Accessibility links

Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам көшіп кеткен


Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы мигранттар. 23 наурыз 2012 жыл.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы мигранттар. 23 наурыз 2012 жыл.

«Халықаралық мигранттардың арасында мұсылмандарға қарағанда христиандар көп» дейді америкалық Pew («Пью») ұйымының зерттеу қорытындысы. Қазақстан – мигранттарды көп қабылдайтын ғана емес, шетелге аса көп мигрант жіберетін мемлекеттің де бірі.


Филадельфияда орналасқан дін және қоғамдық өмір мәселелері жөніндегі америкалық Pew зерттеу орталығы халықаралық мигранттардың қай дін өкілдері екенін анықтау мақсатында өткізген «Дін және миграция» зерттеуінің қорытындысын наурызда жариялады.

ҚАЗАҚСТАН: МИГРАЦИЯ ЖӘНЕ ДІН

Зерттеу мәліметтері бойынша, Қазақстаннан шетелге кеткен мигранттар саны - 4 миллион 150 мың адам. Бұл - әлемдегі 11-орын. Зерттеуде Қазақстаннан қоныс аударған адамдардың жиынтық саны жарияланған. 4 миллион 150 мың деген - 2010 жылға дейін Қазақстаннан көшіп кеткен адам. Олардың 2 миллион 130 мыңы (51 пайызы) - мұсылман, 560 мыңы (14 пайызы) - христиан және бір пайызға жетер-жетпесі (10 мыңға жуығы) - иудейлер.

Зерттеуге сәйкес, қазақстандық мигранттардың 89 пайызы Еуропаға көшіп барған. Олар - 3 миллион 710 мың адам. 350 мың адам (сегіз пайыз) Азия-Тынық мұхиты аймағына қоныс аударыпты. АҚШ-қа - 30 мың (бір пайыздан кем), Таяу Шығыс елдеріне 30 мың мигрант көшіп кеткен.

Осы деректі нақтылап айтқанда, Ресейде 2 миллион 650 мың, Германияда - 700 мың, Украинада - 250 мың, Беларусьте - 70 мың, Қырғызстанда - 50 мың, Түркияда, Польшада және Латвияда - 10 мыңға таяу, Канадада - 10 мың қазақстандық тұрып жатыр.
Қазақстанға өтіп жатқан мигранттар. Қазақстан-Қырғызстан шекарасы, 23 наурыз 2012 жыл.

Қазақстанға өтіп жатқан мигранттар. Қазақстан-Қырғызстан шекарасы, 23 наурыз 2012 жыл.


Қазақстанға басқа елдерден көшіп барып жатқан адамдар да көп. Қазақстан мигрант қабылдап жатқан елдердің арасында 15-орынды иемденіпті.

Қазақстанға келген мигрант саны — 3 миллион 80 мың: олардың 2 миллион 650 мыңы (86 пайызы) - Еуропа мен бұрынғы Совет Одағы елдерінен, 430 мыңы (14 пайызы) - Азиядан келген .

Қазақстандағы христиан мигранттар - барлық мигранттар санының 70 пайызы. Олардан кейін мұсылман мигранттар тұр (15 пайыз). Зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы 2 миллион 120 мың мигрант - Ресейден, 260 мың - Украинадан, 180 мың - Өзбекстаннан, 170 мың - Германиядан, 100 мың - Қытайдан, 50 мың - Беларусьтен, 40 мыңнан - Түркиядан және Әзербайжаннан, 20 мың - Польшадан, 10 мың адам Тәжікстаннан келген.

Pew орталығының зерттеу әдісіне сәйкес, бұл сандар әр жыл бойынша емес, 2010 жылға дейінгі әлемдегі көші-қон процесін тұтас қамтып көрсетеді. Зерттеуде мигранттар көп келетін және мигранттар көп шығатын елдер қамтылған. Кейбір елдердің миграциялық мәліметтері жоқ болғандықтан зерттеуге енбеген.

ӘЛЕМДІК ҮРДІСТЕР

Pew орталығының зерттеу нәтижелері әлем халқының үш пайызға жуығы мигранттар екенін көрсетті. Жалпы саны - 214 миллион адам. Осы адамдардың барлығы бір елде тұрған болса, бұл ел әлем бойынша Индонезия мен Бразилияның қатарында халқы ең тығыз орналасқан бесінші елге айналар еді.

Зерттеуге сәйкес, халықаралық мигранттардың жартысына жуығы - христиандар (106 миллион). Бұл - әлемдегі барлық мигранттардың 49 пайызы. Мұсылмандар екінші орында - 60 миллионға жуық адам (27 пайыз). Индуистер үшінші орында - 11 миллион (бес пайыз). Ал буддистер - үш пайыз (7 миллион адам).

«Халықаралық мигранттар арасында мұсылмандарға қарағанда христиандар анағұрлым көп. Мұндағы мұсылмандарға негізінен Еуропа одағындағы мигранттар кіреді. Яғни иммиграция туралы пікірталастар әдетте сырттан келген мұсылмандар туралы болады» деп жазады Reuters агенттігі.

Зерттеуде мигранттардың қай дінді ұстанатыны бүкіл әлем халқының діни құрамынан біршама хабар беретіні де айтылған. Христиан және ислам - әлемдік діндер. Яғни христиандар мен мұсылмандар - мигранттардың екі негізгі тобы.

МИГРАНТТАР БАҒЫТЫ

Мигранттар ең көп шығатын аймақ – Азия-Тынық мұхиты аймағы. Екінші орында Еуропа. Еуропа одағы азаматтары осы одақ ішінде бір елден екінші елге көшіп отырады. Ал әлем бойынша ең көп адам көшіп кететін елдер - Мексика, Үндістан және Ресей. Бұл үш елдің әрқайсысынан 10 миллионнан астам адам көшіпті. Халқының саны бойынша әлемде бірінші орын алатын Қытайдан сегіз миллионнан астам адам көшкен екен. Бангладеш пен Украинаның әрқайсысынан алты миллион адам кеткен.

Мигранттарды қабылдайтын негізгі аймақтар - Солтүстік Америка, Еуропа, Австралия және Парсы шығанағы елдері. 2010 жылғы санақ бойынша, барлық халықаралық мигранттардың үштен бірі Еуропада, төрттен бірі Америкада тұрады. Мигранттардың бестен бір бөлігіне жуығы Азия-Тынық мұхиты аймағына, Үндістан, Австралия, Пәкістан, Гонконг, Малайзия және Қазақстан сияқты елдерге көшіп келіпті.

Христиан мигранттарды жөнелтіп отырған негізгі ел - Мексика, ол жерден 12 миллионнан астам адам көшіп кеткен. Христиан мигранттар көшіп кететін басқа елдер - Ресей (8 миллионнан астам адам), Украина (5 миллионға жуық адам), Ұлыбритания және Филиппин.
Еуропаға келген мұсылман мигранттар. Греция, 9 наурыз 2011 жыл.

Еуропаға келген мұсылман мигранттар. Греция, 9 наурыз 2011 жыл.


Мұсылман мигранттардың негізгі бөлігі Палестинадан (5 миллионнан астам), одан соң Пәкістан, Бангладеш пен Үндістаннан (әр елден 3 миллионнан астам адам) көшеді.

Сауд Арабиясы - таяу жатқан араб елдерінен, Үндістаннан, Индонезия мен Филиппиннен шыққан жұмысшы мұсылмандар баратын негізгі ел.

Иудейлер көшіп кетіп жатқан негізгі мемлекет - Ресей (700 мыңнан астам адам) және Украина (290 мың адам).

Әлемде ең көп мигрант қабылдайтын ел - АҚШ. АҚШ-қа негізінен христиан мигранттар көшеді, бұл ел - мигранттардың ең көп көшіп баратын жері.

Еуропа елдері де әртүрлі дінге сенген аса көп мигранттарды қабылдап алған.

Ресейде 4 миллионға жуық мұсылман мигрант бар, олар - негізінен бұрынғы советтік республикалардан келген адамдар.

Германияда және Францияда аға буын өкілдері, яғни осы елдерден тыс дүниеге келген 3 миллионнан астам мұсылман бар.

Зерттеуде Еуропа одағында христиан мигранттар мұсылман мигранттарға қарағанда анағұрлым көп екені де айтылған. Еуропа одағына мүше 27 мемлекетте 26 миллион христиан мигрант, 13 миллионға жуық мұсылман мигрант тұрып жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG