Accessibility links

Қазақстан экспорттан жүз есе көп ет импорттайды


Қостанай базарындағы ет қатары. (Көрнекі сурет)

Қостанай базарындағы ет қатары. (Көрнекі сурет)

2013 жылы Қазақстан 1,6 мың тонна ет шетке сатып, 209,8 мың тонна ет сырттан алған. Бұл жағдайда сарапшылар үкіметтің 2015 жылдан бастап Ресейге ет экспорттау жоспарына қатты күмән келтіреді.

Ет өнімдерін дайындап, сатумен айналысатын Бақыт есімді алматылық кәсіпкер тауарының көбін сырттан алдыратынын айтады. Толық аты-жөнін атамауымызды өтінген ол:

«Бізге сырттан арнайы ет жеткізушілер бар. Алдын ала тапсырыс беріп қоямыз. Қазір Беларусь елінен келетін еттер арзан, әрі майлы. Тек мен ғана емес, ет өнімдерін өндіретін компаниялардың көпшілігі шет елден келетін етті пайдаланады. Қазір сырттан ет әкелу толық бір жүйеге түскен» дейді.

Азаттық тілшісінің саудагерлермен бейресми әңгімесі кезінде Қазақстанға ет импорттайтын елдер қатарында Беларусьпен қатар Ресей, Австралия, Парагвай, Уругвай, Бразилия, Канада және Аргентина сияқты алыс шет елдер де аталып қалды.

«СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚОРДЫҢ ЕТІ КЕЛЕДІ»

Ауылшаруашылығы министрлігінің Азаттық радиосына берген мәліметіне сүйенсек, 2013 жылы Қазақстан сырттан 210 мың тоннаға жуық ет сатып алған. Оның 170 мың тоннасына тең құс етінің 70 пайызы АҚШ-тан жеткізілген. Ал осы жылы импортталған 23 мың тонна сиыр еті Беларусьтен (30 пайыз), Ресей мен Австралиядан (15 пайыздан), Парагвай, Бразилия мен Польшадан (10 пайыздан) сатып алынған. Былтыр шетелден алынған 1 мың тоннаға жуық қой етінің 90 пайызы дерлік Австралиядан тасылған екен. Ал 5 мың тоннаға жуық жылқы етінің 35 пайызы Канададан, 22 пайызы Аргентинадан, 16 пайызы Уругвайдан, 4,5 пайызы Ресейден жеткізіледі екен. 2013 жылы Қазақстанның өзі сыртқа небәрі 1,6 мың тонна ет экспорттаған.

Базарда ет қарап тұрған астаналықтар. Көрнекі сурет

Базарда ет қарап тұрған астаналықтар. Көрнекі сурет

Қазақ Ұлттық аграрлық университеті азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі және тағам қауіпсіздігі кафедрасының жетекшісі Әсия Демеуханқызы – шетелден жаппай импортталып жатқан ет өнімдерінің сапасына сын көзімен қараушы мамандардың бірі.

«Ет Қазақстанға жердің түбінен келеді. Бірақ бағасы арзан. Неге десеңіз, олар көбінесе стратегиялық қордағы 10-20 жылға мұздатып, консерванттар қосып сақтайтын еттер. Сол себепті де олардың сапасы өте нашар» дейді маман. Әсия Демеуханқызының пайымдауынша, мұндай импортталған сапасыз етті сатушылар шұжық өнімдері түрінде өткізуге тырысады.

Азаттық тілшісі пікірлескен ауыл шаруашылығы мамандарының түгелі дерлік Қазақстандағы ет импортының күрт ұлғаюына соңғы 20 жыл ішінде мал шаруашылығының егістік сияқты негізгі салаға айналмауы, сол себепті елдегі мал басының қатты азайып кетуі әсер етті деп санайды.

Мамандардың бұл пікірін ауыл шаруашылығы министрлігінің Азаттыққа берген мәліметі растай түседі. 1990 жылмен салыстырғанда 2014 жылы ірі қара малы 59 пайызға, қой мен ешкі 49 пайызға, ал құс саны 57 пайызға кеміп кеткен.

«2000 жылдан бастап Қазақстанның ішкі жалпы өнімі орта есеппен 8 пайызға өсті. Сол кезде біздің билік тек егін шаруашылығына ерекше көңіл бөлді. 1999-2000 жылдардан бастап ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында қабылданған мемлекеттік бағдарламаларда таза астыққа көңіл бөлінді де, мал шаруашылығы ескерусіз қалды. Соның дерті әлі жазылмай келе жатыр» дейді экономист Тоқтар Есіркепов.

«БОРДАҚЫЛАУҒА МӘН БЕРУ»

Ауыл шаруашылығы министрлігі Азаттыққа берген ақпаратында үкіметтің ірі қара мал етін көбейту үшін бордақылау ісін жетілдіруге мән бере бастағанын жазады.

Министрліктің баспасөз мәлімдемесінде: «2014-2015 жылдары «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының аясында 70 мың басқа бордақылау алаңдарын құрылысы жоспаланып отыр. «ҚазАгро», «ҰБХ» АҚ несиелеу қорларының есебінен 3 мың бордақылау алаңдарын қаржыландыру мақұлданған. Бүгінде 4,3 мың басқа 10 бордақылау алаңы іске қосылды» деп жазылған.

Алматының "Алтын орда" базарында қой сатушылар.

Алматының "Алтын орда" базарында қой сатушылар.

Алайда экономист Тоқтар Есіркепов бордақылау науқанының мал басын көбейтіп, ет экспортын ұлғайтатына күмән келтіреді.

«Алдымен жоғарыдан бір тапсырма түседі де, үкімет соны атқаруға кіріседі. Мысалы, президент ұлттық қордан асыл тұқымды мал сатып алуға қаржы бөлгізді. Содан кейін барып үкімет пен ауыл шаруашлығы министрлігі оларды қоятын орындар мен жем шөптерін дайындауға кірісті. Ал шын мәнінде керісінше болу керек қой. Яғни, алдымен жоба жасалып, ол жоба үкіметтен мақұлданғаннан кейін барып қолға алынса, нұр үстіне нұр болар еді» дейді ол.

Ал ауыл шаруашылық министрлігі Қазақстанның «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасының аясында сыртқа 34 мың бастың етін сататын 8 ең ірі бордақылау алаңының 41 пайызын малмен толтырғанын айтады. Министрлік Азаттыққа осы жоба аясындағы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «ҚазАгро» ұлттық компаниясы несиелеу қорларының есебінен тағы 50 мың бас ірі қара мал сатып алатынын хабарлады. Бұл ірі қара мал етінің басым бөлігі 2015 жылдан бастап Ресейдің Қазақстанмен шекаралас обылстарына экспортталмақ.

Әсия Демеуқанқызы ет импорты экспорттан жүз еседен астам көп болып тұрған қазіргі жағдайда Қазақстан үкіметінің «2015 жылдан бастап Ресейге жылына мыңдаған тонна ет экспорттау» жоспарын орындау мүмкін емес деген ойда.

Тоқтар Есіркепов үкімет экспортқа ет шығарудан бұрын, алдымен ішкі нарықты етпен қамтамасыз етуге назар аударуы тиіс деп санайды.

«Азық түлік тауарларының стандарттары бойынша совет үкіметі кезінде адам басына шаққанда жылына 82 килограм еттен келетін. Бұл ғалымдар анықтаған норма еді. Ал 2000 жылдардың басында біздің үкімет 82 киллограмды 41-ге түсірген» дейді Тоқтар Есіркепов.

Статистика агенттігінің 2014 жылғы есебі бойынша Қазақстандағы ет өнімінің жылдық мөлшері адам басына шаққанда 23,6 кг сиыр еті, 7,9 кг қой еті, 5,8 кг жылқы еті, 17,7 кг құс еті және 6,4 кг шошқа еті (барлығы – 61,4 кг) болып шығады.

Осы мақала шығар қарсаңда, яғни маусымның 1-і күні жергілікті БАҚ ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың "Қазақстан биыл былтырғы 1 мың 346 тоннаның орнына 10 мың тонна сиыр етін экспорттауы тиіс" деген мәлімдемесін таратты.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG