Accessibility links

БАҚ туралы заң жобасын талқылады


Киоскіде тұрған газеттер. 27 қараша 2012 жыл (Көрнекі сурет)

Киоскіде тұрған газеттер. 27 қараша 2012 жыл (Көрнекі сурет)

Алматыда «БАҚ туралы заң қандай болуы керек» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Онда танымал журналистер мен билік өкілдері БАҚ туралы жаңа заң жобасын талқылады. Бұнда тіпті газеттің шығыс деректерінің шектен тыс регламенттелгені де айтылды.

Алматыда өткен тыңдау кезінде шараға қатысушылар бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) туралы заңның үкіметтік жобасындағы түйткілді ережелер туралы айтты, соның ішінде міндетті хабарламалар, мысалы газеттің шығыс деректері жайы талқыланды. Шығыс деректерде кеткен қателіктер кесірінен бұрын сот бірнеше оппозициялық БАҚ-ты жабу туралы үкім шығарып, оппозиция оны есеп айырысу деп қабылдаған.

ШЫҒЫС ДЕРЕКТЕР

Бұған дейін билік «БАҚ-тың қызметі туралы қолданыстағы заңды ырықтандырамыз, халықаралық демократиялық ұйымдардың сыны ескеріледі» деген. Бірақ Алматыда өткен тыңдаудан соң бірқатар танымал журналистер мен құқық қорғаушылар жаңа заң жобасында БАҚ құқығы әлі де шектеулі дейді. Мысалы, ақпарат және коммуникация министрлігінің БАҚ бойынша мемлекеттік саясат департаментінің директорының орынбасары Бекзат Рақымов хабарлаған министрліктің қағаз басылымдардың шығыс деректері соңғы беттің сол жақ бұрышында басылуы керек деген ұсынысы «регламенттеудің шектен шыққаны» жайлы көптеген пікірлер тудырды.

– Шығыс деректердің қатаң регламенттелгенін дұрыс деп санаймын. Бірақ... сол жақ төменгі бұрыш дегені – артық кеткендік, – деп мәлімдеді Қостанайда апта сайын шығатын «Наша газета» басылымының бас редакторы Ольга Колоколова.

«Наша газетаның» бас редакторы Ольга Колоколова. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

«Наша газетаның» бас редакторы Ольга Колоколова. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

Пікірталаста түрлі пікірлер айтылды – шығыс деректерді кез келген жерге жариялауға болатынынан бастап нөмірдің соңғы бетінде жариялау жайы, бірақ сол жақ төменгі бұрыш деп белгілеу қажет емес екеніне дейін айтылды.

Кейбір қатысушылар коммерциялық контексі болғандықтан шығыс деректерді сауда маркасымен салыстырды, «оны меншік иесі өзі лайықты деп таныған жерге өз өнімінің орнына жариялай алады» деді.

Тыңдауға қатысқандар ақпарат және коммуникация министрлігін қисын мәдениеті аз деп сөкті, себебі БАҚ туралы заңға «міндетті», «ресми» және «ақпараттық» хабарламалар терминдерін енгізген, бірақ олардың мазмұнын ашпаған, яғни бұл түсініктердің анықтамасы жоқ.

Шығыс деректер, соның ішінде басылымның тиражы міндетті хабарлама санатына кіреді. Бірақ «тираж» деген түсінікті сөзге қатысты логикалық және коммерциялық тұрғыда түсініксіз жағдайлар туындады.

«Наша газета» бас редакторы Ольга Колоколова «шығарылым тиражы», «нөмір тиражы» деген терминдердің мағынасы бұлыңғыр екенін, себебі «шығарылым» мен «нөмір» бірдей түсінік емес екенін айтты.

Ольга Колоколова кейбір мемлекет тапсырысымен жарық көретін басылымдар қулыққа басып, нақты шығатын 5 мың дананың орнына 15 мың деген санды көрсететінін айтты. Бұның қаржылық мәні бар – 15 мың данамен таралатын басылым жарнама берушілерді тартады, оның үстіне «көп мөлшерде тарайтын» газеттің мемлекеттік тапсырыс алу мүмкіндігі жоғары.

«Тираж» және оның коммерциялық салдары туралы мәселе веб-сайттарға қатысты да туындады, себебі бірқатар сайттар аз уақыт ішінде өздерін «адам көп кіретін» деп мәлімдейді. Сондықтан веб-ресурстарды өздерінің әкімшілігі ғана емес, уәкілетті мекеме де есепке алсын деген ұсыныс жасалды.

АҚПАРАТТЫ ТЕКСЕРУ МІНДЕТ ПЕ, ӘЛДЕ ҚҰҚЫҚ ПА?

