Accessibility links

Дәрігерлер өз білімін ақы төлеп бағалатады


Емханада дәрігерге қаралып отырған ер адам. (Көрнекі сурет)
Емханада дәрігерге қаралып отырған ер адам. (Көрнекі сурет)

Қазақстан дәрігерлері өзінің білім деңгейін биылдан бастап ақша төлеп бағалатады. Бұрын дәрігердің жалақы мөлшеріне әсер ететін бағалау шығыны дүниежүзілік банк бөлген қаржы есебінен жабылған.

Дәрігерлерге міндеттелген сертификаттау бағасы биылдан бастап ақылы болды. Медициналық қызметкерлер әзірше денсаулық сақтау министрлігіне қарасты кәсіпорын – республикалық денсаулық сақтау орталығы ғана көрсететін қызмет үшін үш мыңға жуық теңге (8,5 доллар) төлеуі тиіс. Біліктілік деңгейіне сәйкестігін растайтын тағы бір бағалау қызметі бұдан қымбат – дәрігердің санатына қарай 14-25 мың теңге (шамамен 40-70 доллар) аралығында тұрады. Билік соңғы бағалау түрінен өту не өтпеу дәрігердің еркінде деп мәлімдейді, бірақ дәрігерлерге төленетін жалақы мөлшері дәл осы біліктілік санатын растауға байланысты белгіленеді.

Дәрігерлер өз білімін ақы төлеп бағалатады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00
Жүктеп алу

«ИНДЕКСАЦИЯ БОЛУЫ ТИІС»

Білімін ақылы бағалатуға көшу дәрігерлердің жаппай наразылығына ұласқан жоқ. Бірақ Азаттықпен аты-жөнін көрсетпеуді сұрай отырып сөйлескен мемлекеттік клиника дәрігерлерінің кейбірі «бағалау шығыны қалтамызға ауыр тиеді» деп шағымданады. Қазақстан статистика комитеті дерегінше, 2015 жылы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 87 мың теңге (қазіргі бағаммен - 250 долларға жуық) болған.

Сызғанов атындағы ғылыми-клиникалық институт директоры орынбасары Ербол Шайхиев «билік дәрігерлердің білімін ақылы негізде бағалауды енгізген кезде олардың жалақысына үстеме ақы қарастыруы тиіс еді» деп санайды.

Сызғанов атындағы ғылыми-клиникалық институт директоры орынбасары Ербол Шайхиев.
Сызғанов атындағы ғылыми-клиникалық институт директоры орынбасары Ербол Шайхиев.

- Ақылы болғаннан кейін, міндетті түрде жеңілдік те қарастырылуы тиіс. Қазір девальвация жүріп жатыр, тұрмыстық сипаттағы қызмет түрлері қымбаттады, ұлттық валютамыз құнсызданып барады. Жалақы индекстелуі тиіс, ал бір жақты шешім қабылдау жауабы жоқ сансыз сұрақтар туғызады, -дейді Ербол Шайхиев Азаттыққа.

Республикалық медицина палатасы басқармасы төрағасы Мақсұт Құлжановтың Азаттыққа айтуынша, ақылы бағалауды енгізудің бірінші кезеңінде «процесті республикалық бюджеттен немесе жұмыс беруші қолдауы тиіс».

«ТЫМ КӨП СОМА»

«Аман-саулық» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақыт Түменова дәрігерлердің білімін бағалауды министрлікке қарасты республикалық мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері емес, дәрігерлердің қоғамдық кәсіби қауымдастықтары жүргізуі тиіс деп санайды.

- Егер бағалауды бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік орган -республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы жүргізсе, бағалау тегін [дәрігерлер үшін] болуы тиіс, - дейді Бақыт Түменова.

«Аман-саулық» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақыт Түменова.
«Аман-саулық» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақыт Түменова.

Науқастардың құқығын қорғаумен айналысатын үкіметтік емес ұйым жетекшісінің айтуынша, біліктілік санатын бағалату ақысын төлеугедәрігерлердің көбінің шамасы келмеуі мүмкін.

- 25 мың [теңге] – тым көп. Әріптестерінен сәл көбірек жалақы алатын дәрігерлер оны бір жарым ставкаға жұмыс істеп, артық кезекшілікке шығып, ауыр еңбекпен табатынын ұмытпаған жөн. Ал мемлекеттік органдар бұл үшін мемлекеттен жалақы алып әрі қымбат ақы алса, бұл тым көп, - дейді Бақыт Түменова.

САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚ ҰСЫНЫСЫ

Қазақстан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақтар федерациясы осы айда дәрігерлердің білімін бағалау шығынын жұмыс берушіге артуды ұсынған. Федерация өкілдері бағалау процедурасын беру мен ақылы негізде жүргізу - «медициналық қызмет сапасын жақсарту мен науқастың мүддесін қорғауды көздейтін заңды әрі дер кезінде басталған қадам» деп мәлімдейді. Бірақ кәсіподақ бірлестігі «мәселенің әлеуметтік қырына» да назар аудару қажет екенін ескертіп, медицина қызметкерлерінің білімін бағалауды жұмыс беруші есебінен жүргізуді ұсынады.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіподақтар федерациясы төрайымы Мереке Бутина қол қойған үндеуде «Жоғары оқу орны түлектерінің кәсіби дайындық деңгейін бағалауды оны жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші есебінен жүргізуді немесе республикалық бюджеттен тиісті қаржы қарастыруды ұсынамыз» делінген.

МИНИСТРЛІК УӘЖІ

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі дәрігерлердің білімін ақылы бағалауға көшуді «қажеттілік» деп түсіндіреді. Министрлік дерегінше, былтыр бағалауға жұмсалған шығындар дүниежүзілік банк жобасы аясында бөлінген қаржыдан жабылған, қазір бұл жоба аяқталған.

Азаттық жолдаған сауалға вице-министр Елжан Біртанов қол қойған ресми жауапта біліктілік санатына сәйкестігін растау бес жылда бір рет жүргізілетіні көрсетілген. Министрлік жауабында «Санаты бар мамандар келер бес жыл бойы санаты жоқ маманға қарағанда көбірек жалақы алатынын ескерсек, бағалау жұмысын ұйымдастыру қызметі құны үстеме ақының небәрі 1,7 пайызын құрайды» деп жазылған.

Ведомство өкілдері дәрігерлердің білімін бағалау процедурасын кәсіби медицина мекемелеріне жүктеп, «біліктілік санатын көрсетуден бас тарту мәселесі зерттеліп жатқанын» айтады. Министрліктің мәлімдеуінше, медицина қызметкерлерінің білімін бағалауға жұмсалатын шығындарды жұмыс берушінің мойнына арту жөніндегі салалық кәсіподақ ұсынысы қаралған. Ресми жауапта қазір «бағалау процедурасы ақысын тегін көрсетілетін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шығындарына енгізу мәселесі» қаралып жатыр. Бұл көмек көлемі бюджет есебінен қаржыландырылатыны белгілі.

Мақаланы әзірлеуге Алма Кенжебекова қатысты.

XS
SM
MD
LG