Accessibility links

Шумахердің халі әлі мүшкіл


Михаэль Шумахер шаңғы теуіп жүр. Көрнекі сурет

Михаэль Шумахер шаңғы теуіп жүр. Көрнекі сурет

Шаңғы теуіп жүріп басын жарақаттап алған әйгілі авто-спортшы Михаэль Шумахер күрделі операциядан соң әлі есін жиған жоқ.

"Формула-1" автожарысының бірнеше дүркін чемпионы Михаэль Шумахер желтоқсанның 29-ы күні Францияның Гренобль қаласында шаңғы теуіп жүргенде құлап, бас сүйегін зақымдап алған. Шумахерге шұғыл операция жасалды.

"Шумахер Гренобль ауруханасына жексенбі күні таңертең шаңғыдан құлағаннан кейін жергілікті уақытпен сағат 12:40-та түскен. Ол есінен танып қалып, бас-сүйегі зақымданған. Оның ахуалы сол күйінше мүшкіл" деп хабарлады аурухана өкілі Жан-Марк Гренье журналистерге.

Жексенбі күні таңертең Шумахер Альпі тауының Франция бөлігіндегі Мерибель шаңғы курортының трассаларының бірімен төмен сырғанап келе жатқан кезде құлаған. Ол басымен тасқа соғылып, бас сүйегін қатты зақымдап алған. Құтқарушылар оған сегіз минут өткен соң жеткен. Спортшы әуелі есін білгенімен, көп ұзамай есінен танып қалған.

Курорт әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, төтенше оқиға болған кезде әйгілі спортшының 14 жастағы ұлы жанында болған. Спортшының менеджері Шумахердің шлем киіп шаңғы тепкенін айтады.

Ауруханада жатқан спортшыны әйелі мен екі баласы, халықаралық көлік федерациясының президенті Жан Тодт күзетіп отыр.

Михаэль Шумахер бұған дейін 2009 жылы Испанияда мотоцикл авариясына ұшырап, мойны мен белін жарақаттаған еді. Ол 2006 жылы спорттан кетіп, 2010 жылы қайта оралып, "Мерседес" командасы үшін бірнеше рет жарысқа қатысты. 2012 жылдың аяғында екінші рет отставкаға кетті.

Шумахер "Формула-1" жарысының ең табысты спортшысы ретінде саналады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG