Accessibility links

Кездейсоқ кандидаттың мәслихатқа ілігу хикаясы


Александр Габченконың Stan.kz портады продюсері кезінде түскен суреті. Алматы, 22 қаңтар 2010 жыл.

Александр Габченконың Stan.kz портады продюсері кезінде түскен суреті. Алматы, 22 қаңтар 2010 жыл.

2000-жылдар ортасында журналистік эксперимент арқасында мандатқа ие болған Алматы мәслихаты бұрынғы депутаты Александр Габченко өзін-өзі ұсынған үміткерлер мүмкіндігі 10 жылда қаншалықты азайғаны жайлы ойларымен бөлісті.

Алматылық блогер әрі саяхатшы Александр Габченко журналист болып жүрген жерінен аяқастынан қалалық мәслихат депутатына айналған. 2006 жылы журналист кәсіби эксперимент аясында сайлауға түсіп әрі көпшілікті таңғалдырып, жеңіске жеткен.

Азаттыққа берген сұхбатында Александр Габченко кейінгі 10 жыл ішінде депутаттыққа өзін ұсынған кандидаттар мүмкіндігі неліктен азайғаны жайлы ойларымен бөлісті.

Азаттық: - Қазір белсенділер құлшынысы парламент емес, мәслихат сайлауына артып отырғаны байқалады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Александр Габченко: - Меніңше, депутаттыққа ұмтылған адамдар мәслихатты өз ауданы, өз қаласы үшін көбірек іс атқара алатын орын деп санайды. Мәслихат – бірдеңені жақсартқысы келетін адам енуге тырысатын «саңылау».

Азаттық: - Салық декларациясынан, банктердегі есеп-шоттарынан, зейнетақы салымдарынан «сәйкессіздіктер» тауып, депутаттыққа өзін-өзі ұсынған үміткерлердің көбін сайлаудан шеттетіп тастады. Сізге бұл билікке ұнамсыз адамдарды сұрыптау болып көрінбей ме?

"Велосипедпен - жұмысқа" акциясына қатысып жатқан Александр Габченко. Алматы, 12 ақпан 2016 жыл.

"Велосипедпен - жұмысқа" акциясына қатысып жатқан Александр Габченко. Алматы, 12 ақпан 2016 жыл.

Александр Габченко: - Қазір «артық адамдарды» тіркеу сатысында сүзгіден өткізбеуге тырысады. Ал мәслихат депутаттығына мен сайланған кезде мұндай болмаған. Меніңше, біздің сайлау жүйесі бұл жағынан біраз «жетіліп», «кәсіпқой» жүйеге айналған сияқты. Мен сайлауға түскен жылдары сайлау комиссиялары қазіргідей жинақы, ал қажетсіз адамдарды сұрыптау амалдары бүгінгідей құдіретті емес болатын. Қазір жүйенің өзі әбден қатып-семіп алған ғой.

МӘСЛИХАТҚА ӘКЕЛГЕН ЭКСПЕРИМЕНТ

Азаттық: - Сайлауға түсу жайлы шешіміңіз жайлы айтып берсеңіз...

Александр Габченко: - Ол сайлау шығып қалған кандидаттар орнына қосымша сайлау болатын. Ол да негізгі сайлау сияқты бүкіл аймақта бір мезгілде өтеді. Кезінде білікті адамдар жұмыс істеген «Состояние. kz» деген телехабар болған. Ол кезде мен де ой-пікірлерімді барынша еркінайтатынмын. Біз байқап көрелік деген оймен үлкен эксперимент бастадық. Бұл менің тәжірибемдегі өзгеше эксперимент болды. Негізі, депутат болайын деген жоспарым жоқ болатын.

Азаттық: - Бұл редакцияның тапсырмасы болды ма?

Александр Габченко: - Бұл редакциялық авантюра болды. Оны бәріміз жиналып, талқыладық. «Құрбандыққа шалатын» адам керек деп ұйғарып, әлгі «құрбандыққа» мен шалындым. Кейінгі үш апта түрлі оқиғаларға толы болды. Сол тұста ұйқым мүлде қанбай жүргені әлі есімде.

Сайлаудан кейін достарыммен атап өтуге кетіп бара жатып, рульде отырып қалғып кетіппін. Абырой болғанда, оқыс ештеңе болған жоқ, бірақ бұрын әлгіндей оқиғаға ұшырап көрмеппін. Мен әлгі «ырду-дырдудан» қатты шаршадым.

Азаттық: - Сайлау кезінде әлдебір кедергілер болды ма?

Александр Габченко: - Тіркеу кезінде ешқандай кедергі болған жоқ, өзі жас әрі өзі пысық біреу шығып, бәрінің опыр-топырын шағарады деп ешкім күткен жоқ. Ол заманда да дәстүрлі кандидаттар, аудан әкімі адамының қарсыластарын алдын ала белгілеп қоятын.

Азаттық: - Яғни ешкім кандидат Габченконы қауіпті бәсекелес деп ойламады?

Александр Габченко: - Иә, ойлаған жоқ, дәл сол себепті мені еш қиындықсыз тіркеп жіберді. Мен әлгі сайлауға Алматының шетіндегі Айнабұлақ шағын ауданынан (бұл жағдайы орташа аудан) түстім. Сайлауалды науқанына бірден қызу кірісіп, сайлаушылармен кездесе бастадым, бұл белсенділігім жергілікті сайлау комиссиясы үшін мүлде күтпеген жайт болды. Меніңше, жұртқа мүлгіген ауданның игілігіне күш-қуатын жұмсауға дайын еті тірі кандидат жетіспеген сияқты. Маған университетте бірге оқыған, спорт командасында бірге ойнаған достарым, редакциядағы әріптестерім көмектесті.

Азаттық: - Шенеуніктер мықты бәсекелес екеніңізді түсінген кезде не болды?

Александр Габченко: - Олар мен орнығып қалған дәстүрлі сайлау механизмін бұзуым мүмкін екенін түсінген кезде іске кірісе бастады. Өзге кандидаттардан менің үстімнен үгіт-насихатты дұрыс жүргізбей жатыр, ақшаны дұрыс пайдаланбай жатыр немесе «астыртын қаржы көзін» пайдаланып жатыр деген сияқты шағымдар түсе бастады.

Өзге кандидаттардан менің үстімнен үгіт-насихатты дұрыс жүргізбей жатыр, ақшаны дұрыс пайдаланбай жатыр немесе «астыртын қаржы көзін» пайдаланып жатыр деген сияқты шағымдар түсе бастады.

Ақыры әлгі шағымдарды қарап, маған ескерту жасады. Қазір күліп отырмын ғой, ал ол кезде екі ескерту алған кандидатты додадан шығарып тастайтын. Маған екіншісін (ескертуді айтады – ред.) де берер еді, бірақ сайлау комиссиясының жиналыс өткізуге мұршасы болмады. Меніңше, олар мені сайлау науқанынан шығарып тастағысы келген, бірақ ұнамсыз кандидатты «лақтыру» механизмін іске қосуға мұршасы болмады.

Азаттық: - Сізге уақыт тығыздығы да көмектескен шығар?

Александр Габченко: - Иә. Бұған қоса, бұл қосымша сайлау болғандықтан, «босаңдық» болды, онша уайымдаған жоқ. Оның үстіне, мен шектен тыс ештеңе болып көрмеген тыныш ауданнан сайлауға түстім ғой. Қысқасы, бәрінің реті келді.

Бюллетеньдерді топтап қосу сияқты бүкіл қулық-сұмдық сайлау өткен күннің түнінде, яғни дауыстарды санау кезінде басталады, бұл ең шешуші сәт болды. Түн ортасынан асып кетсе де, екі учаске жабылмай, бақылаушылар қашан шаршайды деп күтіп, санауды бітірмей, уақытты созуға тырысты. Тіпті жанжалға дейін жетті. Олар бүкіл учаскелерде дауысты санап бітіп, менің басым дауыс алғанымды түсінгенде бюллетеньдерді топтап тастаудан қайыр болмайтынын сезген сияқты. «Тиісті» адамға дауыс қосудың амалын іздеп, уақытты созып отырып алды. Бірақ ол жақта бақылаушылар, менің сенімді өкілдерім отырды.

Кандидаттардың бірі бизнесмен болатын, сол кісі сенімді өкілдерін видеокамерамен жабдықтап қойған екен, бюллетеньдерді топтап тастаумен күресуге мұның да көмегі тиді. Маған оның билік адамын, жоғарыдан тағайындалған кандидаттты жеңіп, депутат болуға деген құштарлығы көмектесті.

МӘСЛИХАТ ДӘЛІЗІНДЕ

Азаттық: - Мәслихаттың қолында нақты өкілеттік пен атқарушы билікке қысым жасайтын тетіктер бар деп ойлайсыз ба?

Александр Габченко: - Ондай тетіктер бар, бірақ іс жүзінде әрекет ету өте қиын. Мәслихатта барлық мәселеге қатысты өз көзқарасы, өз ұстанымы бар, қарсы дауыс беретін бірер ғана адам болды. Бірақ шешімді көпшілік қабылдайды ғой.

Ал заң шығарушы органдар жүйесін тұтастай алып қарасақ, мәслихат депутаты – қоғамдық жұмыс, оған көбінесе әлдебір мүддені көздейтін адамдар барады. Депутаттық мандат – қаланың әкімшілік ресурстарына қол жеткізудің оңай жолы. Мысалы, «мен депутатпын, әкімнің орынбасарына кіруім керек» дейсің де, өз шаруаларыңды шешесің. Сондықтан депутаттардың көбі – өздерінің мүддесін көздейтін адамдар. Бірақ олардың ішінде де әкімдік ұсынған бастамаларды қолдамай, көбінесе қарсы дауыс беретін парасатты адамдар болды. Бірақ депутаттар әдетте өздігінен бастама көтермейді. Өйткені олар мәселені шешуге шын мүдделі адамдар емес.

Түн ортасынан асып кетсе де, екі учаске жабылмай, бақылаушылар қашан шаршайды деп күтіп, санауды бітірмей, уақытты созуға тырысты. Тіпті жанжалға дейін жетті. Олар бүкіл учаскелерде дауысты санап бітіп, менің басым дауыс алғанымды түсінгенде бюллетеньдерді топтап тастаудан қайыр болмайтынын сезген сияқты.

Шындығында, мәслихат депутаттарының қолында онша көп өкілеттілік жоқ. Олар бюджетті бекіткенімен, оны әкімдіксіз құру мүмкін емес. Мәслихат көбінесе өкілдік функциясын атқарады. Бұл - Совет Одағынан қалған әрі көп өзгермеген жүйе. Мәслихат депутаттары қала тұрғындарының мүддесін қорғайтындай көрінеді. Олардың функциясы осымен тәмам. Олардың қолында заң шығару функциясы жоқ. Мәслихат қала ішінде жеке заң қабылдай алмайды. Өйткені тұтас жүйе солай қалыптасқан, қаланың заң қабылдау құқығы жоқ.

Бірақ бір жағынан, жергілікті деңгейде, өзі сайланған округ деңгейінде бірдеңені өзгертуге болады. Нақты шаралар қабылдауды талап етіп, жергілікті билікке қысым жасауға болады. Мысалы, мен депутат болған тұста қалада «Қала аулалары» деген бағдарлама болды, бірақ оған Айнабұлақ шағын ауданы қосылмай қалды. Мен бір жыл бойы хат жазып, жүгіріп жүріп, ақыры Айнабұлақты әлгі бағдарламаға қосып, ауданды абаттандыра бастады. Әлгі бағдарламаға мүмкін менсіз де жетер еді, бірақ кейінірек, үш немесе бес жылдан кейін қосылар еді.

Мен бәрі адамға, жағдайға байланысты дер едім. Құлқы бар адам қала деңгейінде де әлдебір шаруаларды тындыра алады. Ал әлдебір жүйелік өзгерістер енгізем деу - бос әурешілік. Бірақ жеке бір ауданның тұрмысын амалдап жақсартуға болады. Бұған көп күш пен ынта керек, оны жасауға болады.

Азаттық: - Сайлауға неге қайта түспедіңіз?

Александр Габченко: - Менде ішкі мотивация болған жоқ. Уақытымды, күшімді жұмсап, жүйкемді тоздырғым келмеді.

Азаттық: - Биылғы сайлау науқаны кезінде өзін ұсынып, танылған белсенділердің жеңу мүмкіндігі бар ма?

Александр Габченко: - Мүмкіндік әрқашан болады. Меніңше, қазір қиындау сияқты, бірақ бұл мүмкін емес дегенді білдірмейді. Құлшыныс мықты болуы әрі жағдай ойыншының пайдасына қарай орайласуы тиіс.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

XS
SM
MD
LG