Accessibility links

Алматы түбіндегі әскери техникаға қатысты түсініктеме берілді


Алматы түбіне әкелінген әскери техника. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл. YouTube желісіндегі видеодан алынған скриншот.

Алматы түбіне әкелінген әскери техника. Алматы, 12 ақпан 2014 жыл. YouTube желісіндегі видеодан алынған скриншот.

Ақпанның 12-сі күні интернетте Алматы түбінде тұрған ондаған әскери техниканың видеолары шықты. Интернет қолданушылар әскери көліктерді Алматы қаласынан көргенін жазды.

Әлеуметтік желіде 500-ге жуық мәрте қайта жарияланған екі видеоны көрген қарапайым тұрғындар әртүрлі пікірлер айтып, әскери техниканың не үшін әкелінгені туралы болжамдарын сан-саққа жүгіртті.

Өйткені, видеолардың сипаттамасында "билік халық қарсылық акциясына шыға қалған жағдайда осы әскери техниканы пайдаланады" деген мағынадағы сөздер жазылған.

Қысқа ғана бұл видеолардың қашан, қайда түсірілгенін түсінбеген, әрі әскери техниканың Алматы түбіне не үшін әкелінгені туралы ақпарат таба алмаған интернет қолданушылардың кейбірі "елде қандай да оқиға бола қалған жағдайда осы әскери техниканы пайдаланады" деген болжамдарын көбейтті.

Пікір жариялаған интернет қолданушылардың көбі мұны девальвациядан кейінгі қоғамдағы наразылықпен байланыстырған. Ал екінші видеоны түсіріп отырған азамат "соғыс басталды" деген сөз айтады.

"БҰЛ - ТЕХНИКАНЫҢ ЖОСПАРЛЫ ТЕКСЕРІСІ"

Азаттық тілшісі "белгісіз әскери техника" туралы Қазақстанның қорғаныс министрлігіне қарасты аэроұтқыр әскері басшылығына хабарласты.

Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқықтық жөніндегі орынбасары Қанатбек Белдібеков әскери техниканың Алматы қаласынан өткенін растады. Бұл техникалар ақпанның 12-сі күні қаланың жұрт "Пятилетка" атап кеткен аумағында, жол бойында тұрған.

Белдібековтың айтуынша, ақпанның 12-сі күнінен бастап қорғаныс министрлігінің бас инспекциясы аэроұтқыр әскері техникаларының жарамдылығын тексеріп жатыр.

- Жоспарға сәйкес, олардың жарамдылығын тексеру үшін техника 50 шақырым жүруі тиіс. Олар Алматыдан шығып, сап түзеп, оқу орталығына кетті. Бұл - жоспарлы әскери дайындық. Қазір әскери техникалар далада жаттығу жасап жатыр. Бары сол, - дейді ол.

Белдібековтың айтуынша, мұндай тексерістер үш жылда бір өткізіледі. Осыны айтқан ол қала халқын алаңдамауға шақырды.

- Әскери техникалар толық тексерістен өткен соң қайтадан техника сақталатын паркке қойылады. Тексерудің ережесі сондай ғой. Бұйрықтармен бекітілген, - дейді ол.

Қазақстанның жергілікті ақпарат құралдары техниканың 61993 әскери бөліміне тиесілі екенін жазып жатыр. Бұл әскери бөлім Алматы шетінде орналасқан.

ҮШ ГЕНЕРАЛДЫҢ ЕКІ ТҮРЛІ ПІКІРІ

Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бұрынғы басшысы, генерал-майор Әмірбек Тоғысовтың пікірінше, теңге девальвацияға ұшырап, жұрт наразы болып жатқан кезде Алматы маңына әскери техника келгені кездейсоқтық емес.
2001 жылы қабылданған әскери доктрина қарулы күштерге полицияның да міндетін жүктеген.

- Халықтың көбіне (80 пайызға жуығына) девальвация ауыр тиді. Әзірше қисынды уәж естіген жоқпыз. Сондықтан қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау жолында осындай шара қолданған болар. Бұған таңырқап керегі де жоқ. 2001 жылы қабылданған әскери доктрина қарулы күштерге полицияның да міндетін жүктеген, - деді Әмірбек Тоғысов Азаттыққа.

Кеден қызметінің генерал-майоры, кеден комитетінің бұрынғы бастығы, президентшіл Қазақстан патриоттар партиясының жетекшісі Ғани Қасымов тәртіп орнату үшін әскерді шақыруы мүмкін деген пікірді қостамайды. Ол Tengrinews агентігі таратқан, "қорғаныс министрлігі әскери техниканы далада тексермек" деген хабарды меңзеп:

- Қорғаныс министрлігін тексерейік, - дейді.

Оның пікірін ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Болат Баекенов те қостайды.

- Егер үкімет қауіп төніп тұр десе, қалаға керек болса қарулы күзет те қояр еді. Маңызды мемлекеттік нысандарды қарулы ішкі әскер күзетіп тұрар еді. Жаңа ғана қаланы аралап шықтым. Ондай ештеңе жоқ, - дейді ол.

Осы аптада теңгенің бірден 19 пайыздық девальвацияға ұшырауы азаматтық белсенділікті арттырып, Алматыда қарсылық акциялары өтіп, әлеуметтік желілерде оппозициялық ұрандар айтыла бастады. Билік азық-түлік бағасы қымбаттамайтынын айтты. Ұлттық банк ақша айырбастау орындарының шетел валютасын қымбаттатуына жол бермейтінін ескертті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG