Accessibility links

Германия үкіметінің өкілі Болат Атабаевты босатуға шақырды


Германия үкіметінің адам құқықтары жөніндегі өкілі Маркус Лёнинг. Минск, 15 қаңтар 2011 жыл.
Германия үкіметінің адам құқықтары жөніндегі өкілі Маркус Лёнинг. Минск, 15 қаңтар 2011 жыл.
Германия сыртқы істер министрлігінің адам құқықтары мен гуманитарлық көмек комиссары Маркус Лёнинг пен Гёте институты Қазақстан билігін Болат Атабаевты абақтыдан босатуға шақырды.

Deutsche Welle сайтының хабарлауынша, Германия үкіметінің өкілі Маркус Лёнинг Қазақстан билігін Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) демократиялық қағидаларын сақтауға және Қазақстандағы неміс театрының негізін қалаған режиссер Болат Атабаевты түрмеден босатуға шақырған.

ҮКІМЕТ ӨКІЛІНІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Маркус Лёнинг Берлинде маусымның 19-ы күні Болат Атабаев туралы:

- Оған "әлеуметтік араздық қоздырды" деген айып тағылған. Ол тек өзінің пікір айту құқын пайдаланып, сөз сөйлеген, - деп мәлімдеді.
Қазақстан үкіметін ЕҚЫҰ міндеттерін орындауға, шұғыл түрде Болат Атабаевты босатуға шақырамын.
Маркус Лёнинг.

Deutsche Welle үкімет өкілі жасаған мәлімдемеден үзінді жариялаған. Онда Маркус Лёнинг Қазақстанның Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) мүшесі екенін айта келіп:

- Бұл ел демократия принциптері бойынша мойнына міндет алған. Соның ішінде, пікір білдіру және шеру өткізу еркіндігі де бар. Сондықтан мен Қазақстан үкіметін осы міндеттерін орындауға, шұғыл түрде Болат Атабаевты босатуға шақырамын. Оған қарсы қозғалған іс жабылуы тиіс және Гёте атындағы медальды алу үшін оның Веймарға (Германия - ред.) келуіне жағдай жасалуы керек, - деген.

ӘРІПТЕСТЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Deutsche Welle ақпараты бойынша, Германия театр мамандары да Болат Атабаевтың тұтқындалуына қарсылық білдірген. Басылым Мюльхаймдағы (Германия - ред.) Рур театрының бас режиссері Роберто Чуллидің "Біз оның тез арада босатылуын талап етеміз" деген сөзін келтіріпті.

Неміс кинорежиссері Фолькер Шлёндорф Deutschlandradio-ға берген сұқбатында Қазақстан билігіне Атабаевты босату туралы арнайы хат жазғанын айтқан.
Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 19 наурыз 2009 жыл.
Театр режиссері Болат Атабаев. Алматы, 19 наурыз 2009 жыл.

Қазақстандық режиссердің тұтқындалуына Гёте институты да наразы. Институт басшысы Клаус-Дитер Леман Гёте сыйлығын алу үшін Болат Атабаевтың Веймарға келуі керегін де ескертіпті.

2012 жылы Гёте институты Болат Атабаевты Қазақстан-Германия мәдени қатынастарының нығаюына сіңірген еңбегі үшін Гёте сыйлығымен марапаттаған еді. Сыйлықты салтанатты түрде тапсыру рәсімі тамыздың 28-інде Веймар қаласында өтеді.

«СЫРТЫМНАН СОТТАЙ АЛАСЫЗДАР»

2012 жылы ақпанның 3-інде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған режиссер Атабаев мамырдың 23-інде Жаңаөзенге тергеуге шақырылған.

Ол маусымның 5-і күні Facebook әлеуметтік желісінде "Лас қолдарыңызды бос қойдым - мені сотсыз, 1937 жылдағыдай сыртымнан соттап жібере аласыздар! Сотсымақтарыңызға қатысып, оны заңды процесс етіп көрсетуге құлқым жоқ" деп, тергеуге өз еркімен бармайтынын мәлімдеген.

Ал маусымның 13-і күні Болат Атабаевқа Азаттық радиосында онлайн-конференцияда отырған жерінде ҰҚК қызметкері маусымның 14-і Жаңаөзен қаласына тергеуге келуге шақырту қағазын беріп кеткен еді. Атабаев тергеуге барудан бас тартатынын жазып берген.

Онлайн-конференция кезіндегі шақырту:

Онлайн-конференция кезіндегі шақырту
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Маусымның 15-і күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйлерінен ұстап әкетті.

164-БАП

Жаңаөзен оқиғасынан бері Болат Атабаев пен Жанболат Мамайдан өзге тағы үш адамға «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылды. Олар - тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, «Халық майданы» қозғалысының белсенділері Айжангүл Әмірова мен Серік Сапарғали.
Белсенділер баспасөз мәслихатынан кейін Атабаев пен Мамайды қудаламауды талап етіп тұр. Алматы, 15 маусым 2015 жыл.
Белсенділер баспасөз мәслихатынан кейін Атабаев пен Мамайды қудаламауды талап етіп тұр. Алматы, 15 маусым 2015 жыл.

2012 жылы мамыр айының соңында Владимир Козлов пен Серік Сапарғали Алматыдағы ҰҚК абақтысынан Ақтау абақтысына жеткізілді. Айжангүл Әмірова 2012 жылы қаңтарда Ақтауда ұсталып, қамалған.

Қазақстан қылмыстық кодексінде 164-бапқа қатысты үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оппозициялық белсенділерге тағылған, 164-бапта көрсетілген айып - Жаңаөзен оқиғасына байланысты.

Жаңаөзен мен Шетпеде шерушілерді күшпен қуып тарату барысында, ресми есеп бойынша, кем дегенде 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алды (ресми есеп бойынша). Оппозиция қаза болғандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады.

«ГЕРМАНИЯ НЕ ІСТЕР ЕДІ?»

Қазақстан президенті Назарбаев Жаңаөзен оқиғасынан кейін шетелге алғашқы сапармен Германияға барды. 2012 жылы ақпанның 8-і Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесті.

Бұл кездесуде 17 адам (ресми есеп бойынша) көз жұмған Жаңаөзен оқиғасы да сөз болды. Қазақстан президенті Жаңаөзен оқиғасы кезінде «полицияның ісі дұрыс болды, өкінішке қарай, адамдар қаза тапты» дей келе:
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Германия канцлері Ангела Меркель. Германия, Берлин, 8 ақпан 2012 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Германия канцлері Ангела Меркель. Германия, Берлин, 8 ақпан 2012 жыл.

- Германияда тәуелсіздік күні ондаған мас жігіт адамдарды сабап, балаларды ұрып, микрофонды сындырып, азғантай ғана полицейлерді жараласа, не істер едіңіздер? - деп сұрады.

Германия канцлері Ангела Меркель бұл оқиғаны тексеруді қолдайтынын айтты.

- Жаңаөзендегі жұмысшылар мерт болған оқиға туралы сөйлестік. Президенттің ол оқиғаны тексеретін тергеу комиссиясын құрғанын толық қолдаймын, - деген Ангела Меркель.
XS
SM
MD
LG