Accessibility links

Мемтапсырысты талқылағандар тоқтамға келмей тарқады


Медиа құрылтайда "Ақжол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов те сөйледі. Aлматы, 12 қараша 2010 жыл.

Медиа құрылтайда "Ақжол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов те сөйледі. Aлматы, 12 қараша 2010 жыл.

Қарашаның 12-сі күні Қазақстан баспасөз клубы ІІІ медиа құрылтай аясында «Қазақстандағы БАҚ бәсекеге қабілетті ме?» атты тақырыпта мамандар арасында ток-шоу ұйымдастырды. Бұл ток-шоуда мемлекеттік тапсырыс мәселесі талқыға тартылды.

Ток-шоуға заң шығарушы, атқарушы орган, түрлі БАҚ өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы БАҚ барған сайын тұтынушыларынан айрылып барады. Деректер бойынша, Қазақстан тұрғындарының 50 пайыздан астамы Ресейдің, болмаса, шетелдің ақпарат құралдарының өнімін тұтынады.


ҚОҒАМҒА КЕРЕКСІЗ БАҚ

Саясаттанушы Досым Сәтбаев елдегі ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетсіздігінің зиянды салдарына тоқталды.

- Біріншіден, бұл медианарықтың тұралауына әкелсе, екіншіден, ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді... Бұл қазіргі таңда БАҚ-тың – оқырманнан гөрі ықпалды топтарға, қоғамнан гөрі мемлекетке қажет екенін көрсетіп отыр, - деді ол.

Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі таңда мемлекет ақпарат құралдарына мемлекеттік тапсырыс беру арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатып отыр ма, әлде төмендетіп отыр ма, деген сұраққа келгенде мамандар айтысып қалды.


ТАПСЫРЫССЫЗ ТІРШІЛІК ЖОҚ

Мемлекеттік тапсырыстың қажеттілігін, әсіресе, билік өкілдері аса ынтамен дәлелдеуге тырысты. Олардың айтуынша, ақпарат құралдарын нарықтың қатал кеңістігіне жіберу әзірге ерте. Себебі, оларды Ресейдің болмаса шетелдің ақпарат құралдары оңай ысырып тастайды. Олардың пікірінше, «мемлекеттік тапсырыс көлемі артып, көп ақша бөлінсе, сәйкесінше сапалы бағдарламалар да пайда болады»

Билік өкілдерінің пікірінше, тұтынушы үшін майданда ақпарат құралдары мемлекет тарапынан берілетін көмекті пайдаланып, тиісті деңгейге жетіп, дамуы қажет екен.

Байланыс және ақпарат министрлігіне қарасты ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев қазіргі таңда мемлекет тек тапсырыс беру арқылы ғана емес, өзге де жолдар арқылы басылымдарға көмек көрсетіп жатқанын айтты.

- Экономикалық дағдарыстан кейінгі газет-журналдардың қазіргі күрделі хал-ахуалын ескере келе, «Қазпошта» АҚ-ымен келіссөз
Медиа құрылтай сахнасынан көрініс. Aлматы, 12 қараша 2010 жыл.
жүргіздік. Нәтижесінде оларды келесі жылы газет-журналдарға жазылу тарифін 10 пайызға төмендету қажеттігіне көздерін жеткіздік. Әрине, нарық жағдайында бұл дұрыс емес, - деді Болат Берсебаев.

Ал "Ақжол" партиясының төрағасы Әлихан Бәйменов мемтапсырыс құрылымына орай байланыс және ақпарат министрлігінің жанынан қоғамдық кеңес құру туралы ұсыныс білдірді.

Мәліметтерге қарағанда, былтыр мемлекеттік тапсырысқа 2,2 млрд теңге жұмсалғаны белгілі болған.


ТАПСЫРЫСТЫҢ «ТҰРАҚТЫ ТҰТЫНУШЫЛАРЫ»

Мамандардың бір бөлігі мемлекетті «ақпарат құралдарының жұмысына араласып, нәтижесінде тапсырыстан қағылған өзге ақпарат құралдарына тұсау салды» деп кінәлады. Олардың пікірінше, мемлекеттік тапсырысты мүлде алып тастап, ақпарат құралдары арасында таза да сауатты бәсекелестік орта қалыптастыру қажет. Осылайша нарықтың өзі-ақ әлсіз, қоғамның қажеттілігіне сай өмір сүре алмаған ақпарат құралдарын «тазартып» шығарады. Бұл позицияны қуаттаған азаматтар мемлекеттік тапсырысқа тендердің әділ өтпейтінін айтып, өкпе-реніштерін жасырмап еді.

- Осы 13 жыл ішінде бірде-бір рет мемлекеттік тапсырыс алып көрмеппін. Мемлекеттік тапсырыста жұмыс істейтін газеттер тізімделген. Жыл сайын сол газеттер ғана алады. Негізінен ол үкіметтің, жергілікті биліктің газеттері, - деді Батыс Қазақстан өңірінде шығатын «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов.

Халықаралық Медианет журналистика орталығының дерегінше, 2009 жылы Қазақстандағы БАҚ-тың 50 пайызы мемлекеттік тапсырыс алған. Мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігін мемлекеттік ақпарат құралдары арасында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Хабар», «Қазақстан» телеарнасы алса, жекеменшік басылымдардың ішінен «Экспресс К», «Central Asia Monitor», «Время» басылымдары алған.


ҚАЗАҚША ОПТИМИЗМ

Осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған жиынның биылғы ерекшелігі оның қазақ және орыс тілдерінде қатар өткендігі болды.

Тиісінше, жиында қазақтілді ақпарат нарығының хал-ахуалы да сөз болды. Мамандардың келтірген дерегі бойынша, қазіргі таңда елде қазақ тілінде 437 газет, 105 журнал және 200-ден астам сайт, портал бар.

Құрылтай қонақтары мен журналистер. Aлматы, 12 қараша 2010 жыл.
Мамандар қазақтілді БАҚ-тың болашағына қатысты оптимистік болжамдар айтады. Олардың бағалауынша, қазіргі таңда орыстілді БАҚ дамудың шарықтау шегіне жеткен. Алдағы уақытта оның даму қарқыны бәсеңдейді, есесіне қазақтілді БАҚ ерекше пәрменде дамымақ. Мамандар мұның себебін елдегі демографиялық хал-ахуал т.б өзге де факторлармен байланыстырады.


МӘСЕЛЕ ҚОРЫТЫЛМАДЫ

Бір жарым сағатқа созылған пікірталаста мамандар қандай да бір қорытындыға келді деп айту қиын. Жиынның сарапшылары біржақты көзқарас ұстанған жоқ. «Мемлекеттік тапсырыс керек, бірақ ол балалар, спорт сияқты демеушілері жоқ қоғамдық салалардың мәселесін көтеруге жұмсалуы қажет» деген пікірде болды.

Олардың пікірінше, мемлекеттік тапсырысты бірден емес, біртіндеп қысқарту қажет. Мемлекеттің тапсырыс беру арқылы медианарықты бақылауға тырысуы қате екенін ескертіп, тапсырыссыз-ақ күн көріп жүрген тәуелсіз басылымдарға кедергі келтірмеу қажет десті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG