Accessibility links

"Мұнайсыз Қазақстан" туралы жоба жүлде иеленді


Mostratec халықаралық олимпиадасына қатысушылар. Ново-Гамбурго, Бразилия, 22-27 қазан 2012 жыл.

Mostratec халықаралық олимпиадасына қатысушылар. Ново-Гамбурго, Бразилия, 22-27 қазан 2012 жыл.

Қазақстан оқушылары Бразилияда өткен MOSTRATEC халықаралық олимпиадаcында назарға іліккен балама қуат көзі жобасы туралы айтып берді.

Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің оқушылары Азамат Болат пен Ақжол Білман және Алматыдағы қазақ-түрік лицейінің оқушысы Әйгерім Асылова Қазақстанда шикізат қоры таусылған кезде қандай табиғи балама энергия көздерін қолдануға болатынын бір жыл бойы зерттеген. Жүлдегерлер Азаттық радиосына жобалары мен олимпиада туралы әңгімелеп берді.

Оларға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қызметкерлері ғылыми жетекшілік жасап, аты аталған лицейдің екі мұғалімі көмектескен.

Маңғыстау облыстық қазақ-түрік директоры Жеңіс Телемісовтің мәлімдеуінше, Mostratec олимпиадасында қазақстандық оқушылардың жобасы алтын медальға ие болған.

- 30-40 жылдан кейін Қазақстанда мұнай-газ таусыла бастайды. Сондықтан табиғи энергия көздерін тауып, дамытуымыз керек. Балама энергия көздерінің біз әртүрлі жолдарын тауып зерттедік, - дейді Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің 11-ші сынып оқушысы Ақжол Білман.

"БӘРІБІР МҰНАЙ ТАУСЫЛАДЫ ҒОЙ"

Оқушылардың айтуынша, Қазақстанның жағдайында бір өңірден екінші өңірге энергия тасымалдау өте тиімсіз. Сондықтан олардың ойынша, "әрбір аймақтың өз потенциалын пайдалануға болады".

- Қазақстанның әр аймағында балама табиғи энергия көздері жақсы дамыған. Яғни, әрбір аймақ өзін-өзі энергиямен толық қамтамасыз ете алады. Мысалы, Қазақстанның оңтүстігінде күн сәулесі мол. Сондықтан бұл өңірде күн энергиясын дамытқан тиімді. Ал Қазақстанның солтүстігінде астық шаруашылығы жақсы дамығандықтан мұнда бидайдың қалдықтарын өңдеген ыңғайлы. Бізде астық қалдықтарын мал шаруашылығына пайдаланғанның өзінде қалдықтар көп артылып қалады екен, - дейді Алматыдағы қазақ-түрік лицейінің оқушысы Әйгерім Асылова.

Оның ойынша, мұнай қоршаған ортаны қатты ластап жатыр. Сондықтан балама энергия көзін пайдалану технологиясын жылдам қолға алу керек.
Mostratec олимпиадасына қатысушылар. Ново Гамбург, қазан 2012 жыл

Mostratec олимпиадасына қатысушылар. Ново Гамбург, қазан 2012 жыл


- Қазір Қазақстанның өзі мұнай-газға тәуелді болып тұр. Онымен өзге елдерді де қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан көбісі мұндай жаңа нәрсені енгізу мүмкін емес деп ойлайды. Бірақ бара-бара бәрібір бұған көшуге тура келеді. Себебі, бәрібір мұнай таусылады ғой, - дейді Әйгерім Асылова.

Экономист болғысы келетіндерін айтқан оқушылар болашақта бұл жобасын оқу орнында жалғастыра бергілері келеді. Олардың ойынша, Қазақстанда жобаларын жүзеге асыруға барлық мүмкіндік бар.

- Жалпы Бразилияда өтетін Mostratec олимпиадасына қатарынан төртінші жыл қатысып жатырмыз. Былтыр 11 бала барған еді. Биыл лицейімізден 2 баламыз ғана барды. Өйткені, жылдан-жылға (шарттары) қиындап бара жатқандай. Жалпы ұсынған алты-жеті жобамыздың тек біреуі ғана іріктеуден өтті. Сол кезде осы жобамыз өтеді-ау деп үміттенген едік. Ойлағанымыздай болды, - дейді Маңғыстау облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің директоры Жеңіс Телемісов.

Mostratec халықаралық олимпиадасы қазанның 22-сі мен 27-сі аралығында Бразилияның Ново-Гамбург қаласында өтті. Ғылыми жобалар мен технологияларға арналған олимпиада 1979 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG