Accessibility links

Сарыағашта бірнеше белсенді мәслихат сайлауынан шеттетілді


Сарыағаш ауданы тұрғыны, белсенді Рахымжан Мекембекұлы. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Сарыағаш ауданы тұрғыны, белсенді Рахымжан Мекембекұлы. Сурет оның жеке архивінен алынды.

Сарыағаш ауданындағы №15 Шәмші Қалдаяқов атындағы орта мектеп директоры Рахымжан Мекембекұлы мәслихат сайлауына кандидат ретінде тіркелгенін, бірақ табыс декларациясына бола сайлаудан қайта шеттетілгеніне наразы.

Өзін «2006 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясы мүшесі, 2012 жылдан бері аудандық мәслихат депутаты» ретінде таныстырған Рахымжан Мекембекұлы наурыздың 20-сы күні өтетін мәслихат сайлауына өзін-өзі ұсынған кандидат ретінде тіркелген. Бірақ ол Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданындағы округтік сайлау комиссиясының табыс және мүлік декларациясындағы болмашы қателікті «желеу етіп» оны сайлаудан шеттеткенін айтады.

ДЕКЛАРАЦИЯДАҒЫ 2265 ТЕҢГЕНІҢ ДАУЫ

«Өткен сайлауда да өзімді-өзім ұсынып, кедергілерге қарамастан жеңдім» деген Рахымжан Мекембекұлы ақпанның 8-і күні Сарыағаш ауданы Жарты төбе ауылдық округінің №11 сайлау округіне кандидат ретінде тіркеуге өтініш берген. Керекті құжаттар мен табысы туралы декларацияны өткізіп, ақпанның 22-сі күні кандидат ретінде тіркелгені жөнінде куәлік алған.

... 2 265 теңге айырманы түзетіп декларацияны қайта тапсырдым. Алайда №11 сайлау округі оны қабылдамады. Олар Сарыағаш ауданы аумақтық сайлау комиссиясы тапсырмасы солай деп түсіндірді.

- 13 күннен кейін, наурыздың 6-сы № 11 округтік сайлау комиссиясы табыс декларациямда айырмашылық бар екенін айтқаннан кейін, 2 265 теңге айырманы түзетіп декларацияны қайта тапсырдым. Алайда №11 сайлау округі оны қабылдамады. Олар Сарыағаш ауданы аумақтық сайлау комиссиясы тапсырмасы солай деп түсіндірді,- дейді ол.

Рахымжан Мекембекұлының өзін кандидат ретінде тіркеу туралы шешімнің бұзылғанына қарсы түсірген шағымын наурыздың 14-і күні Сарыағаш ауданы соты қарап, қанағаттандырмай тастаған.

- Қайтадан қосымша декларация тапсырып, мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркеліп жатқандар жеткілікті екенін Сарыағаш халқы жақсы біледі. Алайда қоғамдық бірлестіктерден және өзін-өзі ұсынған 30 шақты үміткерді сайлау комиссиялары тіркеуден шығарып жатыр. Тек «Нұр Отан» партиясынан ұсынылғандарды қалдырып, олардың қайта тапсырған декларацияларын қабылдап сайлау туралы заңды бұзып отыр, - дейді ол.

Белсендінің кандидаттардың кейбірінен декларацияны қайта қабылдау туралы осы шағымына орай Азаттық тілшісі округтік сайлау комиссиясы төрағасы Шамахсұт Хикматовқа хабарласқан еді. Ол «өзі жетекшілік ететін сайлау округінде қосымша декларация тапсыру мәселесі тек Рахымжан Мекембекұлына байланысты туғанын» айтты.

Азаттық тілшісі Сарыағаш ауданы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасы Абай Жұмасаймен де сөйлесті. Ол Жартытөбе сайлау округі «Рахымжан Мекембекұлының кіріс декларациясы заңға сәйкес келмегендіктен тіркеуден алып тастағанын» растады. Ал Сарыағаш ауданы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы қызметкері Ералы Тойлыбаев:

- Наурыздың 5-і күні Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) есеп бердік. Одан кейін қайта декларация тапсыруға болмайды. Рахымжан Мекембекұлына кіріс декларациясы туралы қорытындыны наурыздың 5-і күні бергенбіз. Егер ол одан кем дегенде бір күн бұрын қайта декларация тапсырса, жарайтын еді. Бесінен кейін кеш болады, - деп жауап берді.

Амангелді Батырбеков.

Амангелді Батырбеков.

Ал Рахымжан Мекембекұлы мүше болып келе жатқан «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық ұйымының жетекшісі Амангелді Батырбеков:

- «Сарыағаш-Әділет» қоғамдық ұйымы аудандағы жемқорлықпен күресте танылған. Сол себепті біздің ұйымды «Нұр Отан» партиясына, жергілікті билікке қарсы ұйым ретінде көрсеткісі келетіндер бар. Шын мәнінде «Нұр Отанға» еш қарсылығымыз жоқ, - дейді.

ДЕКЛАРАЦИЯНЫ ҚАЙТА ТАПСЫРУДАН БАС ТАРТҚАНДАР

Сарыағаш аудандық мәслихаты депутаттығына кандидат ретінде тіркеле алмай, бірақ әрі қарай күресуден бас тартушылар да бар. Соның бірі аудандық мәслихат депутаты, өзін «Нұр Отан» партиясы мүшесі ретінде таныстырған Бейсенәлі Қырғызәлиев те кіріс декларациясы қайта қабылданбай, тіркеуден шығып қалған.

- Банктердің бірінен өзім білмейтін ақша тауып алыпты. Ұзақ жылдар бойы депутатпын. Жоғарғы Кеңеске де депутат болғанмын. Бұрынғы декларацияларымнан табылмаған ақша қайдан пайда болғанына өзім де таңғалдым. Енді кіріс басқармасы атаған банкті іздеп Алматыға келдім. Менің ақшам екені рас болса, алайын. Ал әрі қарай кандидаттыққа таласпаймын, - деп күледі ол.

Бейсенәлі Қырғызәлиевтің айтуынша, кіріс декларациясын қайта тапсырып, тіркеліп жатқандар бар, бірақ ол қайта тапсырудан бас тартқан.

Ал Сарыағаш аудандық мәслихатына үш рет депутат болған Әкімбай Тастамбеков те кіріс декларациясында 19 мың теңгесі көрсетілмей қалғаны үшін тіркеуден шығып қалғандардың бірі. Әкімбай Тастамбеков өзінің декларацияны қайта тапсыруға құлқы болмағанын мәлімдеді.

Жұртты мәжіліс және мәслихат сайлауына шақырған билборд. Қазақстан, 1 наурыз 2016 жыл.

Жұртты мәжіліс және мәслихат сайлауына шақырған билборд. Қазақстан, 1 наурыз 2016 жыл.

Қазақстанның сайлау туралы заңы бойынша мәслихат сайлауына ұсынылған кандидаттарды округтiк сайлау комиссиялары тіркейді. Осы заңда кандидат пен оның жұбайының ұсыну мерзiмi басталатын айдың бiрiншi күнiне табысы және мүлкі туралы декларациялар ұсынатыны, ол мәлiметтердi салық органдары кандидат тiркелген күннен бастап 15 күн iшiнде тексеретіні, мәлiмет дұрыс емес болған жағдайда кандидатты тiркеу туралы шешiмнiң күшi жойылатыны жазылған. Кандидат тiркеу туралы шешiмнiң жойылуына қарсы сотқа немесе сайлау комиссиясына жетi күн iшiнде шағым бере алады, ол шағымға жетi күн iшiнде шешiм шығуы тиіс. Мәслихат сайлауына кандидат тiркеу сайлау күнiне 25 күн қалғанда аяқталады. Ал дауыс беретiн күнге екi күн қалғанда тiркеуден шығарылған кандидатты қалпына келтiруге жол берiлмейдi.

Азаттық бұған дейін де Қазақстанның басқа аймақтарындағы мәслихат сайлауына түскісі келген азаматтардың дәл осы декларация дауынан сайлаудан шеттетілгенін жазған еді.

Наурыздың 15-і күні ОСК келіп түскен арыздардың 74 пайызы (84 арыз) мәслихаттар сайлауымен байланысты екенін, оның ішінде 58-і жеке тұлғалардан, 8-і қоғамдық бірлестіктерден (олардың ішінде саяси партиялардан) түскенін хабарлады. «Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы туралы декларациядағы мәліметтердің дұрыс еместігі және тіркеуді қалпына келтіру туралы 16 өтініш қарау үшін тиісті органдарға жолданды және бақылауға алынды» деп хабарлайды ОСК.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG