-да шыққан. Ол кезде солшыл қозғалыстардың танымалдығы немістің «жасылдар» партиясы альянсын құруға ұласқан болатын. Іле-шала Еуропаның өзге елдерінде де кейін едәуір салмағы бар саяси күшке айналған осындай бірлестіктер пайда болды. Қазір Еуропа «жасылдар» партиясы Еуропарламент жұмысына белсенді қатысады.

2015 жылғы қазанда қазақстандық белсенділер «жасылдар» партиясын құрамыз деп жариялаған, бірақ үкіметтен де, коммерциялық ұйымдардан да, халық тарапынан да қолдау таба алмаған бастама сол күйі іске аспай қалған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG