Accessibility links

Алматыда заңсыз мигранттар көбейді


Алматы базарында сауда жасап тұрған тәжік мигранты, Алматы, 12 сәуір 2008

Алматы базарында сауда жасап тұрған тәжік мигранты, Алматы, 12 сәуір 2008

Алматыда 4 күнге созылған «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында Алматы қалалық көші-қон полициясы Қазақстан заңын бұзған көптеген шет ел азаматтарының әкімшілік жауапқа тартылғандығын хабарлады.

Қазақстанға заңсыз өткен мигранттардың басым бөлігін жұмысшылар құрайды. Олар негізінен ауыл шаруашылық пен құрылыс саласында еңбек етеді. Құрылыс саласының маманы Болат Айболов Қазақстанға жыл сайын заңсыз түрде келетін мигранттар ел экономикасына қомақты пайда келтіріп отыр деп есептейді.
- Бізде жергілікті қазақтар 50-70 мыңға жұмыс істейтін болса, сырттан келген өзбек-қырғыздар 25 мыңға жұмыс істей береді. Мұндай арзан ақшаға істеу қазақстандықтар үшін қолайсыз. Өйткені, қазір бәрі қымбат, оны жеткізе алмайды. Ал олар болса, 10-15-20 адамнан бірігеді де бригада боп жұмыс істей береді. Істегенде де жақсы әрі тез істейді. Арзанға істегеннен кейін оларды жеке адамдар көп пайдаланады.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өткізген «Мигрант» атты жедел алдын алу шарасы нәтижесінде 1357 шетел азаматы жауапкершілікке тартылыпты. Олар негізінен Түркия, Пәкістан, Ауғанстан, Иран, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары көрінеді. Бұл туралы сәрсенбі күні «Азаттық» тілшісіне Алматы қалалық көші-қон басқармасының бастығы Марат Мақсұтұлы Кезембаев хабарлады:
- Жауапқа тартылғандардың 212-сі алыс шетелдерден, қалғандары ТМД-дан келген. Бір күн ішінде жүргізген тексеру нәтижесінде мысалы «Көктем» ықшам ауданында рұқсатсыз жұмыс істегені үшін 5 қытай азаматы ұсталды. Олар сот шешімімен шеттетілді. Нигерияның 2 азаматы ұсталды. Олар өз уақытында Қазақстаннан шығып кетпеген. Сөйтіп қайтіп шығарын білмей тығылып жүрген. Олар да сот шешімімен елден кетірілді.
Соңғы уақытта елдегі экономикалық дағдарысқа байланысты құрылыс жұмыстарының баяулап, көптеген нысандар тоқтап қалды. Мұндай ахуал заңсыз жолмен Қазақстанға келген мигранттарға да өз ықпалын тигізіпті. Алматы қалалық көші-қон полиция басқармасының бастығы Марат Кезембаевтың айтуынша, елдегі экономикалық дағдарысқа байланысты мигранттардың жұмыссыз, нәпақасыз қалуы қылмыстың өршуіне, жемқорлықтың етек жаюына, көлеңкелі бизнес түрлерінің көбеюіне әсер етіп отыр.
- Бұрындары мигранттардың басым бөлігі құрылыста істейтін. Сол құрылыс нысандарында істеген азаматтардың жартысы қазір жұмыссыз жүр. Енді өз-өздерін асырау керек қой, жұмыс табылмағаннан кейін қылмысқа барады. Бізде былтыр алты айдың ішінде 47 қылмыс болса, биыл бұл көрсеткіш 77-ге жетті.
Халықаралық миграция ұйымының қызметкері Айна Шорманбаева Қазақстанда заңсыз мигранттардың көбеюіне көші-қонға байланысты заңнамалық құжаттардың жол ашып беріп отырғандығын айтады:
- Мысалы, бізге шетел азаматтары тек маусымдық жұмыс істеу үшін ғана келсе онда оған жұмыс берушінің еңбек және әлеуметтік қорғау министрілігінен рұқсат алуы керек. Мұндай рұқсатты министрлік барлығына бере бермейді. Квота мөлшерінің аздығы мигранттардың заңсыз келуіне жағдай жасайды, - дейді сұхбаттасымыз.
ҚР-сының Ішкі істер министрілігінің дерегі бойынша, жыл басынан бері 33 мыңға жуық шетел азаматтары әкімшілік жауапқа тартылыпты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG