Accessibility links

Қазақстанда БАҚ туралы заң мен БАҚ - екі бөлек дүние


Баспасөз бостандығына арналған медиа-форумнан көрініс. (Көрнекі сурет)
Баспасөз бостандығына арналған медиа-форумнан көрініс. (Көрнекі сурет)

«Қазақстанда шенеуніктер түсініктеме сұраған журналистердің өтініштерін елемейді, бірақ журналистер жазған мақаласы үшін қылмыстық бап бойынша жазаланып отырады. Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) туралы заңның күші жоқ» дейді Азаттық радиосы дөңгелек үстелінің қатысушылары.


Қазақстандағы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды елемей, Бас прокуратура мен Қазақстан президенті әкімшілігі ақпарат беру мерзімдерін бұзып, Азаттық радиосы редакциясының сауалдарын елемейді.

Мысал ретінде сол күйі жауапсыз қалған президенттің баспасөз қызметіне Азаттық радиосы редакциясының жіберген екі ресми өтінішін және 2007 жылы 27 шілдедегі «ертеде қазақ шекарасы мен мемлекеттігі» болмаған деген Нұрсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесіне байланысты бас прокуратураға құқықтық баға беруге қолқа салған екі ресми сауалды мысалға келтіруге болады.

Ақпарат беруден бас тарту жағдайында жазалау шарасы қарастырылған, алайда қазақ шенеуніктерін жауапкершілікке тарту фактілері жайлы ақпарат жоқ. Шенеуніктер журналистерден «ресми жазбаша сауалды» да жиі талап етеді. Сөйте тұра олар сауалдың жазбашасы да, ауызшасы да тең дәрежеде заңды екенін білмейтін сыңай танытады (немесе шынында хабардар емес).

Қазақстанда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң орындалып жатыр ма? Неліктен журналистер осы заңның кейбір баптарында ескерілген құқықтарын пайдаланып қала алмайды?

Осы және өзге де сұрақтарды Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелінде талқыға салады, оған қатысатындар: Тамара Калеева – «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті; Ермұхамет Ертісбаев – бұрынғы ақпарат және қоғамдық келісім министрі, қазір - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі; Сейітқазы Матаев – Қазақстан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы, қазір - Қазақстан журналистер одағының төрағасы; Бақытжан Кетебаев – «К-плюс» оппозициялық спутниктік телекомпаниясының басшысы.

Қазақстан бас прокуратурасының баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Бектұрова жұмысбастылығын айтып, пікірталасқа қатысудан сыпайы түрде бас тартты.

ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КӨРЕР ЖАРЫҒЫ ҚАЛМАДЫ

Жүргізуші:

– Қазақстанда «БАҚ туралы» заңның орындалуының нақты механизмі бар ма? Журналистер оның орындалуын неге талап етпейді?

Тамара Калеева:

– «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң өте көп ережелерден
«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының президенті Тамара Калеева.

тұрады, бірақ олардың дені - БАҚ-ты тіркеуден бас тартуға, жарыққа шығаруға тыйым салуға, олардың қызметін тоқтатуға қатыстылары қарсылықсыз орындалып жатыр.

Заң бұзудың ерекше көптігін айтқым келеді. Біз сөз бостандығын бұзған деректерге қатысты бақылау жүргіземіз, осы орайда заң бұзушылықтардың жартысынан көбі ақпарат беруден заңсыз бас тартумен немесе ақпарат беруге заңсыз шек қоюмен байланысты екенін атап өтпекпіз.

Бақытжан Кетебаев:

– Ақпарат алуға шек қоюға келер болсақ, бұл біздегі үйреншікті тәжірибе деп есептеймін. Президенттің баспасөз қызметінен бастайық: Қазақстанның ішінде «К-Плюспен» бірге белсенді қызмет етуші оның «Стан ТВ» бейнепорталы аккредитация алуға тырысқанымен сәті түспеді. Олардың барлық құжаттарды уақытымен өткізгендеріне қарамастан, жауап бермей жатыр.

Бұл бейнепорталға ешбір президент қатысатын шараға қатысты аккредитация бермей отыр. Яғни ақпаратқа шек қою саясаты сонау төбеден тарайды, ал облыс не аудан деңгейіндегі кез-келген әкім осының бәрін көріп отырып, тура осылай ақпаратты, осы ақпараттың қол жетімділігін шектеу орайындағы мемлекеттік саясаттың жетегіне ереді.

Ермұхамет Ертісбаев:

– Сөз бостандығы – өмір салты. Менің бар ойлағанымды, қажет дегендерімнің барлығын айтып салу өмір салтын таңдағаныма, міне, 25 жыл болды. Бірақ көп қиындық бар болатын. Маған «қажет емес дүниені айтып отырсың» дегенде, тіпті қазірдің өзінде әкімшілікте осы проблемалар туып отырады. Мына жағдайды елестете аласыздар ма: мен – президент кеңесшісімен, сондықтан президенттің мұрагері жайлы еркін ой түйемін, ал өзін ерікті саясаттанушы санайтын Нұрлан Ерімбетов осы тақырыпқа қатысты ой тұжырымдау адамгершілікке әрі әдепке жатпайды дейді. Мен жағамды ұстаймын: біздің елде не болып жатыр өзі? Мен, шенеунік, сөз және шығармашылық бостандығы бар деп айтылған Қазақстан Конституциясының 20-бабын пайдаланып, бұл туралы еркін сөйлей беремін, ал ол әлгіндей ұстанымға жүгінеді…

Яғни, мәселе - билікте емес, қоғамда, адамдарда.

Мысалы, журналистер не билікке – бұл біздегі билікшіл БАҚ, не олигархтарға, не аса қатал редакциялық саясат жүргізетін бас редакторға жұмыс жасайды. Осы тұрғыда бізде журналистік зерттеу деген жанр затымен жоғалып кеткен. Айтпақшы, Журналистер одағының төрағасы ретінде Сейітқазы Матаевтың журналистерді жинап, «біздің бүгінгі мәжілістен бастап барлық газеттерде журналистік зерттеу жүргізейік» дегені дұрыс шығар.

Жемқорлыққа қарсы күресте ең басты одақтас кім? Барша деректер жайлы айтуға тиісті ерікті баспасөз. Біз осыған мүдделіміз, бірақ, өкінішке қарай, журналист ағайындар басқаны қалайды.

Жүргізуші:

– «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 18-бабын қолданғысы келіп, алайда бұл баптың іс жүзінде күші жоқ болғандықтан, бұлай істей алмай жүрген журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары не істеуге тиісті? Матаев мырза, журналистерге қандай кеңес берер едіңіз?

Сейітқазы Матаев:

– Атышулы үлгі боларлық сот оқиғасын қарастырса деймін. Мен осындай оқиға болмаса, мұны істеу аса қиын деп ойлаймын. Бүгін біз бас прокуратура жайлы ең жоғарғы қадағалаушы орган деп айттық, ол да, меніңше, журналистерді жақтауға тиіс, өйткені бас прокуратура сияқты нақты бір қадағалаушы органның тарапынан әлдебір қолдау болмаса, іс ілгері баспайды.

Ермұхамет Ертісбаев журналистік зерттеулер жөнінде айтады, бірақ менің жай ғана білетінім - ешбір мемлекеттік басылым журналистік зерттеулерді тіпті жүргізбейді.

Жеке меншік басылымдарға келер болсақ, олар, әрине, журналистік зерттеулерді жүргізеді, бірақ олар тәуекелге бас тігеді, себебі кез-келген журналистік зерттеу сынға алынғандардың жағымсыз реакциясын тудырады.

Бақытжан Кетебаев:

– Бұл арада сотқа беріп, жеңіп шығу керек деген сөз айтылды. Мысал ретінде «Моя республика» газетін келтіруге болады, ол ақпарат министрлігіне қайта тіркелуге арыз берді, ал ол жерде құжаттарды жоғалтып алды. Редакция министрлікті сотқа берді, сот осы лицензияны беруді міндеттеді, алайда ақпарат министрлігі соңғы кезде ыңғайсыз жағдайларда мемлекеттік органдар қолданып жүрген реакцияны көрсетіп отыр. Мен бұл реакцияны «Жата қал да қата қал, Тузик!» деп атаймын. Яғни олар еш жауап қайтармайтын болады, «иә» да, «жоқ» та демейді. «Алға» партиясын тіркеуге қатысты белгілі дерек - осыған дәлел.

Меніңше, осы жолға түсудің мәні жоқ – бұл саладан кету әлдеқайда
«К-плюс» оппозициялық спутниктік телекомпаниясының басшысы Бақытжан Кетебаев.

нәтижелі болады. Қазір көріп отырғанымыздай, ел ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын басқаруға қатысты мемлекеттік органдардың барлық әрекеттері дәстүрлі БАҚ-қа, оның ішінде дәстүрлі телевизияға деген халық сенімін азайтып жіберді. Енді адамдардың қызығушылығын интернет, дәстүрлі емес БАҚ, интернет-телевизия, «Твиттер» және басқалары оятып жатыр.

Интернетте шыққан Италиядағы қазақ олигархтарының балаларына қатысты жанжалды ақпаратты Ресейде әп-сәтте іліп әкеткендер табылды. Ал Қазақстанда ресми БАҚ-тың бір де біреуі бұл ақпаратты бермеді.

Менің көзқарасым былай, жүйемен алысудың еш мәні жоқ, ілгері басып, жаңа технологияларды қолданып, әр адаммен тікелей нақты жұмыс жасау қажет.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ БОРЫШЫ

Жүргізуші:

– Тамара ханым, ереуілдеген мұнайшылардың белсендісі Наталья Соколованы соттауға қатысты пікірін елдің көзінше айтқаны үшін оппозициялық журналист Жанна Байтелова 14 күнге қамау жазасына кесілді. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң мен Қазақстан бекіткен азаматтардың азаматтық және саяси құқықтары туралы халықаралық пакты қайда?

Тамара Калеева:

– Жанна Байтелова жөнінде сізбен толықтай келісемін. Ой-пікіріңді ел алдында айту бостандығы бізде зиянды болып қалып отыр. Біздің тіркелмейтін партияларымыздың, сотталған журналистеріміздің және қоғамдық қозғалыстар лидерлерінің ереуілдеген мұнайшыларды жақтаған бұқаралық мәлімдемелеріне қарсы аяусыз батыл шара қолданылып жатыр. Оған негіз – реакциялық митингілер, жиналыстар мен ұйымдарды өткізу ережелерін бұзған деген өтірік сылтау.

Журналистік зерттеулерге келсек, қаламақы мен еңбекақыдан бөлек әр журналист танымал болуды, атақ-даңқты армандайды. Бірақ мен мәселе барлық басылымдардың әлдебір меншік иелеріне тиесілі болғанында деп есептемеймін – бұл бүкіләлемдік беталыс. Бізде журналистік зерттеулер жүргізуге болмайды, өйткені осыны істеуге батылы жеткен кез-келген журналист дағды бойынша дерлік қылмыстық қудалауға ұшырайды, оны бостандықтан айырумен қорқытып, жазалайды.

Бізде жалаға жемқорлық қылмысы бойынша айып қосылса, бұл үш жылға бас бостандығынан айыруға душар етеді. Адамның жеке өмірі жайлы заңсыз мағлұмат жинауға, қылмыстық кодекске сәйкес, бес жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған, ал шенеуніктің жеке өмірі деген – оның кәсіби қызметінің өзінше бір қыры: табысынан көп қаражат жұмсай ма, жоқ па ол да бар. Біздің заң жемқорларымызды күзетеді, Ертісбаев мырза, заң халықтың басқа ешбір санатының мүдделерін соншалықты қорғап отырған жоқ. Сол себепті журналистік зерттеулер жоқ, сол себепті шенеуніктер тіпті әдеп сақтап әбігерге салынбай, ақпарат беруден бас тартады.

Біз бірде осы бас тартуларды жіктеп көрдік. Бір шенеунік ақпарат беруден бас тартқанын құзыры жоқтығымен негіздейді, басқасы демалыста екенін мәлімдейді, үшіншісі «мен сіздің газетіңізді сыйламаймын» дейді. Немесе «сіздер бізді жамандап жаздыңыздар, сондықтан сіздерге жауап бермеймін» дейді. Біреу іргелес кабинетте тығылып отырады.

Бір сөзбен айтқанда, шенеуніктер тарапынан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға қатысты шектен шыққан цинизм пен нигилизмді көріп отырмыз. «БАҚ туралы» заңның тек қана журналистерге арналып емес, тең дәрежеде олардың өздеріне арнап жазылғанын шенеуніктер түсінбейді. Біздің сол баяғы мемлекеттік аппарат тарапынан журналистердің құқықтары шенеуніктің міндетін туғызу керек деген насихат жетіспейтін шығар.

Жүргізуші:

– Ермұхамет мырза, бұрынғы ақпарат министрі ретінде «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң бойынша өздерінің құқығын пайдаланып қаламын деген журналистерге нендей кеңес берер едіңіз?

Ермұхамет Ертісбаев:

– Мен журналистерге мынадай бір кеңес беремін: кәсібіңнің қамын жатпай-тұрмай ойлауың керек, оны жақсы көруің керек, неге болса да бару керек. 1974 жылы аты-жөндері есімде жоқ екі америкалық журналист БАҚ туралы заңға назар аудармай (шынымды айтсам, АҚШ-та «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның бар-жоғын білмеймін), шенеуніктің міндетіне не кіреді, не кірмейді деп, тіркеу мәселелері, тыйымдар төңірегінде шырғаланбай, жай ғана қолдан келер бар әдістермен ақпарат тауып отырыпты. Олар АҚШ-тың арнайы қызметтерінен ақпаршы тауып, атақты Уотергейтті жасапты, осылайша
Ермұхамет Ертісбаев – бұрынғы ақпарат және қоғамдық келісім министрі, қазіргі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі.

мемлекет басшысы Ричард Никсонды тайдырған. Мен жай өз қызметіңе деген көзқарастың ең бір классикалық үлгісін алып отырмын. Бізде журналистер «мынасы бұрыс, анасы бұрыс, заң дұрыс емес, шенеунік жауап қайтармайды» деп ұдайы шағымданады.

Журналистерге «Күресіңдер!» дегім келеді. Сіздерде Сейітқазы Матаев басқаратын Журналистер одағы бар, бұл дегенің - бірнеше мың журналист. Егер ертең барлық интернет-сайттар жұмыс істемесе, газеттер басылмаса, – жоқ, мен сіздерді ереуілге шақырып жатқан жоқпын – бұл бір апат болмақ, төтенше оқиға болмақ. Сондықтан менің айтайын дегенім, бәрі де ең алдымен журналистердің өздеріне байланысты.

Заңға, саяси жүйеге және тағы сол сияқты билікке сілтей салу қашан да оңай. Біздің негізгі заңымыз бар – Конституцияның 20-бабы былай деп анық айтады: «Сөз бен шығармашылық бостандығы кепілдендіріледі».

Осы бағытта жұмыс істеңіздер. Міне, Бақытжан Кетебаев «Стан-ТВ-ге» аккредитация бермей жатыр деген керемет мысал келтірді. Бақытжан Кетебаев пен дөңгелек үстелдің барлық қатысушыларына менің айтпағым, мен осы бейнепорталға үш рет әрбіреуі 30–40 минуттан тұратын сұқбат бердім. Мұны «Стан ТВ-де» жұмыс жасайтын журналист, менің қарағандылық жерлесім Иван Тулинов дәлелдей алады. Бір де бір сұқбат шықпады. Неліктен? Себебі мен Әблязовты сынға аламын, оппозицияны сынаймын, президентті қорғаймын, ал бұл «Стан-ТВ-нің» редакциялық саясатына сай келмейді.

«Стан ТВ» ұзақ уақыт бойы алған бетінен айнымай президентке қарсы, жүйеге қарсы әрекет етіп жатыр, яғни ол бұқаралық ақпарат құралы болудан қалған, ол арада ақпарат жоқ. Мен дәйім ашық айтатынмын, егер бұқаралық ақпарат құралдары, мысалы, осы саяси тәртіпті құлатуға бағытталған саясат жүргізе бастаса, олар сөзсіз кедергіге ұшырайды.

Қоғамдағы дәстүрлі БАҚ-қа деген сенім төмендеп кетті деген үрдісті де Кетебаев аса дұрыс атап өтті. Әлбетте, интернет бәрін ығыстырып жатыр. Интернетте бәрі барын өз басым да байқап қалдым соңғы жарты жылда. Сол себепті менің ойымша, мәселе билік органдарында емес, жаңа ақпарат ғасыры беретін жаңа лепте.

«АЗАТ БАСПАСӨЗ – ДЕСПОТИЯНЫҢ ДҰШПАНЫ»

Жүргізуші:

– Постсоветтік кеңістікте әлеуметтік желілер танымалдау әрі пәрменділеу болып келе жатқан тұста елге «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң қажет пе?

Тамара Калеева:

– Интернет пен дәстүрлі БАҚ-ты қарама-қарсы қоюға болмайды: қағаз жүзінде ме, эфир түрінде ме немесе интернет арқылы ма – бұл ақпарат жеткізу түрі ғана. Бұл ретте бәрі де мазмұнына байланысты. Рас, қазіргі кезде әлеуметтік желілер, интернетпен жаппай әуестік байқалады. Бірақ, зерттеулер көрсетіп отырғандай, интернетті қолданатындардың саны Қазақстан халқының төрттен бір бөлігінен аспайды. Дәстүрлі БАҚ-ты журналистикадан ысырып тастау қалай болғанда да әзірше ерте.

Жағымсыз ақпарат бергендіктен, «К-Плюс» осыншалықты жаман деуге болмайды. «Хабарда» да ақпарат біржақты, ол арада барлығының тек қана жақсы жағы бар, тіпті, үш есе жақсы әрі үш есе күшейтілген түрде шығар. Мен «К-Плюсті» үнемі көретін Алматыдағы аздаған адамның бірі болармын, сондықтан онда Қазақстандағы басқа арналардан оңай табыла қоймайтын объективті ақпарат бар деп сеніммен айта аламын. Оның арасында, мұнайлы аймақтардағы ереуіл бар. «К-Плюстен» бөлек мен еш жерден мұндай ақпаратты таба алмаймын.

Сейітқазы Матаев:

– Қазіргі кезде «Телерадиохабар тарату туралы» жаңа заң талқыланып жатыр. Ең таяу күзгі сессияда осы заң қабылданады деп ойлаймын. Онда «Интернетті бақылау» да – мен мұны тырнақшаға алып отырмын –қарастырылған. Расында, анығын айтқанда, мұны істеу қиынға соғады деп дәйім айтатынмын: Қазақстанда интернетті ажыратып тастау үшін, бүкіл елдегі электр энергиясын ажыратып тастау керек.

Екінші жағынан, бізде желілік журналистика дамып жатыр. Жаңа
Қазақстан журналистерi одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

технологияларға мен де әуеспін, бірақ билік те бос отырмай, шара қолдануды бастап жатыр деп айтуым керек. Жұмыс істеп, қадағалап отырған акционерлік қоғамдар түріндегі тұтас құрылымдар құрылғанын білемін. Арнайы қызметтер де мүлгіп отырған жоқ. Яғни біздің елде не болып жатқанын биліктің қадағалап отыруға мүмкіндігі көбірек.

Бірақ билік өзінің де баспасөзге көп тәуелді екенін түсінуі керек. Министрлерге, ірі компаниялардың басшыларына қатысты соңғы аты шулы сот процестеріне қараңыздаршы. Оларды кім қорғады? Оларды баспасөз қорғады. Оларды достары, үкімет басшылары тастап кетті, олардан әріптестері сырт айналды. Олар кезінде баспасөзді көзге ілмеген, бірақ осы шенеуніктерге көмекке баспасөз келді. Сондықтан мен шенеуніктерді журналистермен дос болуға шақырамын.

Ермұхамет Ертісбаев:

- «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның қажет-қажет еместігін мен білмеймін, себебі мүлтіксіз заң қабылдауға болады, ал ол болса күшіне енбеуі мүмкін. Ең бастысы - Қазақстан азаматтары, журналистер, шенеуніктер, қоғам өмірінің басқа салаларындағы адамдардың «ерікті баспасөз – деспотияның ең зұлым дұшпаны» дегенді ұмытпағаны абзал.

«Үкіметті баспасөзсіз, баспасөзді үкіметсіз ұсынғанда, барлығы екіншісін таңдар» деп Джефферсон жүз пайызға рас айтқан болуы керек. Рас, баспасөзі жоқ биліктен гөрі ешқандай биліксіз ерікті баспасөздің болғаны артық. Егер біздің электронды БАҚ, газет, интернетсіз билігіміз болса, бірден жүгенсіздік, қуғын-сүргін, азаматтық соғыс – бәрі басталып кетеді.

Біз Ақордада мұның бәрін жап-жақсы түсінеміз. Бақытжан Кетебаевқа, Сейітқазы Матаевқа және Тамара Калееваға айтқым келетіні, 20 жыл бұрын біздің қолымызда ештеңе болмады, «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» және бір мемлекеттік телеарнадан бөлек біздің бір де бір ерікті газетіміз болмады. Ал қазір біздің 212 телеарнамыз бар, мың газет пен БАҚ бар, яғни біздің іс жүзіндегі плюрализміміз бар.

Шиеленіс жоғын мойындаймын: журналистер әлденеден қорқады, материалдарға абайлап кіріседі. Бірақ өмір – процесс, сондықтан оған ең алдымен журналистердің белсенді қатысулары қажет, Негізгі заңның 20-бабына сүйене отырып, батыл әрекетке көшулері керек. Олар осы бағытта батыл әрекет еткенде, ерікті баспасөзбен серіктес болудан басқа шенеуніктердің өзге амалдары қалмайды.

Жүргізуші:

– Қадірлі қонақтар, пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет. Сау болыңыздар.
XS
SM
MD
LG