Accessibility links

Науқастар тегін дәрінің таусыла беретініне наразы


Дәріханадан шығып келе жатқан адам. Көрнекі сурет.

Дәріханадан шығып келе жатқан адам. Көрнекі сурет.

Алматы ауруханаларында науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмектердің кейбірі таусылып қалған. Әсіресе жүрек, қан қысымы ауруларының дәрілері мүлде жоқ.

«ҚЫМБАТ ДӘРІЛЕР ТІЗІМГЕ ЕНБЕЙДІ»

70 жастағы зейнеткер Марат Есілбаев жүрек ауруына шалдыққан. Ол Алматыдағы ауруханаларда тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тез түгесіліп қалатынын айтады.

- Жылдың басында және аяғында осы мәселеге тап боламыз. Жыл басталғанда «тендер өтпей жатыр» десе, жыл аяқталмай жатып «дәрі-дәрмек мөлшері таусылды» дейді. Мен енді айына 17-18 мың теңгеге сатып аламын. Алмағанда қайда барамын, денсаулық өзімдікі ғой. Бірақ тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмек неге уақытынан бұрын бітіп қалады? Соған таң қаламын, - дейді зейнеткер Марат Есілбаев.

Ал 64 жастағы Алматы тұрғыны Василий Тимофеев қант диабетімен ауырады. Қария өзі тіркеуде тұрған ауруханадан мамыр және маусым айында ғана тегін дәрі алғанын айтады.

- Дәрігерлер «тамыз айында жаңадан дәрі-дәрмектер келеді, күтіңіз» деді. Күтіп жүрміз. Дәрігерлердің бұл жерде еш кінәсі жоқ. Денсаулық министрлігінен дәрі дұрыс бөлінбейді, - деді зейнеткер Василий Тимофеев.

Қан рагына шалдыққан Сергей есімді алматылық жігіт «бұрын тегін алып жүрген кей препараттарымыз биыл тізімнен түсіп қалыпты» дейді.

- Маған «Гидреа» препараты аса қажет. Бірақ бұл препарат тегін берілетін дәрілердің қатарында жоқ. Бағасы қымбат болған соң алып тастаған. Жалпы, Қазақстанда бағасы сегіз мың теңгеден асатын дәрілер тегін берілетін препараттар қатарына кірмей Дәріханадағы дәрі-дәрмектер. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл. Көрнекті сурет.

Дәріханадағы дәрі-дәрмектер. Алматы, 11 қыркүйек 2012 жыл. Көрнекті сурет.

қалады. Яғни тегін дәрілердің қатарына арзандары ғана кіреді, - деді ол.

«ҚАТЕРЛІ АУРУЛАРДЫҢ ДӘРІЛЕРІ ТАУСЫЛДЫ»

Алматы қалалық №15 емхананың дәрігерлері де бұл жайтты растады. Қабылдау бөлімінің мамандары «дәрі-дәрмек болып қалар» деген үміттерін айтты.

№15 емхана бас дәрігерінің орынбасары Сәуле Ахатқызы:

- Жүрек аурулары мен қан қысымы ауруларына арналған дәрі-дәрмек таусылды. Тек қант диабеті мен тұмау, суық тию сияқты ауруларға ғана тегін дәрі бар, - деді.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының «қалалық мәслихат бұл мәселені шешті, алдағы уақытта ақша бөлінеді» деген уәдесін айтқан Сәуле Ахатқызы:

- Күтіп отырмыз. Әр апта сайын департаментке барып, осы мәселенің шешілгенін біліп тұрамыз. Әзірге проблема шешілген жоқ. Қазір біздің ауруханада тегін дәрі бар. Бірақ олар қант диабеті мен демікпе, суық тию сияқты ауруларға арналған. Ал аса қатерлі жүрек, қан қысымы ауруларының дәрілері таусылды, - деді.

«ТОҚСАН САЙЫН БӨЛІП ТӨЛЕСЕ»

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары бұл мәселеге байланысты нақты жауап бермеді. Азаттық тілшісі департамент бастығы Роза Қуанышбековаға хабарласқанда, хатшысы оның іссапарға кеткенін хабарлады.

Біз тілдескен кейбір науқастар мен дәрігерлердің айтуынша, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері «бұл мәселені 20 қыркүйектен кейін шешіледі» деп мәлімдеген.

Бұл мәселеге қатысты «Аман-саулық» коғамдық қорының төрағасы Бақыт Түменова:

- Күз келді, демек, ауру қозатын кез туды. Сондықтан бұл мәселені тез шешпесек, жағдай ушығып кетеді. Ауру күтіп тұрмайды, кей науқастар дәрі-дәрмекті күнделікті, әрі тұрақты түрде ішу керек, - деген пікір айтады.

Дәрігер Рахима Дүйсенова. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Дәрігер Рахима Дүйсенова. Сурет жеке мұрағаттан алынды.

Ал жергілікті дәрігер Рахима Дүйсенованың ойынша, тегін дәрі-дәрмекке ақша бөлу жүйесін өзгерту керек.

- Денсаулық министрлігі жыл басында ақшаны бірден бөліп тастайды да, жыл аяғында дәрі-дәрмек тез таусылып қалады. Сондықтан жыл басында барлық қаржыны бірден аудармай, тоқсан немесе мезгіл сайын, кезең-кезеңімен бөлуі тиіс. Мәселені шешудің қазіргі жолы - осы. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бұл мәселені қарастырып жатырмыз дегенімен, толық шешімін таппайды. Сондықтан жыл сайын осы мәселе қайталана береді, - деді дәрігер Рахима Дүйсенова.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG