Accessibility links

Nakanune.kz редакциясын тінтуге келді


Полиция тінту жүргізіп жатқан Nakanune.kz сайтының редакциясы алдында күзетіп тұрған екі адам. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.
Полиция тінту жүргізіп жатқан Nakanune.kz сайтының редакциясы алдында күзетіп тұрған екі адам. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Алматыда Nakanune.kz интернет сайтының меншік иесі Гузал Байдалинова мен осы басылымның журналисі Юлия Козлованың үйіне тінту жүргізілді. Полиция "жалған хабар таратқан" деген негізбен екі басылымға қарсы тергеу басталғанын айтады.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті Nakanune.kz сайты мен сот шешімімен жабылған «Республика» сайтына қарсы «Казкоммерцбанкке» қатысты «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді.

Полиция 18 желтоқсан күні таңертеңнен Nakanune.kz сайтының меншік иесі Гузал Байдалинова мен блогер Рафаэль Балгиннің, «Республика» газеті басылған типографияның меншік иесі Юлия Козлованың пәтерлеріне тінту жүргізген. Бұдан соң жұма күні Nakanune.kz сайтының редакциясына да тінту жүргізілді.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті Nakanune.kz және «Республика» сайттары «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілініп, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек Азаттыққа департаменттің тергеу басқармасы «Республика» және Nakanune.kz интернет ресурстарында «Казкоммерцбанк» пен басқа да тұлғалардың іс-әрекеті бойынша «көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» фактісімен (қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-тармағы) іс қозғағанын хабарлады.

Гоголь мен Мұқанов көшелерінің қиылысында орналасқан Nakanune.kz сайтының редакциясын тінту шамамен түс кезінде басталды. Оқиға орнына барған Азаттық тілшілерін кеңсе есігін күзетіп тұрған, аты-жөндерін айтпаған екі адам ішке кіргізбеді.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының өкілі Ғалия Әженованың айтуынша, кеңседе он екі адам тінту жүргізіп жатыр. Кеңседе Nakanune.kz сайты қызметкерлерінен тек журналист Оксана Макушина ғана бар.

Заңгер Сергей Уткин (оң жақта) және полиция тінту жүргізіп жатқан Nakanune.kz сайтының редакциясы алдында күзетіп тұрған екі адам. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.
Заңгер Сергей Уткин (оң жақта) және полиция тінту жүргізіп жатқан Nakanune.kz сайтының редакциясы алдында күзетіп тұрған екі адам. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

Заңгер Сергей Уткиннің Азаттыққа айтуынша, мұның алдында Юлия Козлованың үйін тінтіп, оның компьютерлерін алып кеткен. Козловадан басқа да компьютерлерінің бар-жоғын сұраған. Бұдан соң тергеушілер тобы Nakanune.kz сайты редакциясына келген. «Олар мұнда да компьютерлерді тәркілеп жатыр» дейді Уткин.

Алматы ІІД тергеу барысында аталған сайттарда жарияланған мақалаларға «тапсырыс беруші» мен мақалаларды жариялауға «ықпал еткен адам» анықталғанын айтады.

«Жарияланған материалдар тапсырыспен жазылған және оларда көпе-көрінеу жалған, арандатушылық мәліметтер болған. ІІД қазір тінту және басқа да тергеу шараларын жүргізіп жатыр» деп хабарлады полиция департаменті жұма күні.

Гузал Байдалинованың үйіндегі тінту туралы Азаттық видеосы:

Оппозициялық журналистер үйін тінту
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:43 0:00

Полиция бүгін Гузал Байдалинованы үйін тінтіп болған соң оны адвокаты Инесса Киселевамен бірге өздерімен алып кеткен. Салтанат Әзірбек полиция Гузал Байдалинованы үйінен «тергеу аясында әкеткенін, ол босатылуы мүмкін» екенін де айтты.

Қазақстандық Адам құқықтары жөніндегі бюро қызметкері Андрей Свиридов Байдалинова мен Козлованың үйіндегі тінту жайлы таңертеңгі сағат тоғыздың шамасында естігенін айтты.

– Мен үйін тауып келгенімше, Байдалинова мен оның адвокатын алып кетіпті. Естуімше, Гузалдың өзі мен азаматттық некедегі күйеуінің және енесінің компьютерлері мен ұялы телефондарын алып кеткен. Тінту туралы ордер берілді ме, онда не айтылған – ол жөнінде ешкім білмейді, біз де білмейміз. Сонымен қатар журналист Рафаэль Балгиннің пәтеріне де тінту жүргізіліп жатқанын естідім, - деді Свиридов.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева тінту жүргізгендер өзіне Гузал Байдалинованың жағдайын білуге мүмкіндік бермегенін айтады.

"Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева Гузал Байдалинованың үйі алдында тұр. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.
"Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева Гузал Байдалинованың үйі алдында тұр. Алматы, 18 желтоқсан 2015 жыл.

– Нақты бірдеңе деу қиын. Себебі, Гузал мен оның адвокатын бірден оқшаулап әкетті. Оларды журналистермен, әріптестерімен сөйлестірмеді. Байқауымша, Гузал абыржып, сасып қалған. Біз подъезде Гузалді ұзақ күттік. Олар сыртқа шығарғысы келді, бірақ Гузалдің шыққысы келмеді. Олар тінту туралы ордерді әкелген. Себебі, мұнда журналистер келетінін білген. Бірақ, ішке ешкімді кіргізбегендіктен оны көрсетпеді. Мен тінту кезінде үйіне кіріп, Гузал Байдалинованың жағдайын, оған ешқандай қысым жасалып жатпағанын көз жеткізгім келген. Маған «қазір ондай жасайтындай кез емес қой» деді, - дейді Тамара Калеева.

Ол сот бұған дейін Nakanune.kz сайтына «Казкоммерцбанктің» шағымы бойынша 20 миллион теңге өтемақы төлеуді міндеттегенін, бірақ Гузал Байдалинованың оны төлеуге мүмкіндігі жоғын айтады.

Nakanune.kz кеңсесіндегі тінту жайлы Азаттық видеосы:

Nakanune.kz кеңсесін тінту
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:02 0:00

XS
SM
MD
LG