Accessibility links

Қазақстанның тұтыну қоржыны АҚШ-тан жеті есе кіші


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Зейнеткерлер «Тұтыну қоржыны тауар мен қызмет түрлерінің жарытымсыз шығынын да жаппайды» десе, парламент жаңа қоржынның әзірленіп жатқанын айтады.

Семейлік зейнеткер Людмила Пищагина коммуналдық тарифтер мен азық-түліктің 2013 жылдың басынан қымбаттауы өзі сияқты жалғызілікті зейнеткерлерге қиын тигенін айтты.

- Алғашқы күндері телефонмен айтатын әңгімеміз тек осы болды. Газеттен «зейнетақы өседі» дегенді оқысақ болды, базардағы баға бірден шарықтап шыға келеді. Ұят дегенді мүлде ұмытқан монополист компаниялар жылу, жарық, телефонның шарықтаған төлемдерін ұстап жетіп келеді. Зейнеткерлерге берген мардымсыз үстемақысы инфляцияға да ілесе алмай қалды, - дейді Людмила Пищагина Азаттық тілшісіне.

2-топтағы мүгедек Людмила Пищагина. Семей, 5 ақпан 2013 жыл.
2-топтағы мүгедек Людмила Пищагина. Семей, 5 ақпан 2013 жыл.
Оның айтуынша, зейнетақысы күн көріс минимумынан сәл ғана көп. Ол қымбат дәрі-дәрмек сатып алу үшін картоп мен макаронды талғажау етеді. Соның өзінде ақша жетпейді.

- Зейнетақыға там-тұмдап қана қосады, ал базардағы саудагерлер, жылу, жарықпен жабдықтаушылар, қоғамдық көліктің қожайындары қалтаңдағыны сыпырып алады, - дейді зейнеткер әйел.

«ШАТТЫҚ ГОРМОНЫ» ҚОСЫЛДЫ

Қазақстандағы ең төменгі күн көріс құны биыл 16 983 теңгеге дейін (113 долларға жуық) өсті. Қарапайым қазақстандықтар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі деген нақты өмірге қатысы шамалы термин болып көрінгенімен, іс жүзінде бұл - саяси өлшем. Осы өлшемге сәйкес кедейлік шегі белгіленіп, жалақы, зейнетақы және жәрдемақылардың минималдық мөлшері анықталады.

Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі азық-түлік, тауар және қызмет түрлерінің мемлекет тағайындаған минималдық жиынтығынан тұратын тұтыну қоржынының құнымен шамалас.

Қазақстанда тұтынушы қоржынының параметрлері қайта қаралмағанына алты жылдан асты, ал қоржынның ақшамен өлшегендегі құны ғана инфляцияның беталысына қарай өзгертіліп келді.

Соңғы уақытта қоғамда бұл қоржынның жұтаңдығы мен оны қайта қарау қажеттігі жиі айтылып жүр. Тұтыну қоржыны - азық-түлік және оған жатпайтын тауарлар, ең қажетті ақылы қызмет түрлеріне жұмсалатын шығындардың жиынтығы. Қоржынның азық-түлік бөлігін Қазақ тағамтану академиясы үкімет бекіткен тізім бойынша құраған. 2005 жылы бекітілген бұл тізімге 43 тағам енді.
Көшеде банан сатып отырған әйел. Алматы, 24 мамыр 2010 жыл.
Көшеде банан сатып отырған әйел. Алматы, 24 мамыр 2010 жыл.

Былтыр Қазақ тағамтану академиясы тізімге құрамында «шаттық гормоны» - В6 витамині бар азық-түлік түрлерін, яғни бұрынғы тізімдегі жүзімді бананға, қарбызды асқабаққа ауыстырып, сәбилерге арналған тамақты қосуды ұсынған болатын. Академия мамандарының есебінше, жаңа қоржынның калориялық құндылығы 2175-тен 2250 килокалорияға ұлғаюы тиіс.

Парламент депутаттарын жаңа тұтыну қоржыны жобасымен таныстырған Қазақ тағамтану академиясының сарапшысы Мұса Айтжанов «43 тағам түрі кірген қазіргі азық-түлік себеті 10 мың теңге тұрса, жаңасының құны 15 мың 926 теңге болады» деп хабарлады. Демек, азық-түлікке жатпайтын бөлігімен қоса есептегенде ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 26 мың теңгеге жуықтайды.

Былтыр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұтыну қоржынының осы екі бөлігінің арақатынасын қайта қарау туралы өз идеясын ұсынды. Қазір екеуінің үлесі 60 және 40 пайыз шамасында, ал шенеуніктер 55 және 45 пайыздық пропорцияны ұсынады.

Әдетте азық-түлікке жұмсалатын қаражаттың пайызы төмендеген сайын халықтың тұрмыс деңгейі түзеле түседі деп есептеледі. Дамыған елдерде тұтыну қоржынының азық-түлік бөлігі 18-25 пайыз ғана.

АФРИКАНЫҢ ЕҢ КЕДЕЙ ЕЛДЕРІНЕН ҮЛГІ АЛАМЫЗ БА?

Парламент депутаты Дариға Назарбаева Қостанай облысына жұмыс сапары кезінде қазіргі Қазақстандағы әлеуметтік стандарттардың қалай жасалғанын айтты. Бір кездері еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақ тағамтану академиясына тамақтану стандарттарын құрастыруды тапсырған. БҰҰ деректеріне сүйенген ғалымдар мысал ретінде Африканың ең кедей елдерінің төменгі күнкөріс деңгейін үлгі ретінде алған.
Парламент депутаты Дариға Назарбаева Күйші Дина көшесіндегі 37-үйден шығып келеді. Астана, 26 қараша 2012 жыл.
Парламент депутаты Дариға Назарбаева Күйші Дина көшесіндегі 37-үйден шығып келеді. Астана, 26 қараша 2012 жыл.

«Наша газета» басылымы Дариға Назарбаеваның «Бұл елдердегі көрсеткіштер министрлікке мысал ретінде ғана көрсетілген. Ал олар Африка елдерінің стандарттарын алып, «автоматты түрде» заңға енгізіп жіберген. Енді әлеуметтік саланың тарифтері ұзақ жылдар бойы осы өлшемдермен белгіленіп, ол ең төменгі күнкөріс шегі ретінде есептеліп жүр» деген сөзін келтіреді.

Тұтыну қоржынын ұлғайту мен азық-түлік және оған жатпайтын бөліктердің ара салмағын қайта қарау мәселесі әзірше талқыланып жатыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдыңғы жылғы жолдауында үкіметке жаңа әлеуметтік стандарттар құрып, тұтыну қоржынына білім алуға жұмсалатын шығынның төменгі мөлшерін енгізуді тапсырған болатын.

АҚШ-та тұтыну себетіне - 300 түрлі, Францияда – 250 түрлі, Англияда 350 түрлі азық-түлік пен қызмет түрі енеді. Қоржын тізімі 475 пункттен тұратын Германия бұл елдерден көш бойы озық тұр. Ал америкалық қоржында демалыс, білім алу, тұрмыстық техника, бензин мен көлік жөндеу, кітап, жеке бастың күтіміне арналған заттарды сатып алуға жұмсалатын шығындар қарастырылған. Англияда тұтыну қоржынының тізіміне шарап пен шампан сусыны енгізілген. Франция үкіметі тұтынушы қоржынына сұлулық салондарына бару, косметикалық құралдар сатып алу, бала күтушінің еңбекақысы, көлік жалдау, таксимен жүру, тіпті үй жануарларының тамағына дейін енгізген.
XS
SM
MD
LG