Accessibility links

Ширек ғасыр бұрын, 1988 жылдың қыркүйегінде Алматыдағы Фурманов көшесі мен Октябрьдің 50 жылдығы атындағы даңғылы қиылысқан тұстың топырағы қазылып, метроның алғашқы станциясының құрылысы басталды.

Алғашқы поезд жүргенше 25 жылдай уақыт өтерін ол кезде ешкім білген жоқ.

МЕТРОНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ МЕН КЕМШІЛІГІ

Алматыдағы 54-балабақшада тәрбиеші болып істейтін Дүрия Айжанова көбінесе метромен жүреді. Қаланың төменгі жағында тұратын ол жұмысқа 12 минутта жетеді.

– Өте ыңғайлы. Ешқандай кептеліс жоқ. Басында қорқақтап едім, қазір үйреніп алдым. Балаларым да метромен жүреді. Бірақ метро оқу мекемесіне дейін жетпейтіндіктен, басқа көлікке ауысып отырады. Көп ұзамай станция көбейіп, жұрт көліктің осы түрін ғана пайдаланатын болады деп үміттенемін, – дейді Дүрия Айжанова.

Алматы метросындағы жетонға кезек. 12 желтоқсан 2011 жыл.

Алматы метросындағы жетонға кезек. 12 желтоқсан 2011 жыл.

Халықаралық бизнес академиясында сырттай оқитын Эльвира Қондыбаева метромен бір мәрте ғана жүріпті. Оның айтуынша, автобус, троллейбуспен жүруге үйренген.

– Алғаш рет метроны қызықтап жүріп көрдім. Метро таңғы сағат алты жарымнан түнгі он бірге дейін істейді. Жолақысы – 80 теңге. Өте шапшаң әрі ыңғайлы транспорт. Бірақ станциясы аз болғандықтан, діттеген жеріңе жете алмайсың. Алматы үлкен қала ғой, метромен жиі жүрмеймін, – дейді Эльвира Қондыбаева.

«Таныстарымның арасында да метромен жүретіндері аз. Метроға мініп көрмеген достарым да бар» дейді ол.

КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Алматыдағы метро құрылысы елдегі қиын-қыстау заманға байланысты ұзаққа созылып кетті. Құрылысы 1988 жылы басталған метрополитен санаулы жылдар ішінде бітеді деп жоспарланды. Бірақ 1991 жылы СССР күйреп, метро құрылысын жалғастыру мүмкін болмай қалды. Там-тұмдап бөлінген қаржыға қарамастан, жер астында өткелдер мен эскалатор станцияларын қазу жұмыстары жалғасып, ең бастысы білікті инженерлер мен жұмысшылар сақталып қалды.

Байзақ Асылбеков, Алматы метросының баспасөз хатшысы.

Байзақ Асылбеков, Алматы метросының баспасөз хатшысы.

– Қазір алматылықтардың да, қала қонақтарының да метроға деген ықыласы артып келеді. Әлем метрополитендері қауымдастығының Израильде өткен форумында Алматы метрополитені «Алтын күйме» сыйлығын алып, халықаралық деңгейде танылды. Біздің метрополитен Лондонда ESOR сапа белгісімен де марапатталды. Thecoolist басылымы біздің метроны әлемдегі ең әдемі он метроның тізіміне енгізді, – дейді «Метрополитен» мекемесінің баспасөз хатшысы Байзақ Асылбеков.

Биыл шілдеде метро жетонының 10 миллионыншы иесі анықталды. Қала әкімі Ахметжан Есімов метроның он миллионыншы жолаушысы – алматылық Майгүл Әбдікімоваға плазмалық теледидар мен метрода бір жыл бойы тегін жүру сертификатын тапсырды.

Қаланың батыс және солтүстігін қамтитын соңғы бағыттарды қосу биылға жоспарланған. Метрополитеннің алғашқы желісінің екінші кезегінің құрылысы «Алатау» станциясынан Қалқаман кентіне қарай жалғасып жатыр. Ол учаскеге «Сайран», «Мәскеу», «Саин», «Момышұлы» және «Қалқаман» деген бес станция кіреді.

Қазір Қазақстандағы тұңғыш метроның жеті станциясы («Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай, «Байқоңыр», «Әуезов атындағы театр» және «Алатау») жұмыс істейді.

ВИДЕО: Алматы метросының алғашқы жолаушылары
  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG