Accessibility links

Түрмедегі «Хизб ут-Тахрир» мүшесінің әйеліне жазған өлеңі


«Хизб ут-Тахрир» мүшесі, тұтқын Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова. Youtube-ке жарияланған видео скриншоты.

«Хизб ут-Тахрир» мүшесі, тұтқын Рафис Галиулиннің әйелі Наталья Войтенкова. Youtube-ке жарияланған видео скриншоты.

Құқық қорғау ұйымы дерегінше, «Хизб ут-Тахрир» мүшесі, тұтқын Рафис Галиулинді қатал режимге ауыстырған. Әйелінің «ерімді азаптады» дегенін билік жоққа шығарды. Ал тұтқын жұбайына өлең жолдап жатыр.

Францияның Ле-Ман қаласындағы Аssociation for Human Rights in Central Asia құқық қорғау ұйымының жазуынша, Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы колонияда отырған тұтқын Рафис Галиулинді жарты жылдың ішінде екінші мәрте қатал режимге ауыстырған.

Тұтқын Рафис Галиулинді бірінші рет қатал режимге 2014 жылдың қарашасында - алты айға, ал екінші рет биыл мамыр айында ауыстырған.

Құқық қорғау ұйымы хабарлауынша, түрме қызметкерлері Галиулинді азаптаған деген дерек түскен. Мұны оның әйелі Наталья Войтенкова да айтады. Билік тұтқын Галиулинге қатысты азаптау әрекеттерін теріске шығарып, әйелінің арызы бойынша қозғалған істі жапқан. Наталья Войтенкованың айтуынша, Рафис Галиулин оған өлеңдер мен хаттар жолдаған.

Астананың 44 жастағы тұрғыны Рафис Галиулин Қазақстанда тыйым салынған «Хизб ут - Тахрир» діни ұйымына мүше болды деген айыппен 2010 жылдың тамызында жеті жылға сотталған.

Ал ислам дінін қабылдаған әйелі Наталья Войтенкова 2013 жылдың аяғында «экстремизмді насихаттады» деген айыппен бес жылға сотталған. Бірақ әлеуметтік желідегі жақтастары араша түскеннен кейін оны түрмеден босатқан. Кәмелетке толмаған үш баласы бар екенін ескеріп, жазасын өтеуді бес жылға – балалары өскенше кейінге қалдырған.

ӨЛЕҢ

Наталья Войтенкованың қоғамдық орында хиджап тағуға салынған тыйымға қарсы акция ұйымдастырған кезі. Астана, 11 наурыз 2011 жыл.

Наталья Войтенкованың қоғамдық орында хиджап тағуға салынған тыйымға қарсы акция ұйымдастырған кезі. Астана, 11 наурыз 2011 жыл.

Тұтқын Рафис Галиулин келіншегі Натальяны еркелетіп «Айша» (ислам дінінің негізін қалаған Мұхаммед пайғамбардың кіші әйелінің есімі) атайды.

Азаттық тұтқын Рафис Галиулиннің әйеліне түрмеден жолдаған орыс тіліндегі өлеңінің үзіндісін түзетусіз жариялап отыр.

"Здравствуй радость, как дела? Трудно ждать тебе меня?
Мне здесь тоже не легко, но всегда есть вспомнить что –
Как влюбились в первый день, бегал за тобой как тень,
Ты давала мне отказ, всё ж отвёз тебя я в ЗАГС.
Всяко было – жили врозь, сердце говорило: «Брось» (твое сердце говорило)))
Жизни смысл не знали мы, вот и жили как могли.
Но как приняли ИСЛАМ, руководство далось нам,
Сразу нас исправило, возродило заново".

Наталья Войтенкова Азаттық тілшісіне «бүкіл инстанцияға» арызданып, шу көтергенше түрмедегі күйеуінен жарты жылдай хат алмағанын айтады. Шілденің 9-ы күні жақындарына жолдаған хатында тұтқын Рафис Галиулин «түрме қызметкерлері мұның алдында жолдаған хаттарымның сендерге жетпегенін, бұл поштаның кінәсі екенін» айтқанын жазады.

«АЛАҚАНМЕН ҰРЫП ҚАЛҒАН»

Рафис Галиулиннің әйелі ерін кезекті мәрте қатал режимге ауыстыруды түрме билігінің оны түрмеден шығармау үшін сылтау іздеген амалы деп санайды. Оның жазасын өтеу мерзімі 2016 жылдың қазан айында бітеді. Наталья Войтенкованың айтуынша, ерінің «Хизб ут-Тахрир» идеяларынан бас тарту ниеті жоқ, бірақ түрме әкімшілігі оны азаптау арқылы соған мәжбүрлегісі келеді». Мұны Association for Human Rights in Central Asia құқық қорғау ұйымы да қостайды.

Association for Human Rights in Central Asia ұйымы «Рафис Галиулин туыстарының сансыз шағымынан кейін қызметтік тексеру жүргізіліп, түрме әкімшілігі қызметкерлері тарапынан заңға қайшы әрекеттерге бару фактілері анықталған. Бұдан кейін Галиулинді жеңілдетілген режимге уақытша ауыстырып, қысымды азайтқан» деп жазады.

Наталья Войтенковаға прокуратураның бүкіл инстанциясынан (бас прокуратурадан бастап жергілікті прокуратураға дейін), ІІМ, ҚАЖК, ІІМ-ге қарасты ішкі қауіпсіздік қызметі, мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы іс-қимыл агенттігінен (бұрынғы қаржы полициясы) жауап келген. Әлгі хаттарда Рафис Галиулинді азаптады деген шағымдардың негізсіз екені айтылған. Наталья Войтенкованың арызы бойынша қозғалған қылмыстық істер былтыр және биыл екі мәрте жабылғаны хабарланған.

Рафис Галиулиннің әйелі Азаттыққа мұндай жауаптарға иланбайтынын, өйткені азаптау әрекеттері туралы былтыр қысқа мерзімді кездесуге барған кезде ерінің өзінен естігенін айтады. Ол мысал ретінде Қарағанды облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ішкі қауіпсіздік қызметінде істейтін майор Қуанышбаевтың қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы былтыр желтоқсанның 30-ы күні шығарған қаулысынан үзінді келтіреді. Қаулыда Жезқазғандағы колонияға келгеннен кейін тұтқын Рафис Галиулинге (тұтқынның айтуынша) «арнайы құралдар қолданылғаны» жазылған.

Қазір денесінде жарақат жоқ. Бірақ мекемеде моральдық тұрғыдан қысымға ұшырап, ар-намысы тапталған.

Майор Қуанышбаев тұтқын Галиулиннің сөзіне сілтеме жасап, «Қазір денесінде жарақат жоқ. Бірақ мекемеде моральдық тұрғыдан қысымға ұшырап, ар-намысы тапталған» деп жазады. Оның хабарлауынша, Галиулиннің сөздерін растайтын дәлел табылмаған соң түрме қызметкерлері үстінен қозғалған іс жабылған.

Сот алды тергеу амалдарын тоқтату туралы осыған ұқсас тағы бір қаулы екі айдан кейін – 2015 жылы ақпанның 11-і күні шыққан. Оны Қарағанды облысы ІІД-сіне қарасты ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметкері майор Смағұлов шығарған. Ол тұтқын Рафис Галиулиннің айтқаны бойынша «түзету мекемесіне келгеннен кейін колония қызметкерлері оны аяғынан шалып құлатып, бөксе тұсынан арнайы құралдармен (РТ) [резеңке таяқ] ұрып-соққаннан денесінде қанталаған ісік пайда болған» деп жазады.

Майор Смағұлов тұтқын Галиулиннің өз сөзі деп «ШИЗО-да отырған кезінде қызметкерлердің бірі оның басынан алақанмен ұрып қалған. Бірақ соққы ақырын тигендіктен, ісік болмаған» деп жазады.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар «өздерін тәуелсіз діндар санайтын азаматтар қылмыстық қудалауға түсіп әрі сотталып қана қоймай, түрмеде де қысымға ұшырайды» деп мәлімдейді. Құқық қорғаушылар мұндай қысымның бір түрі ретінде тұтқындарды ұзақ мерзімді кездесу, сәлемдеме алу құқығынан айыратын қатал режимде ұстауды атайды. Оларға әдетте жылына небәрі екі мәрте қысқа мерзімді кездесуге (әйнек арқылы ғана сөйлесе алатын) рұқсат беріледі.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG