Accessibility links

Ақпараттық соғысты айтқандар Ресей мен Украинаны атамады


Евразиялық медиафорум. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

Евразиялық медиафорум. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

Астана қаласында бүгін аяқталатын Еуразия медиа форумында журналистерді «террористерді еріксіз қолпаштайды» әрі «ақпараттық соғыс тұтатады» деп айыптады. Бірақ тілшінің Ресейдің Украинаға жариялаған ақпараттық соғысы туралы сұрағы жауапсыз қалды.

Журналистерге көбінесе Rixos President бес жұлдызды қонақ үйінің жайлы креслоларына жайғасқан шенеуніктер мен қоғамдық тұлғалар «ақыл үйретті». Ақпараттық соғыс туралы секцияға қатысқандардың арасында Қазақстан президентінің қызы, премьер-министр орынбасары әрі Еуразия медиафорумын ұйымдастыру комитеті төрайымы Дариға Назарбаева болды.

Бұл сессияның модераторлығына ТАСС агенттігі бас директорының бірінші орынбасары Михаил Гусманды тағайындады. Оның пікірінше, қазір БАҚ-та ақпараттық соғыс өршіп тұр және таяу жылдары «әлдебір қорқынышты нәрсе болады». Ресейлік қонақтың айтуынша, «Қазақстан ел басшылығына қарсы жүріп жатқан әлдебір ақпараттық соғыстың қатысушысына айналған».

Медиа форумда Қазақстан қауіпсіздік кеңесі хатшысы Нұрлан Ермекбаев БАҚ терактілер жасар алдындағы өмірі мен қызметі жайлы егжей-тегжейлі баяндау арқылы «террористерді еріксіз қолпаштайды» деп мәлімдеді, бірақ ол нақты қандай БАҚ екенін атамады. Оның пікірінше, журналистерге терроризм туралы қалай жазуды міндеттейтін ереже қабылдау керек. Ол Қазақстанда журналистер этикасының кодексі бар екенін айтты. Бірақ ол ақпарат құралдары емес, президент Нұрсұлтан Назарбаев бастамасымен қабылданған. Ал Назарбаевты халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар сөз бостандығына қысым жасайды деп жиі айыптайды.

Еуразия медиафорумы. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

Еуразия медиафорумы. Астана, 21 сәуір 2016 жыл.

«Сколково» қорының вице-президенті Александра Барщевская бүкіл ақпаратты БАҚ-та жариялай берген жөн емес деп санайды. Ол «Мысалы, биыл наурызда Мәскеуде бала өлтірген күтуші әйел жайлы Ресейдің федералдық телеарналары айтқан жоқ, мен олардың бұл әрекетін құптаймын» дейді. Михаил Гусман екеуінің пікірінше, бұл жаңалықтар қоғамда аса жайсыз реакция тудырар еді.

Бірақ Батыс елдерінен келген тілшілер журналистиканың негізгі міндеттеріне қайшы келетін ондай шектеулермен келіспеді. Франциядағы Chime for Change веб-платформасының жауапты редакторы Мариэнн Перл болған оқиғаларды жұртқа жеткізу журналистердің қарапайым жұмысы деп санайды.

- Олар мұны неге көрсетеді? Өйткені бұл – рейтинг әкелетін әрі жаңалыққа лайықты хабар, - дейді Мариэнн Перл.

Украиналық журналист қыздың жалғыз сұрағы болмағанда, сессия әлеуметтік желілердің ақпараттық соғыстағы ықпалын талқылап, терактілер жайлы хабарларды қалай тарату керек деген тақырыптармен тәмам болуы мүмкін еді.

Ол «Ақпараттық соғыс жайлы талқылағанда Киев пен Мәскеу арасындағы қақтығысты жағдай мүлде қозғалмады» деді. Бірақ Rixos залында бұл сұрақ сол күйі жауапсыз қалды.

Журналист қыз «ТАСС сайты Украинаның шығысындағы өзін-өзі жариялаған ресейшіл сепаратистердің «Донецк халық республикасындағы» беймәлім дереккөздер таратқан жаңалықтарды жариялайды, ал олар қаншалықты сенімді?» деген тағы бір сұрақ қойды.

Бұл сұраққа Михаил Гусман ТАСС мемлекеттік агенттігі «жалған, күмәнді «заказуха» болмас үшін шынайы ақпаратты жариялайды деп жауап берді.

Егер ресми хабарларды ғана таратсақ, толық картина шықпай, лента бос қалады. Ал жалған, жасанды дереккөздер пайда болатыны, өкінішке орай рас.

- Бірақ түрлі күштердің тартысы кезінде дәйекті дереккөз табу өте қиын, сенсеңіз, мұны сізге кәсіпқой маман ретінде айтайын. Егер ресми хабарларды ғана таратсақ, толық картина шықпай, лента бос қалады. Ал жалған, жасанды дереккөздер пайда болатыны, өкінішке орай рас. Бұл біздің қалауымыз емес, ақпараттық тартыс кезінде ондайлар қаптап кетеді, - деді Гусман.

Бірақ ол әріптестерін «ар алдында ұялмас үшін адал жұмыс» істеуге шақыратынын айтты. АҚШ-тағы «Блумберг медиа» компаниясының атқарушы продюсері Тод Баердің пікірінше, «ақпараттық соғыс кезінде қандай жолмен жүруді, нені қай жағынан көрсетуді БАҚ-тар өздері таңдауы тиіс».

Спикер шенеуніктер ақпарат құралдарына қалай жұмыс істеуді үйретіп жатқанда журналистер «медиа форумды нашар ұйымдастырған» деп бір-біріне шағымданып жатты.

Тілшілердің айтуынша, оларды кей сессияларға кіргізбей қойған, Қазақстанға арналған тақырыптар мүлде талқыланбаған, кілең халықаралық мәселелер қозғалған. Кей баспасөз өкілдері форум атауына «медиа» сөзін жергілікті шенеуніктер шетелдік қонақтардың алдында елді жарнамалау үшін «құр қоса салған» деген пікір айтты. Қазақстандық спикерлер тізімі ішінде шетелден келген бұрынғы президенттер мен министрлер, елшілер, саясаткерлер мен экономистер, Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институты директоры, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы бар. Баспасөз саласында қазір жұмыс істеп жүрген журналистер аз.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG