Accessibility links

Қазақстан заңындағы баспасөзге қарсы баптардың біреуі қысқарды


Полицейлер сөз бостандығын талап етіп жиналғандардың қолындағы жазуды тартып алды. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.

Полицейлер сөз бостандығын талап етіп жиналғандардың қолындағы жазуды тартып алды. Алматы, 24 маусым 2009 жыл.

Қазақстанда енді заңды тұлғалар моральдық шығын өндіруді талап етіп, баспасөз құралдарын сотқа бере алмайды. Алайда жеке тұлғалар «ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келгенін» алға тартып, ұнамаған басылымды бұрынғысынша жапқызып тастай алады дейді журналистер.


ҚИСЫНҒА ҚАЙШЫ БАП

Сәуірдің 16-сы күні Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында журналистік қауымдастықтың көптен күткен өзгерісі күшіне енді: бұдан кейін заңды тұлғалар БАҚ пен журналистерден моральдық шығын талап ете алмайды.

Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан елдегі сөз бостандығын қорғаумен айналысатын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева, заңға енгізілген өзгеріс – бұрынғыдай заңды тұлғалардың БАҚ пен журналистерден орасан зор моральдық шығын талап ету тәжірибесін өзгертеді дегенді айтады.

– Бұл өте жақсы әрине, бірақ бұл жеткіліксіз. Осы норманың кесірінен 2002 жылдан бастап қаншама тәуелсіз басылым жабылды. Сол жылы сот алғаш «Республика. Деловое обозрение» газетіне қатысты президент әкімшілігінің талабын қанағаттандырып, басылымға 50 миллион теңге төлеуді міндеттеді. Нәтижесінде газет жабылды. Бір жылдан кейін «Сөз» газеті дәл осылай жабылды. Осылайша бізде көптеген мақтауға тұрарлық басылымдар жабылып қалды. Себебі көптеген кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер өз «абыройын қорғауды» әдетке айналдырды, – деді Азаттық радиосына Тамара Калеева.

Ол журналистер қауымдастығының заңнан бұл норманы алып тастау туралы парламентке өтініш жасағандарына біраз болғанын айтты. Ол сонымен бірге заңдағы осы баптың қисынға келмейтінін де атап өтті.

Себебі «бұл нормаға салсаңыз, кәсіпорын немесе мемлекеттік органдар секілді жансыз құрылымдар моральдық зиян шегетін болып табылады. Моральдық зиян тек тірі жанға ғана тиесілі» дейді «Әділ сөз» жетекшісі.

– Сондықтан бұл ақылға қонымсыз норманың қазіргі кезде алынып тасталғаны, басына күн туып, істері сотта қаралып жатқан бірнеше басылымды жабылудан сақтап қалады, – деді Тамара Калеева.

«ЖЕКЕ ТҰЛҒА ТҰНШЫҚТЫРА АЛАДЫ»

Қазақстандағы оппозициялық журналистердің бірі, «ар-намысқа тигені үшін моральдық шығын төлеу» деген заң баптарын өз тәжірибесінен білетін журналист Ермұрат Бәпи заңға енгізілген бұл өзгерісті «көзбояушылық» деп қабылдайды.

– Бұл жаңалық Қазақстандағы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына бәрібір жақсылық алып келмейді. Тек қана косметикалық түрде жасалған көзалдау бұл. Мынау Еуропа елдері, ЕҚЫҰ елдерінің кезіндегі қойған талаптарына орай жасалынып жатқан алдамшы әрекет. Өйткені заңды тұлғалар басылымға моральдық және материалдық талап қоя алмаса, оның жеке тұлғасы, яғни мекеменің басшысы не болмаса қызметкері бар. Мәселен, жарияланған мақала белгілі бір компанияның «Қазақбаев» не болмаса «Иванов» деген қызметкерінің намысына тиіп, сотқа шағымдануы ғажап емес, – дейді Ермұрат Бәпи.

Осыдан екі жыл бұрын журналист Бәпи істеген «Тасжарған» басылымы бизнесмен әрі парламент депутаты Ромин Мадиновтың талап–арызы негізінде сот арқылы жабылып тынған.

Журналист Алмас Көшербаев пен оның сыни мақаласын 2008 жылғы санында жариялаған «Тасжарған» газетін сотқа берген Мадинов 30 миллион теңге (шамамен 200 мың доллар) моральдық өтемақы талап етті. Сот шағымды қанағаттандырып шешім шығарды. Айыппұл төлеуге шамасы жетпеген оппозициялық «Тасжарған» басылымы 2009 жылы біржолата жабылуға мәжбүр болды.

– Бұл жерде қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді деген сияқты, айналып келгенде елдегі тәуелсіз БАҚ–тың соры кетпейтіні анық, – дейді журналист Бәпи.

Айта кету керек, жаңа нормаға сәйкес, заңды тұлғалар бұрынғысынша, өз келіспеушіліктерін айтып, жарияланған мәліметтерді теріске шығаруды талап етуге құқығы бар.

Бірақ бұл жерде ескеретін жайт: егер БАҚ заңды тұлғаның айтқанымен келіспесе және мәліметтердің шын екендігіне сенімді болса, онда олар өз дегендерінде тұрып, мақаланы теріске шығармауларына да болады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG