Accessibility links

Жаңаөзен оқиғасының құрбандарына ас берілді


Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асына жиылған жұрт. Маңғыстау облысы Теңге ауылы зираты, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асына жиылған жұрт. Маңғыстау облысы Теңге ауылы зираты, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Желтоқсанның 9-ы күні Маңғыстау өлкесіндегі Теңге әулие басында былтырғы Жаңаөзенде болған қанды оқиға құрбандарының құрметіне ас берілді.

Жиырма мыңға тарта адам тұратын Теңге ауылы Жаңаөзен қаласынан 12 шақырым жерде. Ас осы ауылдың сыртындағы Теңге әулие мазарының басында берілді. Ас берілген жерге бірнеше киіз үй тігілді.

Азаттық тілшісі ас берілетін жерге жеткенде таңғы сағат тоғыз жарым еді. Қазан-ошақтың басында ет асып, күйбеңдеп жүргендер негізінен ер адамдар екен. Әйелдер нан-шелпек, бауырсақ пісіру, шай әзірлеудің қамымен жүрді.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асында қызмет көрсетіп жүрген азаматтар. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асында қызмет көрсетіп жүрген азаматтар. Маңғыстау облысы Теңге ауылы, 9 желтоқсан 2012 жыл.


- Біз бұл жерде ешқандай әңгіме айта алмаймыз. Солай келіскенбіз. Мұнда тек марқұмдардың соңғы кәдесін атқаруға келіп тұрмыз, - деді олар сөзге тартып көрмек болған Азаттық тілшісіне.

Ас берілетін жерге дейін сапарлас болған қала тұрғындарының айтуынша, Жаңаөзен оқиғасынан кейін қаланың сыртқы келбеті өзгергенімен, тұрғындардың әл-ауқатында өзгеріс бола қоймаған. Аты-жөндерін айтқысы келмеген олар "қаза болған марқұмдар балаларының жұмыстастары болған соң еске алу дастарханына бара жатқандарын" айтты.

- Қала көркейіп келе жатқанымен, тұрмысында өзгеріс жоқ. «Жалақы» деген сөзді айтуға болмайды. Ол жайлы талап қойғандарды қамайды, - деп жағдайды қысқа баяндады егде тартқан ер адам.

МАРҚҰМДАРДЫҢ ТУЫСТАРЫ

Ас беруді ұйымдастырған - ереуілден кейін құрылған «Өзенмұнайгаз» компаниясының жаңа мекемесі «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мұнайшылары. Мекемедегі кәсіподақ ұйымының төрағасы Оразбай Тұрсынбайдың айтуынша, "қала халқымен біріге ұйымдастырылған бұл садақа - қиын-қыстау сәттерде халықтың де бірге болуын меңзеп жайылған дастархан".
Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған Шабдал Өткеловтің анасы Зәуреш Өткелова Жаңаөзен құрбандарының асына келді. Маңғыстау облысы, Теңге зираты (Жаңаөзеннен 12 километр), 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы бойынша сотталған Шабдал Өткеловтің анасы Зәуреш Өткелова Жаңаөзен құрбандарының асына келді. Маңғыстау облысы, Теңге зираты (Жаңаөзеннен 12 километр), 9 желтоқсан 2012 жыл.


- Қаза болғандарды "ереуілде тұрды, тұрмады" деген бөліс болған жоқ. Оқ бейбіт адамдарға да тиді. Жаңаөзеннің барлық адамдары бұл қиындықты көрді. Сондықтан, басымызға қайғы-мұң түскенде бірге болайық деген шақыруымыз, - деді Оразбай Тұрсынбай.

Былтыры желтоқсанда қаза болған Аманбек Тұрғанбаев пен Радик Юсуповтың аналары Раушан Әлібаева мен Рая Юсуповалар садақа кезінде үнсіз егіліп отырды.

Марқұмдардың азалы дастарханына келген Нұрсұлу Отарбаеваның отбасы аман, ереуілге қатысқан ешкімі болмаса да, ол да көз жасын тыя алмады.

- Желтоқсандағы жағдайды өз көзіммен көргендіктен бәрі қаз-қалпында елестеп отыр, - деді ол.

Әңгімеге араласқан зейнеткер Алуаш Оңғарова асқа Ақтаудан арнайы келгенін айтты.
Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асына жиылған аналар. Маңғыстау облысы, Теңге ауылы, 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы құрбандарының асына жиылған аналар. Маңғыстау облысы, Теңге ауылы, 9 желтоқсан 2012 жыл.


- Біздің тілегіміз - балалар азапталып өлсе де, жауыздықпен өлсе де, топырақтары торқа болсын. Мұндай соғыс болмасын деп тілейміз, - деді ол.

Әділ Жұмалыұлы да қаза болғандар отбасына көңіл айту үшін Ақтаудан келіпті.

- Менің тікелей қандастарымнан желтоқсанда қаза болған ешкім жоқ. Бірақ мен оларды ел үшін қаза болғандар деп санаймын. Билік оны мойнына алуға батылдық танытпай отыр. Өлген адам өлді, енді түрмедегілерге үкімет амнистия жасауы керек, - деді ол.

«АЛАҢҒА ЖИНАЛУҒА ДАЙЫН ЕМЕСПІЗ»

Мұнайшылар Жаңаөзен қаласының алаңында оқиға кезінде қаза тапқан марқұмдарды еске алу шарасын өткізбейтіндерін айтты. Олардың ойынша, ел алаңдағы жиынға әзір емес.

«Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мекемесі кәсіподағының төрағасы Оразбай Тұрсынбайдың айтуынша, "халық биыл желтоқсанның 16-сы күні алаң жиналып, марқұмдарды еске алуға психологиялық жағынан дайын емес".
«Өзенмұнайгаз» компаниясының жаңа мекемесі - «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мекемесінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Оразбай Тұрсынбай Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келді. Маңғыстау облысы, Теңге әулие зираты, 9 желтоқсан 2012 жыл.

«Өзенмұнайгаз» компаниясының жаңа мекемесі - «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» мекемесінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Оразбай Тұрсынбай Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына берілген асқа келді. Маңғыстау облысы, Теңге әулие зираты, 9 желтоқсан 2012 жыл.


- Жара әлі жазылған жоқ. Адамдар әртүрлі күйге түсуі мүмкін. Сондықтан алаңға жиналуға дайын емеспіз. Ескерткіш орнату дайындықтары жасалып жатыр. Бәлкім, сол кезде болмаса, - деді ол.

Садақаға қатысқан Жаңаөзен қаласы әкімі Серікбай Тұрымов 16-17 желтоқсан күндері Жаңөзен, Теңге, Қызылсайдағы мешіттерде "марқұмдар рухына арнап құран бағышталатынын" ескертті.

- Бұл садақаға азамат ретінде көңіл білдіруге келдім. Ал желтоқсанның 16-сы күнгі митингіге ешқандай рұқсат бергенім жоқ. Ел аман, жұрт тыныш, митингінің қажеттілігін көре алмай тұрмын, - деді ол.

Асқа келген Жаңаөзен әкіміне 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні оқ тиіп қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтің әпкесі Самалхан Қожабекова жесір қалған келінінің бөлек баспанаға зәру екенін айтты.

- Ақпаннан бері келініме пәтер сұрап келемін. Бізге «Үй бөлінуге тиісті емес» дейді. Ал сізге кіре алмаймыз. Ана хатшыңызға айтып қойыңыз, кіргізсін бізді, - деді ол.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтың әпкесі Самалхан Көшерова әкіммен сөйлесіп тұр. Маңғыстау облысы, Теңге зираты (Жаңаөзеннен 12 километр), 9 желтоқсан 2012 жыл.

Жаңаөзен оқиғасы кезінде қаза тапқан Жаңаберген Көшеровтың әпкесі Самалхан Көшерова әкіммен сөйлесіп тұр. Маңғыстау облысы, Теңге зираты (Жаңаөзеннен 12 километр), 9 желтоқсан 2012 жыл.

Серікбай Тұрымов қаралы отбасымен жеке сөйлесуге уәде берді.

Теңгеде өткен садақаға бір топ азаматтық белсенді мен оппозиция өкілдері де қатысты. Олардың арасында «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, "Азат" ЖСДП жетекшілерінің бірі Болат Әбілов, қоғамдық белсенділер Мұхтар Тайжан мен Қасым Аманжолұлы да болды. Олар "Жаңаөзен жұртының қам көңілін бөлісуге келгендерін" айтты.

Мұхтар Тайжанның пайымдауынша, астың Теңгеде өтуі қала тұрғындарына қолайсыздық тудырған.

- Қарапайым халыққа Теңгеге жету оңай болған жоқ. Бізді қала әкімі Тұрымов қабылдап, желтоқсанның 16-сы күні алаңда ешқандай ойын-сауық өткізбеуге уәде берді. Бұдан бөлек түрмеде отырған азаматтардың отбасыларының несиелерін төлеуге көмектесетінін айтты. "Мүгедек болғандарға көмек көрсетіледі" деді. Біз мұның бәрін бақылап отырамыз, - деді ол.

Жаңаөзендегі астан түсірілген шағын видео-репортаж:


2011 жылғы желтоқсандағы Жаңаөзен оқиғасы кезінде, ресми ақпарат бойынша, "64 адам атыс қаруынан жарақат алып, 14 адам қаза болды. Бұдан басқа екі адамның өлімі жаппай тәртіпсіздіктермен байланысты емес. 35 полиция қызметкері түрлі дене жарақаттарын алған". Кейіннен оқиғаға қатысқан 37 адам сотқа тартылды. Олардың 13-іне үштен жеті жылға дейін түрме жазасы кесілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG