Accessibility links

Әулетке ауқат болған жаңа кәсіп


Кір жуу машинасының шебері Мұрат Адамбаев. Алматы, 15 ақпан 2012 жыл.

Кір жуу машинасының шебері Мұрат Адамбаев. Алматы, 15 ақпан 2012 жыл.

«Белгілі бір істі үйрену үшін төрт-бес жыл университетте оқу міндет емес» дейді арнайы техникалық білімі болмаса да, өзін кәсіпқой маман санайтын Мұрат.


Кір жуғыш мәшине жөндейтін Мұраттың бoс уақыты жоқ. Біз қоңырау шалған сайын "бүгін қолым тимейді, тапсырыстарым бар" деумен жүрген еді. Өзіміз үйіне іздеп бардық.

- Дер кезінде келдіңіздер. Енді бір он бес минут кешіккенде кетіп қалатын едім, - деді ол бізді қарсы алып тұрып.

«ШЕБЕРЛІК ҮШІН АРНАЙЫ ОҚУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Мұрат Алматының шетінде орналасқан «Ақ кент» ақшам ауданында өткен жылы салынған көпқабатты жаңа үйлердің бірінде тұрады. Екі бөлмелі пәтердің үй жабдығы да қарапайым екен.

Мұраттың жасы 29-да. Үйленгеніне екі жыл болыпты. Тұрмыстық электроника мастерінен қай университетті бітіргенін сұрадық.

"Армиядан кейін ауылда біраз жүрдік. Әр нәрсенің басын шалдық. Бұл кәсіпті ойламаған жерден бастадым"
- Ешқандай мамандығым жоқ, - деп жауап берген сәтте таңырқап қалғанымыз рас.

- Сонда кір жуатын машинаны жөндеуді қайдан үйрендіңіз? - деген сауалымызға Мұрат «достарымнан» деп қысқа қайырды.

Мінезі бұйығы Мұрат сауалдарға бір сөзбен қысқа жауап беріп отырды. Оның туған жері Алматы облысы Көксу ауданына қарасты Амангелді дейтін ауыл екен.

- Алматыға қоныс аударғаныма бес-алты жыл болып қалды. Талдықорған қаласында заңгер мамандығы бойынша оқып жүрген едім. Бірақ оқуымды аяқтамай әскерге кетіп қалдым. Кейін қайта жалғастыруға мүмкіншілік болмады. Әскерден кейін ауылда біраз жүрдік. Әр нәрсенің басын шалдық, - деген ол «бұл кәсіпті ойламаған жерден бастағанын» айтты.

- Осыдан төрт жыл бұрын Алматыда осы іспен айналысатын жігіттермен таныстым. Жандарында бір жыл жүріп, бұзылған кір мәшинелерді жөндеуді меңгердім. Мастер болу үшін төрт-бес жыл оқудың қажеті шамалы екен, - дейді Мұрат өз тәжірибесіне сүйеніп.

«ЖӨНДЕУ АҚЫСЫ - ҚОСАЛҚЫ БӨЛШЕКТІҢ ҚҰНЫНА ҚАРАЙ»

Кір жуғыш машиналар жөнінде кәсіпқой мастерден кем білмейтіндігін айтқан Мұрат «мен үшін қазір кір мәшиненің кез-келген түрін жөндеу қиын емес. Қосалқы бөлшектері табылса болды» дейді.

Оның айтуынша, әрбір кір жуғыш машинаны жөндеуге бар болғаны жарты сағат кетеді.

- Бұзылған тетігі күрделі деген машинаны шамамен жарты сағатта жөндеймін, - дейді ол. «Шақыртулар көп пе?» деген сұрағымызға:

- Әрқалай. Кей күндері бір-екі мәшинені жөндеумен шектелемін, кейде шақырту көбейіп, жұмысым қарбалас болып кетеді. Мәселен, міне, жаңа ғана бір жерге шақырған. Сіздерді күтіп бөгеліп отырғанмын, - деп жауап берді.
Дүкенде кір жуғыш машиналарды қарап жүрген тұтынушылар. (Көрнекі сурет)

Дүкенде кір жуғыш машиналарды қарап жүрген тұтынушылар. (Көрнекі сурет)


Жөндеу ақысының қосалқы бөлшектердің бағасына қарай болатынын айтқан Мұрат күндік табысы туралы «Ол менің өз құпиям» деді.

Мұраттың айтуынша, «Қазіргі кір жуғыш машиналар нәзік жасалған. Бірақ күтіп ұстаса, аса көп бұзыла бермейді».

- Адамдардың көбі жуатын киімді қалтасындағы темір-терсек, болмаса басқадай бір заттарымен қоса салып жібереді де, суды айналдыратын құрылғы істен шығады. Мен жөндеп жүрген машиналардың 70 пайызы сондайдан бұзылған. Қалғандары уақыты жетіп, ескіргендер, - дейді ол әңгімеміздің соңына қарай аз да болса шешіле сөйлеп.

Мұрат заңгер мамандығын қазір сырттай оқып жатқанын айтты. Ол:

- Менің қазіргі кәсібім де мәңгілік емес қой. Күндердің күнінде бір қажеті болып қалар деп оқуымды қайта жалғастырып жатырмын, - дейді.

МҰРАТТЫҢ ІЗБАСАРЛАРЫ БАР

Олар үйде үш ұл екен. Әкесі - қарапайым дәнекерлеуші. Мұрат өзінен кейінгі екі інісінің де осы кәсіппен шұғылданып жүргенін айтты.

- Екі інім де қазір Қарағандыда тұрады. Олар да мен секілді кір жуғыш машина шебері. Өзімнен кейінгі ұлдың оқыған мамандығы - тіс дәрігері. Бірақ қазір басқа нәрсенің «дәрігері» болып кетті, - деген Мұрат екі інісін де бұл шаруаға өзі үйреткенін айтты.

"Еңбек етсең талай нәрсеге қол жеткізуге болады екен"
Біз Мұратпен қоштасып тұрып баспананың кімдікі екенін сұрадық.

- Өзім сатып алдым. Ерінбей еңбек етсең, талай нәрсеге жетуге болады екен, - деп күлді ол.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG