Accessibility links

БАҚ-ты жекешелендіру нәтижесі қандай болмақ?


Қазақстандық телеарналар камералары алдында тұрған шенеунік. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық телеарналар камералары алдында тұрған шенеунік. (Көрнекі сурет)

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева жекешелендірілетін жергілікті мемлекеттік ақпарат құралдарының қаржыландыру түрін өзгерткеннен олардың сапасы жақсарады дегенге сенбейді.

Жуырда Қазақстан үкіметі бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ) мемлекет иелігінен шығару туралы қаулы қабылдады. Жекешелендіруге тиіс БАҚ тізімінде қалалық, аудандық, облыстық газеттер мен бірнеше жергілікті телекомпания бар.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева Азаттыққа берген сұхбатында: «Мемлекет бұл қадамға әлгі ақпарат құралдарының жұмыс сапасын жақсарту қамымен емес, оларды тікелей қаржыландырудан құтылғысы келіп барғаны байқалады. Бірақ олардың қызметін жергілікті шенеуніктер деңгейінде әлі де бақылауда ұстағысы келеді» дейді.

ҚАНДАЙ БАҚ НЕЛІКТЕН ЖЕКЕШЕЛЕНДІРІЛЕДІ?

Азаттық: – Жуырда бірқатар БАҚ-ты жекешелендіру туралы үкімет қаулысы шықты. Бұның қажеті бар ма және қандай БАҚ жекешелендірілмек?

Тамара Калеева: – Мемлекеттік БАҚ мемлекет мүддесін емес, биліктің мүддесін қорғайтынын, олардың іс-әрекетін насихаттайтынын көріп отырмыз. Олардың қазіргі қызметі қоғам мүддесіне мүлде сай емес.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары байқалған БАҚ-ты мемлекет меншігінен жаппай алу тенденциясы соңғы кезде сәл бәсеңдеген. Енді, міне, Қазақстан үкіметінің жекешелендірілетін ақпарат құралдары туралы жаңа қаулысы шықты.

35 БАҚ «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева.

кірген тізім бір қарағанда қомақты көрінеді. Бірақ әлгі ақпарат құралдарының сапалық құрамына қарасақ, тізімге қалалық, аудандық және облыстық газет, «Жезқазған», «Рудный», «Жетісу», «Шахтинск» сияқты шағын телекомпаниялар - барлығы 27 БАҚ енген. Бұл тізімге республикалық ақпарат құралдарының біреуі де кірмеген.

Азаттық: – Үкіметтің ақпарат құралдарын мемлекет меншігінен шығару туралы қаулы қабылдауына басқа себептер әсер етуі мүмкін бе?

Тамара Калеева: – Маған бұл қаулы шағын мемлекеттік басылымдарды бюджет қаржысынан қағу амалы сияқты әсер қалдырды. Себебі шығыны болмаса, түсетін пайдасы жоқ оларды мемлекет енді қаржыландырғысы келмейді. Бұл БАҚ-тар әлгі алып жүруге ауыр, лақтырып тастауға қимайтын тұтқасы жоқ ескі шабаданның кебін киген сияқты.

Ал республикалық телекомпаниялар мен газеттер сияқты елдегі қоғамдық пікір мен қоғамдық санаға елеулі ықпал ете алатын БАҚ жуырда жекешелендіріледі деп ойламаймын. Бірақ оларды да жекешелендірсе дұрыс болар еді.

Азаттық: – Жекешелендірілген жергілікті БАҚ-тың кейінгі тағдыры не болмақ? Олар қоғамға қандай пайда әкеледі?

Тамара Калеева: – Жергілікті БАҚ-ты жекешелендіруден әсіресе алғашқы кезеңде пайда болады дегенге күмәнім бар. Жарнамадан ақша түсіруден де, рейтингке таласа алатын, яғни қоғам мүддесіне сай мақала жазып, хабар дайындаудан да жөнді тәжірибесі жоқ жергілікті газеттер мен телекомпанияларды «өз күндеріңді өздерің көріңдер» деп еркіне жібермек. Ал олар әкімдіктің «мынаны былай жаз, мынаны былай көрсет» деген пәрменін орындауға дағдыланған.

Олар тәуелсіз БАҚ-пен бәсекеге төтеп бере ала ма? Әлде мұндай жолдан өткен талай басылым сияқты мемлекеттік тапсырысқа тәуелді болып қала ма? Бұл да - бюджеттің ақшасы. Бірақ ол тікелей аударылмайды, шарттары мемлекеттен де қатал әлдебір конкурстар арқылы бөлінеді. Енді оларға әлгі конкурстарды өткізетін әлдебір комиссиялар пәрменін жүргізеді. Мың құбылып жатқан мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл комиссияларының құрамына кімдердің кіретінін қазір тіпті долбармен де айта алмаймын.

НЕ ӨЗГЕРМЕК?

Азаттық: – Жергілікті БАҚ-ты жекешелендіруге байланысты қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Тамара Калеева: – Меншік түрі ресми өзгергенімен, олар мемлекет түріндегі негізгі қаржы көзін ауыстырады деп ойламаймын, яғни тек қаржыландыру жолы ғана өзгереді. Меніңше, қаржыландыру формасы өзгергенімен, жекешелендірілген БАҚ-тың мазмұны өзгермейді. Егер бұлай болып қалса, өкінішті. Жергілікті сансыз шенеуніктер жекешелендірілген БАҚ-ты
Меншік түрі ресми өзгергенімен, олар мемлекет түріндегі негізгі қаржы көзін ауыстырады деп ойламаймын, яғни тек қаржыландыру жолы ғана өзгереді.
түрлі тендерлер арқылы өз ыңғайына жығып, өзінің редакциялық саясатына еріксіз көндіріп, әлгі БАҚ бетінде сүйкімді болып көрінуге тырысады.

Мен бұл ойымды Қырғызстанның мемлекеттік БАҚ-ты осылай жаппай жекешелендірген тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмын. Ол жақта жекешелендірілгеннен кейін редакторлардың көбі абдырап, не істерін білмей, сасқанынан мемлекет қарамағына қайта өтуге сұранған. Өйткені мемлекет астауында «жем» мол, бүгін-ертең қалай тіршілік етеміз деген уайым жоқ. Жекешелендіруден кейін көбін «Енді қалай күн көреміз?» деген сұрақ тығырыққа тірегені сондықтан.

Қазақстанда жекешелендірілетін басылымдарды өздігінен күн көруге үйреткен біреу бар ма? Алдын ала ондай дайындық жүргізілді дегенге, яғни менеджерлер жарнама берушілермен жұмыс істеуді, ал журналистер билікке жағатын емес, қоғамның көкейіндегі ойларға сай мақалалар жазуды үйренгеніне шүбәм бар.

Азаттық: – Жергілікті БАҚ-ты жекешелендірудің ықтимал салдарын сынағаныңызбен, «барлық БАҚ-ты жекешелендіру керек еді» деп отырсыз. Демек, Қазақстандағы БАҚ-ты мемлекет меншігінен шығаруды жалпы қолдайсыз ғой?

Тамара Калеева: – Иә, БАҚ-ты мемлекет меншігінен алу бағытында алғашқы қадам жасалды. Жалпы, бұл жаман бастама емес. Мен мемлекеттік БАҚ деген болмауы тиіс деп есептеймін. Мысалы, мемлекеттік БАҚ ашуға тыйым салынған АҚШ-та нағыз тәуелсіз баспасөз көп. Ал қазіргі жағдайды ескерсек, біздегі жекешелендіруден не нәтиже шығатынын келешек көрсетеді.

Мемлекет меншігінен кеткен БАҚ-та ешқандай сапалы өзгеріс болмауы мүмкін. Ал әзірше мемлекет жергілікті БАҚ-ты шөміштен қағып тастап, республикалық деңгейде саны бар, сапасы жоқ телеарналарды көбейтіп жатқанын ғана көріп отырмыз.

Азаттық: – Сұхбат бергеніңізге рақмет.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG