Accessibility links

Ахмадияшылар кеңсесінде діни ғұрыптар өткізуге тыйым салынды


Ислам дінін ұстанушылар. Астана, 11 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ислам дінін ұстанушылар. Астана, 11 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Forum 18 атты халықаралық құқық қорғау ұйымы «Қазақстандағы ахмадиші мұсылмандар қауымы бұдан былай діни ғұрыптарын өткізу үшін бір жерге бас қоса алмайды» деп жазады. Баптистерге де осындай тыйым салынуы мүмкін.


Норвегияда орналасқан Forum 18 халықаралық құқық қорғау ұйымы Ахмадия мұсылмандар қауымының діни жоралар өткізуіне тыйым салуға «жер комитеті, прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдардың діни бірлестіктерді тексеру науқаны» себеп болды деп хабарлайды.

ЖЕР ИНСПЕКЦИЯСЫ

Алматы қаласы мен Алматы облысының жер инспекторлары Forum 18 ұйымына діни бірлестіктердің бүкіл жылжымайтын мүліктерін тексеріп жатқандарын айтқан. Олар ғимараттар мен жер телімдерінің мақсатқа сай пайдаланылуын тексермек.
Діни мақсатқа арналмаған ғимараттардың иелеріне діни қызметті тоқтату туралы ескерту жасалады. Ескертуді елемегендерге түрлі жаза қолданылмақ.

Ахмадия мұсылмандар қауымының мүшесі Нұрым Тайбек сәуірдің 19-ы күні Forum 18 ұйымына Алматы қаласы әкімдігі қауымның Медеу ауданындағы ғимаратында діни жораларды өткізуге тыйым салғанын хабарлаған. Оның сөзіне қарағанда, наурыздың 2-сі күні ғимаратты тексерген жер инспекторлары әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 253-бабы бұзылған деген уәжбен 48 мың 540 теңге айыппұл салған. Бұл ғимарат - Ахмадия мұсылмандар қауымының ресми тіркелген мекенжайы.
Алмалы аудандық сотының ауласында намаз оқып жатқан әйел. Алматы, 28 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Алмалы аудандық сотының ауласында намаз оқып жатқан әйел. Алматы, 28 желтоқсан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)


Нұрым Тайбектің айтуынша, қауым жер инспекциясының бұл шешіміне келіспей, арнайы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірген. Наурыздың 16-сында бұл шағымды қараған судья Ғалым Келдібаев айыппұл туралы шешімді сол күйінде қалдырған.

Жер инспекторлары түсірген суреттерден үйдің бір бөлігі кеңсе болғаны байқалады. Инспекторлар «Ғимаратта діни жоралар да өткізіліп келген» дейді.

Ахмадия мұсылмандарының Шымкентте тіркелген қауымының да жеке меншік үйде бас қосып, діни жиын өткізуіне бұрынырақта тыйым салынған болатын. Оңтүстік Қазақстан сотында болған аппелляция мен кассация еш нәтиже бермеді.

«ПРОКУРАТУРАНЫҢ ҰСЫНЫСЫ»

Жер инспекторы Асқар Дүйсековтің сөзіне қарағанда, ахмадия қауымын тексеруді әуел баста Алматы қаласының прокуратурасы ұсынған. Дүйсеков «қазір жер инспекторлары барлық діни бірлестіктердің мүлікті мақсатқа сай пайдалануын тексеріп жатқанын» да айтты.

Forum 18 ұйымының тілшілеріне Алматы қаласы прокуратурасының қызметкерлері қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Алматы қаласының прокуроры Берік Асыловтың хатшысы Forum 18 ұйымының тілшілеріне сәуірдің 19-ы күні "прокурордың қолы тимейтінін" айтқан. Ұйым өкілдерін шағымдарды қабылдауға жауапты тұлға Бақытгүл Туткинаға жіберген.
Түсінік беруге құзыреті жоқ екенін айтқан Бақытгүл Туткина тілшілерді прокурордың көмекшісі Марлен Сламбековке жіберген екен. Алайда ол да бұл тақырыпта сөйлесуден бас тартқан.

«БІЗ АХМАДИЯ ҚАУЫМЫНА ҚАРСЫ ЕМЕСПІЗ»

«Ахмадия мұсылмандары неліктен өз үйінде діни жораларды өткізе алмайды?» деген сауалға жер инспекторы Асқар Дүйсеков «Ғимарат алдымен діни жораларды өткізетін орын ретінде ресми тіркеуден өтуі тиіс» деп жауап берді.
Forum 18 ұйымының ресми логотипі

Forum 18 ұйымының ресми логотипі


Forum 18 ұйымы мәлімдемесінде Асқар Дүйсековтің «Біз ахмадияшылар қауымына қарсы емеспіз, бірақ олардың жер кодексі талаптарын бұзуына жол бермейміз» деген сөзін мысалға келтіріпті.

Қауым мүшесі Нұрым Тайбектің пікірінше, бұл тіркеуден өту - әрі қиын, әрі ұзаққа созылатын шаруа. Өйткені тіркеуден өту үшін ғимараттың құрылысын өзгерту және билік орындарының табалдырығын тоздыру керек. Алдымен қалалық әкімшіліктен, сосын жер комитеті, өрт қауіпсіздігі инспекциясы, сәулет агенттігі сияқты мекемелерден рұқсат алу керек.

КЕЛЕСІ КЕЗЕК КІМДІКІ?

Сәуір айында Талдықорғандағы методистердің «Жаңа өсиет» шіркеуінің қауымы жиналатын үйдің иесіне жер телімін мақсатқа сай пайдаланбағаны үшін 8 мың 90 теңге айыппұл салынды. Қауымның тіркелген заңды мекенжайы осы үй екен.

Қауымның пасторы Валерий Ким Forum 18 ұйымына өз шіркеуін де жауып тастай ма деп қауіптенетінін айтыпты. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шіркеу 2001 жылы мемлекеттік тіркеуге тұрған. Ал 2008 жылы Талдықорған қаласында қайта тіркеуден өткен шіркеу қауымы мұндай қиындықпен осы күнге дейін ұшыраспаған екен.

Қазақстан билігі тіркеуден өтпеген діни бірлестіктерді тексеру қарқынын күшейтетін сыңайлы. Forum 18 «Мұндай тексеріске ұшырайтындардың қатарында принципті түрде тіркелмей отырған баптистер шіркеуінің кеңесі де бар» деп жазады.

Осы тұрғыдағы соңғы шаралардың бірі ретінде Қостанай облысындағы жергілікті биліктің баптистерге ескерту жасауын атауға болады. Ескертуде жеке меншік үйде діни жораларды өткізуге, тіркеуден өтпеген қызметті жүзеге асыруға тыйым салынатыны көрсетілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG