Accessibility links

Запастағы офицерлер баспанаға наразылық шараларының арқасында қол жеткіздік дейді


Бас әскери прокуратура ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы, 9 ақпан,2009 жыл.

Бас әскери прокуратура ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы, 9 ақпан,2009 жыл.

Ақпанның 9-ы күні Бас әскери прокуратура қызметтен босатылған әскерилерге баспана берумен шұғылданатын Қорғаныс министрлігіндегі бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны турасында хабарлады. Бас әскери прокуратура тергеу амалдарының жүріп жатқанын алға тартып, ол жайында толығырақ айтудан бас тартты.

ҚР-сының Бас әскери прокуратурасының арнайы өкілі Болат Тазабековтың айтуынша, заң бойынша 20 жылдық еңбек өтілімі бар, жұмыстан босатылған әскери қызметкерге міндетті түрде баспана берілуі тиіс. Алайда іс жүзінде әскери қызметкерлерді үй берместен қызметтен босату сияқты заң бұзушылықтар туралы деректер бар,– деді ол дүйсенбі күні журналистермен болған брифингте.

- Қызметтен шығарылған әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету шараларын ұзақ уақыт бойы қолданбаған және сот шешімдерін орындамаған лауазымдық тұлғаларға қатысты осы жылдың қаңтар айында қылмыстық іс қозғалды және тергеу ісі жүруде. Лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне құқықтық баға және олардың жауапкершілік өлшемі алдын-ала тергеу барысында анықталады.
Бас әскери прокуратура өкілі Б. Тазабеков( сол жақтан екінші) хабарламамен таныстырды.Алматы, 9 ақпан, 2009 жыл.


Бас әскери прокуратура өкілдерінің айтуынша, жауапсыздық салдарынан осы күнге дейін елде 60-тан астам орындалмаған сот шешімі жинақталып қалған. Ендігі кезекте бұл мәселе бірінші орында болады деді олар.

- Қорғаныс министрлігі прокуратура органдарының дәйекті ұстанымы нәтижесінде былтырғы жылдың желтоқсанында Алматы, Қарағанды және Қапшағай қалаларында 107 пәтер сатып алынған болатын. Қазіргі таңда қызметтен шығарылған әскери қызметшілерге пәтер беру туралы сот шешімдері толығымен Қарағанды және Қапшағай қалаларында қанағаттандырылды,–деді Болат Тазабеков.

Әскери прокуратура өкілдерінің айтуынша, Алматы қаласындағы әскери қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету үшін 29 пәтер сатып алынды. Оның 25-і қолында сот шешімі бар әскери қызметтен кеткен азаматтарға беріліпті. Ал 4-еуі - әскери қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан азаматтардың жесірлеріне берілген екен.

Әскери прокуратура айтқан, пәтерге ие болған азаматтардың арасында баспанасыз офицерлер қоғамдық ұйымының мүшелері де бар.Алайда, олар бұған ерекше күш салып, үздіксіз талап ету арқасында ғана жеткендіктерін айтады.

- Жұма күні азаннан қара кешке дейін аудандық пайдалану бөлімшесінің алдын күзетіп, «кілтімізді қолымызға беріңіздер» деп талап еттік. Әйтпесе, олар кейінге шегере беретін болды. Неге десеңіз, олардың өздерінің басқаша жоспарлары болды. Өздерінің адамдарын тыққыштап соларға бермекші болды. Бірақ бізге құжаттарын әлі берген жоқ. Ол үшін біз екі мәрте прокуратураға да бардық. Өзіміздің талабымызды айттық. Біз құжаттарымыздың қалай болатынын білмейміз. Бүгіннен бастап соған кірісейік деп жатырмыз. 4 офицерге пәтер жетпей қалды,–дейді әскери қызметке 25 жылын арнаған Бектұр Ерекпаев.

Ол Қорғаныс министрлігіне рахмет айта алмайтынын айтады. Себебі, көп жылғы бейнетінің зейнетін көрер тұста, өзіне тиесілі пәтерді құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып жүріп, наразылық шараларының арқасында ғана алғанын айтады. Бас әскери прокуратураның хабарламасын оқыған ол:

- Біздің білуімізше бұл үйлердің бағалары өте жоғары бағамен сатып алынды. Олар соншалықты неге қымбат сатып алынды? Ол кімнің қалтасына кетті? Сол тергеліп жатқан шығар. Қапшағайдың өзінен 1 бөлмелі пәтер 55 мың долларға сатып алынған. Ондай бағаны кім, қайдан қойып отыр? Белгісіз. Бізге бөлінген ақшаға негізі 29 емес, 30-40 пәтер сатып алуға болатын еді.

Бас әскери прокуратура болса, тұрғын үй мәселесінің әскери қызметкерлер үшін әлі де өзекті мәселе ретінде қала беретінін айтып отыр. Өйткені, көптеген әскери адамдар жатақханаларда немесе пәтер жалдап тұруға мәжбүр болып отыр дейді.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 7 мыңнан астам әскери қызметкер тұрғын үйге кезекте тұр.

Баспанасыз офицерлердің наразылық шараларының тарихына қысқаша тоқтала кетсек:

2008 жылғы тамыз айының соңында запастағы баспанасыз офицерлер «Тұрғылықты мекені жоқ әскери қызметкерлер одағы» қоғамдық қозғалысын құрған болатын. Оның жетекшісі болып запастағы подполковник Дәулет Жұмабеков тағайындалған-ды. Содан бергі өткен уақыт ішінде қозғалыстың белсенділері әскери қызметтен запасқа шыққан офицерлерге баспана бөлу жөніндегі соттың шығарған шешімдерін орындамай отырған қорғаныс министрі Даниал Ахметов пен елдегі коррупцияға қарсы бағытталған бірқатар наразылық акцияларын өткізді.

Өз проблемаларына қоғамның назарын аудару мақсатында Дәулет Жұмабеков тіпті биіктігі 50 метрлік жүк көтергіш кранның басына шығып алып, сот шешімдерінің орындалуын талап етті. Тек содан кейін оны әскери прокурор мен Қорғаныс министрінің екі орынбасары қабылдады.

«Рұқсат етілмеген наразылық акциясын» өткізгені үшін бір рет сотқа тартылған Дәулет Жұмабековке судья сырттай шешім шығарып, әкімшілік ескерту жасады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG