Accessibility links

Дағдарыс магистранттардың шетелде тәжірибеден өтуін қиындатты


Қазақстан студенттерінің Түркияда бас қосуы. (Көрнекі сурет)

Қазақстан студенттерінің Түркияда бас қосуы. (Көрнекі сурет)

Кей университеттер екі аптаға шетелге баруы керек магистранттарын Батысқа емес Ресейге жібермек, кейбірі бұл бағдарламадан бас тартқан. Оқу орындары бұл өзгерісті қаржылық қиындықпен түсіндіреді.

Шымкенттегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүcтік Қазақстан мемлекеттік университетінің магистранты Бағдәулет (студенттердің көбі толық-аты жөнін айтпауды өтінді) ғылыми жұмысын зерттеу үшін академиялық мобилділік бағдарламасы бойынша Польшаға баруды жоспарлап жүрген. Бірақ кейін университет басшылығы студенттердің Еуропа елдеріне емес, Ресейге баратындарын айтқан.

- Еуропаға барамыз деп жоспарлап жүр едік. Енді міндетті екі аптаға Петербургке жіберіп жатыр. Бірақ ақшасы аз болып жатыр. 100-120 мың теңге (266-320 АҚШ доллары – ред.) бөлінетінін айтты. Билеттің өзі 80 мың теңге, қонақ үйге, оқуға жетпейін деп тұр. Бұрын 300 мың теңге беретін еді, – дейді шымкенттік магистр.

«300 МЫҢ ТЕҢГЕМЕН АМЕРИКАҒА БАРУ МҮМКІН ЕМЕС»

Қазақстанда екі апталық тәжірибеден өту үшін шетелге мүлдем бара алмай қалған студенттер де де аз емес. Солардың бірі – Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің магистранты Гүлжан Серік. Ол сыртқа шығуға қажет құжаттарын жинай бастағанда университет басшылығынан «биыл шетелдік сапарға бармайсыңдар» деген жауап алған.

- Заң бойынша шетелге екі аптаға барып, диссертациямызға қатысты материал жинап қайтуымыз керек. Оған мемлекеттен 300 мың теңге бөлінуі тиіс, – деп наразы болады Гүлжан Серік.

Қазақстан білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің магистрант қойған сауалға жауабы (суретті бассаңыз, үлкейеді).

Қазақстан білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің магистрант қойған сауалға жауабы (суретті бассаңыз, үлкейеді).

Шетелге ғылыми іссапарға бара алмағанына студент бұл мәселені білім және ғылым министрінің блогына жазып, «магистранттың жеке жұмыс жоспарында міндетті түрде шетелден тағылымдамадан өтуі қарастырылған, грантта оқитындардың шығыны бюджеттен бөлінеді» деген жауап алғанын айтады.

Ал Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Алмасбек «диссертациялық тақырыбыма орай АҚШ-қа барсам» деген жоспарынан қаржы тапшылығына байланысты бас тартқан.

- 300 мың теңгемен (қазіргі бағам бойынша 800 доллар – ред.) Америкаға бару мүлде мүмкін емес. Билеттің өзі 350 мың теңге тұрады. Сондықтан университет қайда жібереді – сол елге барамын, – дейді студент.

Бірақ биыл Еуропа елдеріне барып, екі апталық тәжірибеден өткен студенттер де жолықты. Мәселен, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті мен Астанадағы Лев Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранттары қысқы демалыстары кезінде академиялық мобилділік бағдарламасыбойынша Батысқа барып келген.

«ҚАРЖЫЛЫҚ ҚИЫНДЫҚҚА БАЙЛАНЫСТЫ»

Азаттық магистранттардың шетелдік оқу орындарына екі апталық ғылыми сапары жайы қалай шешіліп жатқанын білмекке жоғарыда сөз болған студенттер оқитын университеттерге хабарласты.

Шымкенттегі Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің халықаралық байланыстар бөлімінің Арида есімді қызметкері «қаржылық қиындыққа байланысты магистрлар екі апталық тәжірибеден өтуге жақын шетелдерге баратынын» айтты.

Еуропадағы қазақ студенттері. (Көрнекі сурет)

Еуропадағы қазақ студенттері. (Көрнекі сурет)

Ал Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқу-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Берік Ахметов «университеттен қаржы бөлінбейтінін, магистранттар шетелге өз қаржысына баруға болатынын» хабарлады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің есімін атаудан бас тартқан қызметкері «министрліктен қаржы күтіп отырмыз» деп қысқа жауап берді.

Академиялық мобилділік бағдарламасы бойынша, жоғары оқу орындарының грантта оқитын студенттері ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу шеңберінде елдегі не шетелдегі оқу не ғылыми зерттеу мекемелерінде тәжірибеден өтуге міндетті. Студенттер екі апталық шетелдік тәжірибеден өтіп келген соң университетке қаржыны қалай жұмсағаны туралы есеп өткізіп, тапқан мәліметтерін диссертацияларына қосуға міндетті. Әр студенттің бұл сапарына бюджеттен 300 мың теңге бөлінеді. Бірақ бұған дейін шетелге шыққан студенттердің көпшілігі бұл ақша ұшақ билеті мен қонақ үйге ғана жететінін, қалған шығындарын өздері төлейтінін жиі айтатын.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG