Accessibility links

Баласы ауыратындардың үмітін оятқан ем


Қазандық профессор Валида Исанова. Астана, 24 шілде 2015 жыл.
Қазандық профессор Валида Исанова. Астана, 24 шілде 2015 жыл.

Астанада сал ауруын емдеу әдіснамасын таныстырған маманның курсынан соң дәрігерлер мен ата-аналар мұндай ҮЕҰ-лар өткізетін шараларға мемлекеттік қолдау қажет екенін айтты.

Қазандық профессор Валида Исанова сал ауруын емдеудің өзіндік әдіснамасын қазақстандық дәрігерлерге 20-25 шілде аралығында Астанада өткен шеберлік-сыныбында таныстырды. Жолы болып белгілі дәрігерге сырқат балаларын көрсетіп қалған ата-аналар үміттерінің жалғанғанын айтады. Ал мамандар «пайдасы көп мұндай сауапты істі жекелеген қоғамдық ұйымдар емес, денсаулық сақтау министрлігі қолға алуы тиіс» деген ойда.

«ҮМІТІМДІ ЖАЛҒАДЫ»

Астана қаласының тұрғыны Оксананың төрт жасар ұлы Тимур отыра алмайды, аяғын басып тұра да алмайды. Басын ұстауға енді ғана машықтана бастаған. Оксана уақытылы – жүктіліктің 38-аптасында босанғанын, баланың дені бастапқыда сап-сау болғанын айтады. Алайда, Тимурдың денесі екі күннен кейін сарғыштана бастаған соң дәрігерлер дереу гепатитке қарсы екпе жасаған. Төрт айдан кейін невропатолог баланың церебралды сал ауруына (ДЦП) шалдыққанын болжаған. Ал жеті айлығында диагнозды нақтылап берген. Содан бері Оксана баласына ем іздеп әлек. Жыл сайын бір мезгіл квота алып, перзентімен Астанадағы Республикалық балаларды сауықтыру орталығында жатып жүр. Арасында Ресейдегі қытайлық емдеу орталығына барып келген. Одан әрі Еуропаға шығуға шамасы жетпеген. Демеушілердің көмегімен баласын емдетіп жүрген ананың ендігі үміті – «Қасиетті жол» қоғамдық қоры ұйымдастырған арнайы семинарға қатысқан дәрігерлерде.

Сал ауруына қатысты шеберлік сыныбы.Aстана. 24 шілде, 2015 жыл.
Сал ауруына қатысты шеберлік сыныбы.Aстана. 24 шілде, 2015 жыл.

- Тимур бәрін түсінеді, бірақ, сөйлей алмайтын. Семинар өткізуге келген Валида Исанова оны қарап шықты. Екі сағаттық жаттығудан кейін Тимур «п», «б» деген әріптерді айта бастады. Көрсеткен кейбір қимылдарды өздігінен қайталап берді. Соны көріп үмітім жалғанғандай қатты қуандым, – дейді Оксана.

«Қасиетті жол» қорының шақыруымен және «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясының демеуімен Астанаға бір апталық семинар өткізуге келген профессор Валида Исанова қор орталығында 8 баланы қарап, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе бөлісті. Балаларын емге алып кірген ата-аналар маманның қозғалыссыз қалған баласына қимыл жасатқанын, қатты ақсап басатын баласының жүрісін аздап түзеткенін қуана айтып жатты. Астанадағы 2-ші балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Жандулла Накиповтың сөзінше, профессор Исанова бір балаға аутизм диагнозы қате қойылғанын анықтаған.

«САУ БАЛАНЫ ЕМДЕУДІ ОҚЫП КЕЛДІК»

Азаттыққа сұхбат берген Валида Исанова 1940 жылдары АҚШ дәрігері Герман Кабот ойлап тапқан сал ауруын емдеудегі жаттығуларын зерттеп, соны негізге алып, дамытып, қолданып жүргенін айтты. Оның сөзінше, сал ауруын емдеудегі әлемдік ғылыми жетістіктерді пайдалану ісін Ресей енді қолға алып жатыр.

Тоғыз жылдан бері неврология салсында қызмет етіп жүрген дәрігер Айнұр Нұрғожаева Валида Исанова көрсеткен «қарапайым жаттығулар» өздері үшін тосын жаңалық болғанын айтады. Оның сөзінше, сал ауруын емдеуді Қазақстан 2007 жылы Республикалық балаларды сауықтыру орталығы ашылғаннан кейін ғана жетілдіре бастаған. Ал оған дейін жоғарғы оқу орындарында медицина студенттеріне «сау баланы емдеуді» ғана үйреткен.

- Ауру балаға қолмен қалай болса солай қимыл жасатуға болады. Бірақ оны ақылмен және мида есте қалатындай жасатудың амалын көрдік. Бір қимыл арқылы неврология, ортопедия, нейрофизиология, кинезотерапия, кондуктивті терапияны жетілдіруге болатынын түсіндік. Қимылды аяқтауға емес, қимыл жасауға көмектесетін аппараттың маңызын білдік. Неврология өте қиын сала. Бізде маман аз. Сондықтан, осы шеберлік сынып біз үшін өте пайдалы болды, – дейді Айнұр Нұрғожаева.

2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейінгі есеп бойынша, Қазақстанда 13 238 бала церебралды сал ауруына шалдыққан науқас ретінде ресми есепке алынған.

Атыраудан осы семинарға арнайы келген психолог Жақсылық Жұмағалиев дәл осындай біліктілікті арттыратын дәрістерді жер-жерде өткізуді енді министрлік қолға алса деп тілейді.

- Мен үшін семинардың пайдасы көп болды. Көп мәселеге көзім ашылды. Айтайын дегенім, осындай шараларды неге Денсаулық сақтау министрлігі бас болып, жергілікті жерлерде өткізбейді? Аймақтағы адамдардың бәрі Астанаға жете алмайды. Жеткен күннің өзінде қоғамдық ұйымның бәрі мұндай сауапты шара өткізіп жатқан жоқ. Оның үстіне жеке қорлардың көп баланы емедеудегі мүмкіндігі шектеулі, - дейді ол.

Қазақстан бойынша сал ауруына шалдыққан балалар үшін Алматы қаласында 75 орындық «Балбұлақ» және Астанада 300 орындық Республикалық балаларды сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек облыстарда арнайы орталықтар да бар. Бірақ, аймақтарда емдеу мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан ауру балаларды жолдамамен Астана немесе Алматыға жібереді. Ал жолдама алу үшін ата-аналар айлап кезек күтеді.

Кезек күту «Қасиетті жол» қорында да бар. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының демеушілігімен ашылған бұл қордың Астанадағы орталығында тек жағдайы нашар отбасылардың балалары ем қабылдайды. Ем алу мерзімі – 21 күн. Орталық бір мезетте 20 адамды ғана қабылдай алады. Қор төрайымы Гүлмира Әлімованың сөзінше, қазір осы орталықта емделуге қаладан 40, ауылдан 80 адам кезекте тұр.

2015 жылғы қаңтардың 1-іне дейінгі есеп бойынша, Қазақстанда 13 238 бала церебралды сал ауруына шалдыққан науқас ретінде ресми есепке алынған.

XS
SM
MD
LG