Ақпарат және коммуникация министрлігі болашақта БАҚ туралы заңда ақпараттың растығын тексеру құқықтық міндеттілік ретінде қарастырылса дейді.

Ratel.kz сайтының редакторы Марас Әсіпов «қолда бар аудио жазбалардың өздері шынайылыққа кепілдеме бола алмайды және журналисті сот шағымынан құтқармайды» деп мәлімдеді. Ол мүдделі тұлғалар ғана жалған ақпарат береді деуге болмайды, митингілерде де «бос сөздер» көп айтылады. БАҚ туралы болашақ заңда журналист ақпаратты тексеруі керек пе, жоқ па деген мәселе қойылмауы керек дейді.

Ratel.kz сайтының редакторы Марат Әсіпов. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

Ratel.kz сайтының редакторы Марат Әсіпов. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

«Журналист ақпаратты тексеруі керек деген долбар айтылады. Сонымен болды» деген Марат Әсіпов ақпараттың растығына қатысты журналистің жауапкершілігі қолданыстағы түрлі заңдарда көрсетілген дейді.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева «мұндай пікірді мемлекеттік мекемелер біржақты түсінуі мүмкін – журналистің жауапкершілігі түрлі нормативтік актілерде қамтылған дегенді оларды абстракциялап алуы ғажап емес» дейді. Журналистер мен БАҚ үстінен жасалған шағым, әсіресе шенеуніктер тарапынан көбейіп жатқан арыздар соған дәлел. Мемлекеттік мекемелер журналист ақпаратты тексеруі керек дегенге жабысып, оны заңның нормасына айналдырып алуы мүмкін, нәтижесінде ол БАҚ жұмысын қиындатады. Ақпаратты түбегейлі тексерем деген адам тығырыққа тіреледі, ұшы-қиырсыз жұмысқа тап болады. Қалеева кімнің ақпаратын тексеру керек, ал кімдікін (мысалы, ресми тұлғалардан) тексермеу керек деп таңданады. Мысалы, жоғары биліктегі тұлғалардың сөзін тексеру керек пе?

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

«Әділ сөз» баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калеева. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

БЛОГЕР ЖӘНЕ ОНЫҢ МӘРТЕБЕСІ

Блогерді БАҚ-қа теңестіру туралы бастама да көп сауал тудырды, «блогер» ұғымын анықтаудың қажеттілігі айтылды. Қазақстанда қылмыстық заңнама аясында бұрын бірнеше блогер әлеуметтік желідегі жазбалары үшін жауапқа тартылған еді, оларды «алауыздық тудырды» деп айыптаған.

Блогерлер мәселесіне қатысты көп сұрақтар бар. Мысалы, кімді блогер деп тану керек: әлеуметтік желіде өз парақшасына пост салатындар ма, әлде бөгде парақшаға салатындар ма? Блогер өз аты-жөнін көрсетуі керек пе (немесе ресми түрде тіркелген лақап атын) немесе жасырын пост жариялай ала ма? Заңға қайшы постқа кім жауапты – өз жазбасын бөгде парақшаға салған автор ма, әлде сол постты жоймаған парақша иесі ме?

Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Бекзат Рақымов заңға қайшы посттың авторы ғана емес, парақша иесі де жауапты дейді.

– Бізде БАҚ шындыққа жанаспайтын, біреуді қаралайтын немесе заң нормаларын бұзатын ақпараттар таратқаны үшін жауапқа тартылады, мысалы, экстремизм, терроризм, т.б. Қазақстанның БАҚ туралы заңы бойынша ресурс иесі, яғни қазақстандық блогер жауапты. Блогерді немесе оның парақшасын жабуды қалаған кез келген адам Facebook-ке лақап атпен тіркеліп, ресми блогерге риясыз, дәл пікір қалдыруы керек. Болды! Блогерді түрмеге қамайды – қазір қылмыстық заңнама бар ғой... Ал блогер ол ақпараттың жарияланғанын қаламаған еді, – деп түсіндірді Бекзат Рақымов.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Бекзат Рақымов. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі Бекзат Рақымов. Алматы, 28 қараша 2016 жыл.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің өкілі пікірталасқа қатысушыларға БАҚ туралы заң жобасымен жұмыс істеу жалғасады деп сендірді, ұсыныстар мен ескертулер зерттеліп, есепке алынады деді.

БАҚ туралы жаңа заң қолданыстағы заң сияқты, шын мәнінде, қажет емес. Билік онсыз болмайды десе, БАҚ туралы шекті заң шығарса жететін еді, БАҚ пен журналистердің жауапкершілігі басқа заңдарда жазылған дейді құқық қорғаушы Тамара Калеева.

Мақаланы орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG