Accessibility links

Мұнайшылар Назарбаевтың сөзінен кейін де ереуіл тоқтамағанын айтады


Қаражанбасмұнай компаниясының бұрынғы жұмысшылары ереуілдеп тұр. Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл.
Қаражанбасмұнай компаниясының бұрынғы жұмысшылары ереуілдеп тұр. Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл.

Ақтау қаласының №15 ықшам ауданына орналасқан «Қаражанбасмұнай» компаниясы кеңсесінің төңірегіне жиналған бір топ жұмысшы өздерін «2011 жылы мамырдың 17-сі басталған мұнайшылар ереуілін жалғастырушылармыз» деп санайды. Олар президент Назарбаевтың «Мұнайшылардың талабы – орынды, осыны маған естіртпеген жұмыс берушілер – кінәлі» деген сөзінен кейін де ештеңе өзгерген жоқ дейді.

– 2011 жылы мамырдың 8-і «Қаражанбасмұнай» компаниясындағы төрт мыңнан астам мұнайшы мен жұмысшы жартылай аштық ұстап, наразылық акциясын бастады. Компания басшылығы оған назар аудармаған соң, мамырдың 17-сінен бастап ереуілге шықтық. Демек, ереуілдің басталғанына осы айда 1 жыл толды, – дейді олар.

«АТЫМЫЗДЫ АЙТСАҚ, АТЫП ТАСТАУЫ МҮМКІН»

Жұмысшылар ереуілге жұмыс сұрап шықпағандарын, «премьер-министр Кәрім Мәсімовтің қаулысымен бекітілген 1,8 коэффициентін, яғни өздеріне тиесілі заңды жалақыны сұрап шыққандарын» айтады. Олар «мұндағы басшылар елбасының сөзін бұрмаламай, өз жұмысымызды беріп, талабымызды орындасын – әйтпесе ереуіліміз жалғаса береді» дейді.

– Былтыр осы жерде екі мыңдай жұмысшы тұрдық. Басшылық Маңғыстаудағы басқа мұнай мекемелеріне «мына ереуілдеп жүрген жұмысшылардың біреуін де алмаң» деп тізім берді. Ол тізімді қаладағы емханаларға да жіберіп, «Өлгелі тұрса да қарамаң» деді. Емханаға барсақ тізімді көреді де, «Қаражанбас!» деп бастарын ала қашады, – дейді жұмысшылар.
Қаражанбас мұнайшылары отбасымен бірге Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімшілігі алдына жиналып тұр. Ақтау қаласы 2 маусым 2011 жыл.
Қаражанбас мұнайшылары отбасымен бірге Ақтау қаласындағы Маңғыстау облысы әкімшілігі алдына жиналып тұр. Ақтау қаласы 2 маусым 2011 жыл.

«Қаражанбасмұнай» компаниясы басшылығының тәртібі қалалық емханаға жүре қоя ма екен?» деген сауалымызға «Әкімдер де қолдады бұл тәртіпті» дейді олар.

Жұмысшылар Азаттық тілшісіне бастарынан өткен жай мен билікке қойған талаптарын ықыласпен айтып берсе де аты-жөндерін атаудан бас тартты. «Айтсақ, атып тастауы мүмкін» деп қалжыңға жеңдіргендей болды. Әдепкіде аты-жөндерін айтқандардың өзі «Айтпай-ақ қой, обалыма қаласың» деп қайыра өтініш жасады.

– Бізге түрлі жолдармен қысым жасайды. Органның адамдары келіп «әңгімелеседі». Қазір суретке түсірсең, мені ертең-ақ алып кетеді, – деген соң жұмысшылардың жекелеген суреттерін көздерінше фотоаппаратымыздан өшіріп тастауға тура келді. Топ болып түскен суретін қалдырдық бірақ. Ол суретті түсірер алдында да бірнеше жұмысшы кетіп қалған еді.

ДАУДЫҢ БАСЫ – 1,8 КОЭФФИЦИЕНТІ

«Қаражанбасмұнайдың» жұмысшылары еңбек дауының басы премьер-министр Кәрім Мәсімовтің «Жоғарылатылған салалық коэффициенттерді бекіту туралы» 2008 жылы маусымның 9-ы қабылдаған №548 қаулысына қарашаның 3-і өзі енгізген толықтырудан кейін басталғанын айтып, оның көшірмесін алдымызға қойды. «Мұнай-газ саласына - 1,8; құрылыс саласына 1,5 салалық коэффициенті қосылсын» деген бұл өзгеріс 2009 жылдың қаңтардың 1-нен бастап күшіне енеді» деп жазылыпты қаулыда.

– Бірақ біз мұндай коэффициент алғанымыз жоқ, – дейді мұнайшылар.

Сөйтіп біртіндеп еңбек дауы басталған. 2010 жылы наурыздың 26-сы Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Амангелді Айтқұлов «Қаражанбасмұнай» мен оған қарасты «АрғымақТрансСервис» және «ТұлпарМұнайСервис» компанияларының басшылары Сахимов, Ли Тецян, Цзяо Юн, Нин Цзицзэні шақырып, аталған мекемелерде еңбек заңнамаларына нұқсан келіп отырғаны жөнінде ескерту жасап, 10 күн ішінде түзету жөнінде ұсыныс берген.
"ТұлпарМұнайСервис" ЖШС Ақтаудағы кеңсесі. Ақтау, 13 мамыр 2012 жыл.
"ТұлпарМұнайСервис" ЖШС Ақтаудағы кеңсесі. Ақтау, 13 мамыр 2012 жыл.

Арада 3 ай өткеннен кейін, 2010 жылы маусымның 25-і осыған ұқсас жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та өткізген. Бұл жолы меншік түріне қарамастан, Маңғыстау облысындағы барлық кәсіпорындарда еңбекақы жүйесін еңбек туралы заңға толығымен сәйкестендіру, мамырдың 14-і мен 15-індегі келісім комиссиясының шешіміне сәйкес 2010 жылғы шілденің 1-не дейін жаңа еңбекақы жүйесін енгізу жөнінде тағы да ұсыныс жасаған.

Бірақ мұнайшылар «Мұндай коэффициенттің қосылғаны, яғни үкіметтің арнайы қаулысы бар екені Қазақстан мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіподағы мен мұнай-газ министрлігінің және осы саладағы мекемелердің арасында 2010 жылы желтоқсанның 28-інде жасалған үш жақты келісімде тағы да расталды» деп, ол құжаттың да көшірмесін көрсетті.

– Мәселен, қаулыға алғашқы өзгеріс енгізгенде премьер-министр қателесіп кеткен екен делік. Онда келесі өзгерткенде аталған коэффициентті алып тастар еді ғой. Алған жоқ. Ереуіл басталғаннан кейін, яғни 2011 жылы маусымның 25-і дәл сол қаулыға тағы да өзгеріс енгізді, бірақ мұнайшылардың 1,8 коэффициентіне тиіскен жоқ, – деп жұмысшылар ол қаулының да көшірмесін қолымызға ұстатты.

Жұмысшылар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Қайыргелді Қабылдиннің 2011 жылдың маусым айында айтқан «Ереуілшілердің талабы негізсіз, өйткені олар разрядына қарай 250 мыңнан 450 мың теңгеге дейін жалақы алады» деген сөзін де есепке алып отыр.

– Шындығында, біздің жалақымыз – 80 мың мен 160 мың теңгенің арасында. Демек 2009 жылдан бері айына орта есеппен 200 мың теңге ақшамызды алып қалады екен. Ал осыдан кейін үкіметтің өзі белгілеп, оның жергілікті органдары растап отырған ақшамызды біз неге талап етпеуіміз керек? – дейді жұмысшылар.

«1080 АДАМ ҚОЛ ҚОЙМАДЫ»

Жұмысшылар 2011 жылы мамырдың 17-сі «Қаражанбасмұнайдың» төрт мыңға жуық жұмысшысы түгелдей ереуілге шыққанын айтады.
Қаражанбасмұнай компаниясының Ақтаудағы кеңсесі. Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл.
Қаражанбасмұнай компаниясының Ақтаудағы кеңсесі. Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл.

– Әуелі сол жұмысшылардың барлығы мамырдың 8-інен бастап жартылай аштық ұстады, таңғы ас пен түскі асқа бармай қойды. Бірақ жұмыс жүріп тұрды. Компания назар аудармаған соң, мамырдың 17-сінен бастап біржола ереуілге шықты. «1,7-1,8 коэффициенттерін 2009 жылдан бергі жалақымызға қосып беріңдер» деген талап қойдық, – дейді жұмысшылар.

Жұмыс берушілер «Тамыздың 25-іне дейін жұмысқа кіріспесеңдер, бәріңді шығарамыз» деген соң, біраз мұнайшы кеткен екен.

– Оларға «Ереуіл дұрыс емес, басқа ақша сұрамаймын, не жұмыс берсең де істей беремін» деген қағазға қол қойдырды. Қол қойғандарды да кінәлай алмаймыз, бала-шағаны асырау керек қой. Ақыры қол қоймаған 1080 адам осы арада қалды, жұмыстан шығып. Бізді «Өзенмұнайгаздың» мұнайшылары да қолдап, ереуілге қосылды. Бірақ көп ұзамай-ақ олардың жалақыларын көтерді. Олар бәрібір бізді қолдап тұрып алды ғой, ақыр аяғы 16 желтоқсандағы оқиғаға ұласты, – деп әңгімелеп берді жұмысшылар.

«НЕ ДЕЙСІҢДЕР ЕНДІ?»

Жаңаөзен оқиғасынан кейін құрылған комиссия басқарып барған премьер-министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев мұнайшылармен кездесуінде «Елбасы келіп, мәселелеріңді шешіп беріп кетті ғой. Не дейсіңдер енді?» деген еді. Бірақ мұнайшылар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сапарынан соң да ештеңе өзгермегенін айтты.

– Желтоқсанның 22-сі елбасы келіп, «Мұнайшылардың талабы – орынды, осыны маған естіртпеген жұмыс берушілер – кінәлі» деді. Біздің жігіттер елбасының сөзін қағазға түсіріп апарғанда, компанияның қытай басшыларының бірі қағазды лақтырып жіберіпті, – дейді жұмысшылар.
Қаражанбасмұнай компаниясының бұрынғы жұмысшылары ереуілдеп тұр. Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл.
Қаражанбасмұнай компаниясының бұрынғы жұмысшылары ереуілдеп тұр. Ақтау, 8 мамыр 2012 жыл.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда «Жаңаөзен оқиғасынан кейін жаңадан жұмыс орнын ашып, мұнайшыларды жұмысқа алып жатырмыз» деген сөз – кезекті алдарқатудың бір түрі». «Қаражанбасмұнайдың» жұмысшыларын жұмысқа алу үшін ашылған «Қазмұнайгаздың» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қазір бір мыңға жуық жұмысшы тіркелген.

– Атауы мен офисінен басқа ештеңесі жоқ бұл компания сонша жұмысшыны ешқайда сыйғыза алмайды. Бізді бірнеше топқа бөліп, игеріп жатқан кеніші бар компанияларға жібермек болып отыр. Бір тобымызды «Қаражанбасқа», енді бір тобымызды «Қаламқасқа», тағы басқа жерлерге аттандырмақ. Сөйтіп бірнеше жылдан бері істеп келе жатқан өз жұмысымызға «новичок» болып қайта барады екенбіз. Онда бір жыл несіне ереуіл жасадық? Біз олардан жұмыс сұраған жоқпыз, тиісті жалақымызды сұрадық, – дейді жұмысшылар.

Олардың айтуынша, жаңадан ашылған бұрғылау мекемесіне тіркелуден бас тартып, бұрынғы талабынан айнымай отырған 47 жұмысшы бар. Олар өздерін баяғы жұмыс орындарына қайтаруды және тиесілі заңды ақшасын беруді талап етеді. 47 жұмысшы «Қаражанбасмұнай» компаниясы офисінің алдына күн сайын кезектесіп жиналады.

«ЕЛУ МҰНАЙШЫ ЕЛБАСЫНА СЕНІП ТҰР»

Азаттық тілшісі барған күні ереуілшілердің арасында жаңадан ашылған бұрғылау компаниясына тіркеліп, жұмыс істемесе де қаңтар айынан бері жалақысын алып жүрген екі-үш жұмысшы жүрді.

– Айлығымыз – сол баяғы. Өсірген ештеңесі жоқ. 1,8 коэффициентін алған жоқпыз. Бір жылдық ереуіліміз босқа кетті. «Мұнайшылардың талаптары орындалды» дегенді теледидардан естіп жүрген шығарсыздар. Бірақ қалай орындалғанын өзіңіз көріп тұрсыз міне, – дейді олар.
Жеңіс күніне арналған мерекелік шараны бақылып жүрген әскери қызметкерлер. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл.
Жеңіс күніне арналған мерекелік шараны бақылып жүрген әскери қызметкерлер. Ақтау, 9 мамыр 2012 жыл.

«Жұмыс істемесе де жалақы алып жүрген мыңға жуық жұмысшы өздерімен бірге бір жыл ереуілдеткен 47 адамға қолдау көрсетіп отыр. Сондықтан ереуіл тоқтады деуге болмайды, талабымыз орындалғанша жалғаса береді» дейді жұмысшылар.

«Талаптарыңыз орындалмаса қайтесіздер?» деген сұраққа «Оны бір Алла біледі» деген жұмысшылар «Ақтауда елу мұнайшы елбасына сеніп тұр» деп жазшы» деп өтінді.

Ереуілді жалғастырып жүрген жұмысшылар өз талаптарын тиісті орындарға жазбаша түрде де тапсырып отырғандарын, бірақ әлі күнге одан нәтиже шықпағанын айтты.

ЕШТЕҢЕ ШЕШПЕГЕН ЕСКІ, ХАБАРСЫЗ КЕТКЕН «ЖАҢА« КОМИССИЯЛАР

Осы топтың, яғни «Қаражанбасмұнай», «ТұлпарМұнайСервис», «АрғымақТрансСервистің» бұрынғы жұмысшыларының өтінішімен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы қаңтардың 9-ы арнайы комиссия құрып, оған жұмысшылардың өздерін де қосқан.

Қаңтардың 10,11,12-сі өткен алғашқы отырыстарында екі жақ ортақ мәмілеге келе алмай тарқасқан. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының бас директоры Алик Айдарбаевтың «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ләззат Қиыновқа жазған хатында да айтылады.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының президенті Ләззат Қиынов. Ақтау, 24 желтоқсан 2011 жыл.

Бұл хатта «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы бұрынғы жұмысшылардың мәселесін аталған комиссия шегінде, не болмаса еңбек құқығы бойынша мамандар мен тәуелсіз сарапшылардан құралған жаңа комиссия құру арқылы шешуге дайын екендіктерін білдіреді. Ереуілшілердің айтуынша одан кейін, қаңтардың 16-сына премьер-министр Кәрім Мәсімов пен үкімет комиссиясының төрағасы Өмірзақ Шүкеевке де арнайы хат жазылған.

Жаңа комиссияның мән-жайын білу үшін Азаттық радиосының тілшісі Алик Айдарбаевтың Ләззат Қиыновқа жазған хатын әзірлеген Ғабиден Нұрғалиевпен сөйлесті. Ол «нақты ақпаратты бас директордың кеңесшісі мен компанияның баспасөз қызметінен ғана алуға болатынын» айтты. Бірақ ол екеуі де телефон тұтқасын көтермеді.

Біз жұмысшылардың әңгімесінен кейін «Қаражанбасмұнай» компаниясына кіріп, мән-жайды білмек болған едік. Бірақ күзет қызметі бұл мәселемен шұғылданатын вице-президент Қайырбек Елеусіновтің өз орнында жоқ екенін айтып, кеңсесіне кіргізбеді.
XS
SM
MD
LG