Accessibility links

Медиакомпания өкілі мен құқық қорғаушының арасында дау туды


"Сөз бостандығын" бейнелейтін карикатура. Көрнекі сурет

"Сөз бостандығын" бейнелейтін карикатура. Көрнекі сурет

Ақтөбедегі медиа-холдинг басшыларының бірі Адам құқығын қорғау бюросының жергілікті жетекшісін «өсек-аяң түріндегі ақпарат таратты» деп кінәлап, 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етіп отыр.


Ақтөбедегі «Рика-ТВ» медиахолдингі директорының орынбасары Геннадий Орловтың шағымына мамырдың 17-сі күні Адам құқығын қорғау бюросының сайтында шыққан Ольга Климонованың «Сделали гадость – сердцу радость» атта мақаласы түрткі болған.

«АР-НАМЫСЫМА ТИДІ»

Журналист, әрі Адам құқығын қорғау бюросының ақтөбелік бөлімшесін басқаратын құқыққорғаушы Ольга Климонова бұл мақалада медиахолдингтің ғимаратын жалға алған протестанттық «Новая жизнь» шіркеу өкілдері туралы жазады. Ол сонымен бірге мақалада Орловтың сол шіркеуге қатысы бар екені турасында да баяндаған.

Құқық қорғаушыға сотқа дейінгі ескерту жіберген Геннадий Орловтың пікірінше, Ольга Климонова өзі туралы өсек-аяң түріндегі ақпарат таратып, жеке өміріне қол сұққан.
Мақалада жалған мәліметтер бар. Бұған қоса, жеке өміріме қол сұғып отыр. Мені сайтта протестанттық шіркеуге баратын адам қылып қойды.

- Мақалада жалған мәліметтер бар. Бұған қоса, жеке өміріме қол сұғып отыр. Мені сайтта протестанттық шіркеуге баратын адам қылып қойды. Мені қорлап, жалған ақпаратты таратты, - дейді Геннадий Орлов
Оның пікірінше, адам құқығын қорғайтын маман мұндай сипаттағы мақала жазбайды.

Ол Ольга Климоновадан сайтта мақаладағы ақпараттарды терістеуді сонымен бірге моральдық шығын ретінде 1 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр. Әйтпесе, сотқа жүгінбекші.

ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

Ал Ольга Климонова болса, медиахолдинг басшысының «талабын» орындай» алмайтынын айтады. Біріншіден, ол «шағым» иесінің өзін не себепті кінәлап отырғанын түсінбейді.

- Сотқа дейінгі ескертуде жеке өміріне араласқанымды айтады. Қалай араласқанымды өзім де түсінбей отырмын. Және де оған ешқандай дәлел де көрсетпеген. Ешнәрсе де айтылмаған. Тағы да шамалауға тура келеді, - деді Ольга Климонова маусымның 14-і күні Азаттық тілшісіне.
Сотқа дейінгі ескертуде жеке өміріне араласқанымды айтады. Қалай араласқанымды өзім де түсінбей отырмын. Және де оған ешқандай дәлел де көрсетпеген.

Оның сөзіне қарағанда, Геннадий Орлов бюро жетекшісіне ең алғаш рет хабарласқан кезде «басқаша талаптар» қойған, нақтырақ айтсақ, сотқа «журналистикамен айналасуға тыйым салатын» және «бюро жетекшілігінен айыратын» шағым түсіретінін айтып, тіпті өзін бұрыннан ұнатпайтынын айтып шүйліккен. Ал кейіннен «шағым» мен талап та өзгеріпті. «Соған қарағанда егер ертеңгі күні тағы да қосымша талаптар қойылып, шағым өзгерсе таң қалмаймын» дейді құқық қорғаушы.

- Ақпаратты терістеу-терістемеу жағын оны басшылықтың өзі шешеді. Ал миллион теңгені төлеуге шамам жетпейді...Сотта жеңу мүмкіндігім өте аз, - дейді Ольга Климонова.

ДӘЛЕЛ МЕН ДӘЙЕК

«Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымының заңгері Гана Красильникова Геннадий Орловтың шағымын негізсіз деп есептейді. Оның пікірінше, құқыққорғаушының мақаласында адамды қорлайтын немесе «жеке өмірге араласу» деп айтуға тұрарлық мәліметтер жоқтың қасы. «Мақалада журналист нақты фактілерді көрсетіп қана қойған» дейді заңгер.

- Ол (Геннадий Орлов - Азаттық) – діни сенім мен бостандық құпиясын жеке өмірге қол сұғумен шатыстырып отыр. Сондықтан әрі қарай күресе береміз. Сотқа дейін де, сот кезінде де, - дейді Гана Красильникова.
Ольга Климонова жазған мақалада «Новая жизнь» шіркеуіне бала-бақша ғимаратын жалға беріп отырған «Рика-ТВ» басшыларының Дариға Назарбаевамен «таныстығы» турасында да баяндалған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG